«Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз. Үдеудің сыры - бірлікте, жүдеудің сыры - алауыздықта. Осыдан 3 ғасыр бұрын Аңырақайда болған ұлы шайқаста ата-бабаларымыз бірліктің құдіреті қандай боларын өзіне де, өзгеге де дәлелдеген. Сын сағатта туған елге деген перзенттік парызды бәрінен биік қоя білген. Сол шайқаста төгілген қан барша қазақтың тамырында бар. Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де бабалардың бостандық жолында төгілген осы қаны деп білемін», - деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан 2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында. Яғни, Елбасы жиі-жиі қайталап айтып жүргендей, Қазақстан халқы ұлт тарихын білу, зерделеу арқылы бірлік пен тұтастығын нығайта түсуі керек. Негізгі ұстанымымыз – осы.
Қазіргі кезде «Қазақстан тарихы қалай жазылуы керек?» деген сауал біздің қоғамда қызу талқылануда. Себебі, қазақ қазақ болғалы тарихымызда «ақтаңдақтар» аз болған жоқ. Мұндай батыл сөздің ең әуелі тұңғыш президентіміздің аузынан шыққанын біреу білсе, біреу білмейді. Тәуелсіздік алғанымызға 1,5-ақ жыл өткенде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Нұрлан Оразалинге берген сұхбатында былай дейді: «Несіне жасырамыз, «ақтаңдақ» кезеңдер тарихымызда аз болған жоқ... Мен он жетінші жылғы төңкерістен кейінгі 73 жыл қазақ халқына тек қана жаманшылық пен қиянат алып келді деуден аулақпын. Кеңес дәуірінің ел өмірінде, халық тіршілігінде қалдырған күнгейі де бар, көлеңкесі мен қасіреті де жеткілікті. Ол туралы тарих өз бағасын бере бастады. Әлі де бере жатар. Басқасын айтпағанда, 20-шы жылдар мен 32-34-ші жылдар аралығындағы қолдан жасалған аштықты қалай аттап өтуге болады? Бұл нағыз ойланып отырып жүзеге асырылған геноцид қой. Мен солай деп ойлаймын... Ал енді, Қазақстанды мемлекет деп жариялай отырып, сол ел басшыларының көзін бақырайтып қойып, тізеге салып, Кеңес Одағының тұсында Қазақстан жерінің – ұлы Абай дүниеге келген қасиетті топырақтың атом қаруын сынайтын полигонға айналдырылуын не деуге болады? Мұның төркінінде не жатқанын дәлелдеудің қажеті шамалы. Бір сөзбен айтқанда, осының өзі империялық жүгенсіздік пен зорлықтың айғағы емес пе?! («Елбасы», құрастырған Ж. Әлиханұлы., «Уақыт жүктеген аманат бар», 23-49-шы беттер)».
Демек, бір жайттың басы ашық. Бүгінге дейін қазақ халқының анық тарихы жазылған жоқ. Отандық кәсіби тарихшылардың, сарапшы ғалымдардың, саясаткерлердің де ой-пікірлері, ұстанымдары осыған саяды. Мәселен, белгілі тюрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, Кеңес Одағы заманындағы саясат біздің анық тарихымызды жаздырмады. «Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханов, Мұхтар Әуезовтердің тұсында мүмкіндік бергенінде шын тарихымыз жазылатын еді. Өкініштісі сол, орыстар біздің тариыхымызды өздерінің мүддесіне ыңғайлап жазды, - дейді М. Жолдасбеков. – Әсіресе, олар біздің Ресейге қосылған кездегі тарихымызды өз мүддесі тұрғысынан бұрмалады. Соның салдарынан тарихымыз әжуаланды. Қазақтың бай, хан, көсемдерінің бәрі ақымақ болып көрсетілді. Шынжыр балақ, шұбар төс, кебеже қарын деген сұмдықтарды айтты. Сол кездері мектепте сабақ берген мұғалім де, оқып жүрген бала да осыны қайталадық. Бұл – заманның сұмдығы еді. Бұл – халықты қорлау болатын. Яғни, ол уақытта тарихымыз тек саясат тұрғысынан жазылды. «Ештен кеш жақсы» демекші, бүгінгі тәуелсіздік заманында біздің шынайы тарихымыз жазылуы керек».
