Бұрын ғарышты бағындыру жолында мемлекеттер бәсекелесетін болса, соңғы жылдарда ғарышты игеру үшін жеке компаниялар жарысып жатыр.
Солардың ішіндегі ең танымал ғарыш компаниялары бар миллиардерлер – Илон Маск пен Джефф Безос.
Алдыңғысында "SpceX" деп аталатын ғарыш компаниясы бар болса, екіншісі "Blue Origin" компаниясына иелік етеді.
Қамшы тілшісі ғарышты игеруді мақсат еткен екі миллиардердің ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы ақпараттарды назарларыңызға ұсынады.
Джефф Безос тумысынан америкалық. Ал Илон Маскта үш мемлекеттің азаматтығы бар.
Безос АҚШ-та Альбукеркеде дүниеге келген. Балалық шағы Хьюстонда, кейінірек Майамиде өткен. Безос Принстон университетін 1986 жылы электротехника және информатика мамандығы бойынша бітірген.
Илон Маск Оңтүстік Африкада туған. Дегенмен, 17 жасында шешесінің көмегімен Канаданың азаматтығын алған, себебі оның шешесі канадалық. Канадада үш жыл оқыған соң, Маск АҚШ-қа қоныс аударған. 2002 жылы Америка азаматтығын алған. Оның айтуынша, АҚШ – армандарын орындауға мүмкіндік берген әлемдегі керемет ел.
Маск балалық шағы керемет болмаған. Ал Безостың балалығы шағы қамсыз өткен.
Екеуі де мектепте жақсы оқыған. Дегенмен олардың өзге балаларға ұқсамайтын ерекшеліктері болған.
Безос өзіне қатты сенімді болған, мектеп бітіру салтанаты кезінде арнаулы сөз сөйлеген.
Ал Маск бала кезінде өте көп әлімжеттілікке, қорлауға ұшыраған. Тіпті оны басқалар баспалдақтан құлатып та жіберген, есінен танып қалғанша соққыға жыққан. Бірде қатты таяқ жеп ауруханаға түскен.
Кейбір ақпараттарда Масктың мұрын сүйектеріне зақым келгені айтылады, кейін ота жасатқан.
Вашингтон Посттың жазуынша, оның әкесі балаларына қатты эмоционалды және қатал болған, ол Маск пен оның інісіне "оларға дәріс оқыған кезде төрт сағат бойы үнсіз отыруға" бұйырған.
Джефф Безос пен Илон Масктың ортақтығы екеуі де бала кезінен жасампаз болған.
Маск бала кезінен бағдарламалауды үйреніп, 12 жасында видео-ойын бағдарламасын жасап, 500 долларға сатқан.
Безос үйінің гаражындағы "электрондық зертханасында" көптеген нәрселер ойлап тапқан.
Илон Маск университетті бітіре салып, өз бизнесін бастаған. Ал Джефф Безос біраз уақыт жалақыға жұмыс жасаған.
Маск докторантураға оқуға түсіп, екі күннен кейін оқудан шығып кеткен. Ол інісімен бірге "Zip2" компаниясын құрған.
Безос болса 9 жыл бойы технология және қаржы саласында жұмыс жасаған. Ол Amazon компанясын өзінің гаражында бастаған.
Джефф Безос компания құрып, оны өзгелер қаржыландырған. Илон Маск компанияларын өзі құрып, өзі қаржыландырған.
Безос компаниясын жаңадан құрған кезде потенциалды қаржыландыру көздерін қамтамасыз ету үшін 60 кездесу өткізген және серіктестерінен 300 мың доллар жинаған. Сол себепті қазір оның әке-шешесі де миллиардер себебі олар да Безостың серіктестері.
Ал, Маск керісінше Tesla компаниясын өзі құрмаған. Ол Tesla-ға келіп оның 98 пайыз қаржыландыруын мойнына алған. Ол үшін бұрынғы компаниясын сатқан.
Ғарышты бағындыруда екеуі ұқсамаған жолдарды таңдаған
Екі миллиардердің де ғарыштық компаниялары бар.
Бұдан бұрын айтып кеткендей, Масктың компаниясы – "SpaceX", Безоста – "Blue Origin". Екеуінде де зымырандар бар, екеуі де ғарышқа миссиялар жіберуге арналған.
