Осы жексенбі алматылықтардың есінде Қазақстан Президентінің тосын шешімімен қалатыны рас. Еліміздегі ірі мегаполисті жеті жылдан астам уақыт басқарып келген Есімов мызраның орнына жап-жас, үнемшіл саясаткер – Бауыржан Байбек келді. Елбасынан мұндай шешімді ешкім күтпесе керек-ті. Енді қаланың екінші тынысы ашылар деген үмітті көмескі күдік басып әлек.
Осы күнге дейін білетініміздей, Бауыржан Қыдырғалиұлы үнемшіл саясаткер. Тіпті, Байбек мырзаның үнемшілдік туралы сөздері журналистердің келемежіне айналып кеткені де жасырын емес.
Партия тізгінін ұстап үйренген 41 жасар әкім қала автивімен таныса сала жұмысты бастап кеткенге ұқсайды. Бас партияны 3 жыл басқарған Байбек мырзаны енді қандай Алматы күтіп тұр? «Қамшы» порталы сараптама жасап көрген болатын.
- «Жолсыз» жол. Кептелісі көп Алматының жол мәселелері әлі шешім таппағаны белгілі. Жылына екі-үш мәрте жөнделетін «жолсыз» жолдарды Байбек мырза, бір ретке келтіре аласыз ба?
- Қоқысстан. Қоқыс басқан қаланың былығы мен шылығын алағай да бұлағай шақта Бауыржан Қыдырғалиұлы, қалай шешпексіз?
- Экология. Алматының ластанған ауасы – бүгінде өзіндік бір брендке айналып кеткендей. Бұл туралы білмейтін қазақстандық жоқтың қасы. Тіпті, 2022 ақ олимпиаданы өткізу сеніміне де селкеу түсірген сірә, осы ластанған ауа болса керек-ті.
- Алматы сейсмо-қауіпті аймақ саналатыны белгілі. Алматыда бір аптаның ішінде екі мәрте жер сілкінгені туралы «Қамшы» порталында жазған болатынбыз. Бауыржан мырза бұны да ескере кеткеніңіз жөн болар.
- Сел қауіпі. Алматы жұртын аракідік әуреге салып тұратын сел, лай тасқындары да адами факторлардың салғырттығының көрінісі екені түсінікті. Әсіресе, өткен айдағы Наурызбай ауданында болған лас тасқынынан кейін, жұрттың есі екеу, түсі төртеу күйге түскені әмбеге аян. № 6, Талғар, Шапай су бөгендерінің жөндеу көрмегенінің салдарынан қарапайым жұрттың жапа шегетінін сіз білерсіз, Бауыржан Қыдырғалиұлы! Ендеше енді жұрттың сенері де сіз болып отырсыз.
- Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов мырза Алматы тізгінін ұстаған жылдары жақсы бастамалар қолға алынған-ды. Солардың бірі, әкім мырза; «ендігі жерде қалада салынатын әрбір үйде қазақы нақыш болуы керек» деген еді. Содан кейін-ақ, Алматыда байрақ түсті, қазақы ою-өрнектермен безендірілген зәулім үйлер салына бастаған. Енді осы бастаманы сіз жалғастырасыз ба, Бауыржан Байбек мырза?
Әкім мырзаның бірінші ескеруге тиіс мәселесі – Алматы әлде бір саясаткерлер ойлап жүргендей емес, орысшылдық синдромынан әлдеқашан айыққан. Есімов мырза ескермей кеткен мәселе де осы болса керек-ті. Экс-әкім тіпті журналистермен кездескенде де, шәй ішкенде де, қалалық актив мүшелері кездескенде немесе есеп беру жиындарында да, жұмысында да, үйінде де Ресейдің мемлекеттік тіліне жүгінетін. Десе де, оның аудиториясы – қазақ тілді еді. Ресми деректерге сүйенсек, Алматы тұрғындарының саны – 1,5 миллионнан асып жығылған. Олардың 50,7 пайызы өзге қалалардан келген мигранттар. Демек, Қазақстанның өзге аймақтарынан келгендерді қоса алғанда мегаполисте 2,5 млн астам жан саны тіркеледі. Бұл дегеніңіз Байбек мырза – Алматының экономикалық дамуына, өндірістің қарқындап өсуіне, ішкі тауар және сауда айналымының үдерісті жолға қойылуына - мигранттардың үлесі мол екендігін білдіреді.
Айтпақшы, «Үлкен Алма» шаһарының тізгінін енді ғана ұстаған Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек мырза – Тәуелсіздік күні қалада болып, Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойып, тағзым жасауды да ұмытпағайсыз. Бұны да тәжірбие көрсеткен-тін. Есімов мырза ескермеген егемендік мерекесін енді Байбек мырза ескерер деген үміт.
Экс-әкіміміз бірде, «қаладағы қарды күреудің керегі жоқ. Өзі еріп кетеді» деп қатырған еді. Бұл туралы қазақстандық БАҚ аз жазбаған да. Ендігіде Есімов мырзаның ескі жолымен емес, «Нұр Отанизация» елегінен өтіп келген жаңа әкім – Бауыржан Байбек мырзадан жұрт айтарлықтай жаңашылдықты, өзгерісті күтетіні хақ. Сондықтан, шаруасы шаш етектен созылып жатқан Қазақстандағы ірі мегаполистің дөңгелегін жаһандық дағдарыс кезеңінде Мемлекет басшысының үнемдеу саясатының шеңберінен шықпай игеріп әкету сіздің қабылетіңіз бен қарқыныңызды көрсетері анық.
Нұргелді Әбдіғаниұлы