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин де ұлт тарихын зерделеуге арналған жиында отандық тарихшылардың алдында нақты сынақ тұрғанын, бұл сынақтың жауабын табуға әбден-ақ болатынын қадап айтты. Сондай-ақ, Марат Мұхамбетқазыұлы Қазақстан туралы өзіміздегі және шетелдердегі тарихи материалдардың барлығын жинауға, жүйелеуге және жіктеуге баса көңіл бөлуіміз қажеттігін алға тартты. Әрине, алыс-жақын шетелдерде біздің ұлттық тарихымызға қатысты қаншама құнды жәдігерлер, тарихи құжаттар бар десеңізші?! Мәселен, Қазақстан қоғамында тәуелсіздік алғалы жиі-жиі көтеріліп жүрген тарихи мәселенің бірі – Кенесары ханның басын елге қайтару. Айтпақшы, 2004-2005 жылдары отандық ғалымдардан, қоғам қайраткерлерінен құралған арнайы топ осы мәселемен айналысып, Ресейдегі қойма, мұражай, мұрағаттардың 80 пайызға жуығын «сүзіп» шыққан болатын. Өкінішке орай, ханның басы да табылмады, жұмыс та орта жолда қалды. Алайда, іс мұнымен бітпейтіні белгілі. Бәлкім, қазақтың соңғы ханының басы Ресейде емес, бізбен көршілес жатқан басқа елдің мұражайында тұрған шығар?
– Кенесары ханның басын біз Омбы – Санкт-Петербор – Мәскеу – Ставрополь – Ташкент бағытында іздеуіміз керек! – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Еуразия» гуманитарлық ғылыми-зерттеулер орталығының директоры Зиябек Қабұлдинов. Оның пікірінше, бұл мәселені оң шешуде ғалымдардың ізденісімен қатар Мәдениет және ақпарат министрі М. Құл-Мұхаммедтің, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың және Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің тарапынан саяси ерік-жігер мен толыққанды қолдау қажет. Айтпақшы, осы мәселеге орай біз Ресей Федерациясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарниковтың пікірін сұрадық. «Сіз білесіз бе, бұл мәселе жөнінде қазақстандық баспасөзден жиі оқимын. Алайда, Кенесары ханның басы Ресейдегі мұражайлардың бірінде тұр деген айғақты ешкім нақты дәлелдеген жоқ. Неге сіздер қазақ ханының басы тек Ресейде ғана деп ойлайсыздар?», - деді ол әуелі өзімізге сұраулы жүзбен. Бірақ Қазақстан Үкіметі бұл мәселеге орай ресми өтініш білдірсе, қолынан келетін көмегін беретінін айтты. – Тарих дегеніміз қандай да бір сәттен басталмайды, - дейді Михаил Бочарников. – Сондықтан, менің ойымша, Қазақстанның тарихқа деген көзқарасы салмақты, теңгермелі болатыны сөзсіз.
Алайда, Зиябек Қабұлдиновтың айтуынша, ізгілікті істі Омбының тарихи-өлкетану мұражайында тұрған Кенесары ханның қаруын елге алғызудан бастаған абзал. «Аруақты ханымыздың асынған айбынды қаруы сол мұражайдың 2-ші қабатындағы қазақтардың қаруының ішінде сақтаулы тұр. Оны осыдан 5 жыл бұрын барғанымда суретке түсіріп алдым. Қазір 8-ші сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында бұл қару бар. Олай болса, әуелгі қадамды осы қаруды қайтарудан бастайық»,- дейді ол. Көңілге қонымды-ақ пікір. Жәдігер демекші, айбарлы ханымыздың қаруын бермесе, тіпті соның көшірмесін де алдыртуға болатыны анық. Тарихшылардың басқосуында Мемлекеттік хатшы «тарихи артефактілердің барлық негізгі шетелдік қоймаларын ұқыпты зерттеуге, сондай-ақ ол тарихи материалдарды Қазақстанға қайтару мүмкіндігі жөніндегі мәселені қарауға, егер ондай мүмкіндік болмаса – олардың көшірмесін жасатып, болашақта зерттеушілер мен жалпы жұртшылыққа қолжетімді етуді» тиянақтап тапсырды.
Бұл бағытта Білім және ғылым министрлігіне де артылатын жүк ауыр. Десек те, министрлік ғалымдармен бірлесіп, бұл мерейлі міндетті қолға алыпты. Жаз айларында қазақстандық білікті ғалымдардан құрылған 20 топ шетелдердің мұрағаттарына аттанып кетіпті. Бұл туралы «Қазмедиа» орталығындағы ұлттық тарихымызды зерделеу тақырыбына арналған брифингте Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ректоры Ерлан Сыдықов хабарлады. Олар «осы жерде болады-ау» деген мұрағат, қоймаларды түгел ақтарып, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қытай Халық Республикасы, араб мемлекеттері, Австрия, Ұлыбритания, АҚШ және т.б. елдерді араламақ. Ерлан Бәтташұлының айтуынша, шетелге «ғалым жіберу» ЕҰУ-інде бұрыннан бар көрінеді. Ол университет өкілі, тарих ғылымдарының докторы, белгілі жазушы Тұрсын Жұртбайдың соңғы жылдары Бейжің университетінің мұрағатынан қазақ тарихына қатысты аса құнды деректер, құжаттар әкеліп, тарихымызды зерттеуге үлкен үлес қосып жүргенін мәлім етті.
Әрине, жат елдерге барып: «Тарихымызға қатысты не бар?» дегенге бізге барлығын бере салмасы анық. Тірнектеп жинау қыруар еңбекті қажет етеді. Бұл жерде тағы бір мәселе бар. Түрколог-ғалым Мырзатай Жолдасбеков айтқандай, «біздің сақтанатынымыз - ол елдердің мұрағаттарындағы жиналған біздің тарихымыздың бәрі бұрмаланған». – Жер аттары, көсем, батырлардың бәрінің аттары өзгеріп кеткен. Сондықтан, біз көбінесе керегімізді Қытай дерек көздерінен іздейміз. Ең маңыздысы, осыдан тазасын аршып ала білу деп ойлаймын, - дейді ол.
Мемлекеттік хатшының бес тапсырмасының бірі – тарих бойынша сапалы оқулық жазу. Ұлттық тарихты, жаһандық тарихты біреудің жазғанынан көшіріп ала салу қиын емес. Бұл істі бірер айда тындыруға болатынына ол мысал келтірді. «Алайда, сауатсыздық, жасандылық бірден көрініп тұрады. Ондай кезде сол кітапты жазған авторлар үшін ұяласың. Кейде тіпті, тарих оқулықтарын психикалық ауытқушылығы бар адамдар жазған ба деп қаласың?!.» - деп Марат Тәжин түйткілді тұсты ашық айтты. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде тарих оқулықтарынан атаулы даталарды, шегі жоқ сандарды көп кездестіресің. Мұндай артық жүктеме кез-келген оқушыны тарихқа қызықтырудың орнына керісінше, басын қатыратыны сөзсіз. Осы олқылықтың орынын толтыру үшін, Қазақстан тарихы туралы 2 оқулық және он томдық жинақ әзірленіп жатыр. Оған қоса, Қазақстан тарихшыларының Ұлттық конгресі биылғы жылдың қыркүйек айында алыс-жақын 25 елге таралатын халықаралық ғылыми-көпшілік «MANGI EL» журналын шығарады.
Елбасы өз жолдауында: «Мен 21-ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін. Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық» екендігін бекер айтқан жоқ. Себебі, біздің кешегі және бүгінгі тарихымызда мақтанатындай оқиғалар өте көп. Мәселен, 2017 жылы өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі. Қазақстанның бас қаласындағы жаһандық деңгейдегі жиынға 5 млн-ға жуық шетелдік туристер келеді деп күтілуде. Әлбетте, қонақтарды лайықты деңгейде күтуіміз керек. Үшінші мыңжылдықтағы әлемнің әдемі, бейбіт және ауқатты қаласы атанған елордамызды жақсылап таныстырғанымыз жөн. Бұл жерде айбынды Астанамыздың тарихы туралы өте жақсы, шынайы жазылған, әдемілеп безендірілген кітаптың алатын орны үлкен. Осыған орай, 2014 жылы отандық тарихшылар шетелдік қонақтарға арнап «Астана тарихы» деген кітап шығармақшы. «Еуразия» гуманитарлық ғылыми-зерттеулер орталығының директоры Зиябек Қабұлдинов орыс тілінде жазылатын бұл кітаптың әуелі қазақшаға және ағылшын тіліне аударылатынын айтты. Ал, 2017 жылға дейін «Астана тарихының» әлемнің 10 түрлі тілдеріндегі нұсқалары жарыққа шығады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарға арнаған бір сөзінде: «өте ұғынықты жазылған, шыншыл, әрбір баланың отаншылдығын оятатын оқулықтармен қоса, Қазақ елінің тарихы туралы әңгіме кітаптарды да жазу керек. Көршімізде «История России для детей» деген сияқты кітаптар шығаратын жақсы дәстүр бар» дегенді айтқан. Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі осы ұсынысты темірқазық етіп, ұлтымыздың тарихына арналған әңгіме кітаптарды көптеп шығарса нұр үстіне нұр болар еді. Биылдан бастап еліміздегі 1-ші сынып табалдырығын аттаған бүлдіршіндер ағылшын тілін оқитын болды. Бірақ, ағылшынды тезірек меңгеру үшін, орыс тілін білу шарт. «Әлемдік интеграцияға екпіндей еніп отырған халықпыз. Алайда, бізде қазақ-ағылшын оқулықтары жоқ. Осынау мемлекеттік маңызы бар зор істе тағы да ұтылғалы отырмыз, - дейді «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп. – Өйткені, біз ағылшын тіліне орыс тілі арқылы баруға мәжбүрміз. Бұл – мемлекеттік тілдің мәртебесін түсіретін әрекет. Балаларға, үлкендерге арналған қазақ-ағылшын тіліндегі оқулықтар мен көрнекі құралдарды, мультимедиялық әдістемелерді тездетіп әзірлеуді қолға алғанымыз дұрыс. Менің ойымша, қазақтың қысқаша тарихын ағылшын тілінде шығару керек!». Нұртөре Жүсіптің пайымдауынша, қазақтың таңдаулы 10 әңгімесін ағылшын тіліне аудару мәселесі де кезек күттірмейтін шараның бірі. Себебі, қазіргі кезде ағылшын тілінің мерейі үстем. Сондықтан, ұлттық тарихымызды, болмыс-бітіміміз бен мінезімізді бейнелейтін 10 әңгімеміз ағылшын тіліне аударылса, бұл тарапта атқарылар талай істің игі бастамасы болар еді, - дейді Н. Жүсіп.
Ал мемлекеттік елтаңбамыздың авторы, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің сәулет кафедрасының құрметті профессоры Жандарбек Мәлібековтің пікірінше, ұлттық тарихымызды ұлықтауды елдік рәміздерімізден бастағанымыз дұрыс. «Шынын айтсам, бізде мемлекеттік рәміздерді насихаттау үлкен деңгейде емес. Тіпті, елтаңбамыздың өзіне жәй бір белгі сияқты қарайтындар бар, - дейді Ж. Мәлібеков. – Ал, жақсылап үңілсек, елтаңбамыздың бетінде үлкен тарих жатыр. Ендеше, мемлекеттік рәміздерді білу – өзіңнің тарихыңды білу, құрметтеу деген сөз. Мысалы, біздің елтаңбамызда үш мың жылдық тарихымыз бейнеленген. Ол қандай тарих? Мысалы, қазақ тайпаларының таңбалары, құрылымдық белгілері, тәуелсіздігіміздің жиынтығы елтаңбамызда бар. Алайда, осыны әлі де өз деңгейінде насихаттай алмай келеміз. Әрбір қазақстандық өзінің үйінің төріне көк байрағымызды іліп қойса қандай ғажап! Немесе Тәуелсіздік күні, Ұлыстың ұлы күні сияқты үлкен мейрамдарда әрбір отбасы өз үйінің балконына шығарып туымызды іліп қойса, ол да көрген сәтте мақтаныш, сүйініш сезімдерін оятады емес пе?!». Елтаңбамыздың авторының пікірінше, «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңымызға түзету енгізіп, рәміздерді қорлаған адамдарды қатаң жазалау керек. «Біздің заңымыз қатал емес, - дейді ол. – Сондықтан, түзетулер енгізуіміз керек. Жер бетінде таңбасы, туы жоқ мемлекеттер қаншама... Тіпті, мен тәуелсіздігі жоқ, туы мен елтаңбасы, әнұраны жоқ елдердің жастарының қалай жасық болатынын өз көзіммен көрдім. Сондықтан, біз қаншалықты рәміздеріміздің дәрежесін көтерсек, соншалықты мәртебеміз биіктей берері сөзсіз», - дейді ол.
Әрине, тарих дегеніміз – ол азаттық, бостандық, тәуелсіздік үшін күрестің тарихы. Олай болса, біз ата-бабаларымыз қаншама ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік заманында өмір сүретін бақытты ұрпақпыз! Ал, осы бақытымызды баянды етеміз десек, ұлттық тарихымызды тереңінен біліп, отаншылдық сезімімізді шыңдай түсуіміз керек. Себебі, Елбасымыздың өзі айтқандай, ұлт болып ұйысып, ел болып тұтасып өмір сүргенде ғана бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болады.
Таңатар Табынұлы.
Пікір қалдыру