Бірақ ғарышты игеруі екеуінде екітүрлі. Масктың мақсаты Марста өзін-өзі қамтамасыз ететін колония құру және осы ғасырдың соңында миллион адамды сонда қоныс аударту.
Ал Безос Марсқа қатты қызықпайды. Ол керісінше Айда ғарыш станциясын құруды көздейді. Безос сол арқылы Күн жүйесін зерттеуді мақсат етеді. Оның ойынша, күндердің бір күні триллион адам Күн жүйесіндегі ғарышта өмір сүреді. Олар әр түрлі ғаламшардан келген материалдар арқылы тіршілік етеді. Дегенмен Безос оны жақынғы болашаққа емес, ұзақ уақыттық адамзат болашағы үшін деп түсінеді.
Екеуі де жаңартылатын энергияға күш-жігерін жұмсауда. Дегенмен Маск бұл жағынан жетекші рөлде.
Екеуі де климаттың өзгерісіне қарсы. Дегенмен олардың іс жүзіндегі атқарған жұмыстары ұқсамайды. Безостың компаниясы 40 пайыз жаңартылатын энергияға ауысқан және оның өзінің жел энергиясын өндіретін фирмасы бар. Безостың жоспары бойынша, оның компаниясы 2040 жылдан бұрын көміртегісіз кәсіпорын болмақ.
Дегенмен Масктың деңгейі тіпті бөлек. Tesla 100 пайыз жаңартылатын энергия жағында және оның күн панелдерін жасайтын Solar City деген фирмасы бар. Ол Америкадағы ең үлкен күн панельдерін шығарады. Оған қоса Австралияда Масктың әлем бойынша ең үлкен батарея фирмасы бар. Нәтижесінде бұл жағынан Маск шынымен де жетекші.
Илон Маск Джефф Безосқа қарағанда идеалистік тұрғыдағы мотивациямен жұмыс істейді.
Былай қарасаңыз, Безос стандартты бизнес адамы. Оның компаниясы инновациялар мен табыстарға бай. Ол негізінен алғанда тұтынушыларға сапалы жұмыс жасау идеясымен жүреді. Ол нарық үлесін максималды деңгейде көтерумен айналысады. Әрине, бұл нарықтық экономиканың заңдылығы.
Дегенмен, Масктың мотивациясы онымен салыстырғанда тіпті тереңде. Оның бүкіл жұмыстарына қарағанда бизнестен бұрын адамзаттың проблемаларын шешуге арналғанын байқауға болады. Егер мақсаттары ортақ болса, кейде тіпті ол өзінің бәсекелестеріне көмектеседі. Мысалы, ол 2014 жылы жаңартылатын энергия патенттерін басқа компанияларға пайдалануға болатынын жариялады. Маск бұл әрекетін "электрлі көліктер дамуын тездету үшін" деп түсіндірді. Ал оның ғарышты бағындырудағы мотивациясы тіпті қызық. "Ол адамзаттың ұзақ уақыттық тірі қалуын қамтамасыз ету үшін деген.
Илон Маск жасанды интеллект үшін қатты алаңдайды. Джефф Безос жасанды интеллектке өте қызығады.
Безос жасанды интеллекттің жанкүйері. Жасанды интеллект Amazon компаниясының инновацияларының негізгі бөлігін құрайды. Ол жасанды интеллект арқылы ғаламшардағы барлық бизнесті дамытуды көп айтады.
Ал, Маск керісінше жасанды интелекттің адамзатқа ең үлкен қатер болатынын мәлімдеген. Ол "Open AI" деген пайданы көздемейтін зерттеу компаниясын құрған. Компания жасанды интелектті зерттейді. Мақсаты адамзатқа пайдалы жасанды интелектті дамыту.
Илон Маск Джефф Безосқа қарағанда қайырымдылыққа қатты көңіл бөледі
Безос қайырымдылық жасайды. Дегенмен басқа супербайларға қарағанда қайырымдылық жағынан жомарт емес. Билл және Мелинда Гейтс бастаған "The Giving Pledge" келісіміне Америкадағы ең бай бес адамның ішінде қол қоймаған жалғыз миллиардер осы Джефф Безос. The Giving Pledge (беру кепілі) – миллиардерлерге өз байлықтарының жартысынан көп бөлігін қайырымдылыққа беруге шақыратын қозғалыс. (Ол кедейлікті жою, білім беру, жаһандық денсаулық сақтау, босқындарға көмек, апаттан құтылу, әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту, медициналық зерттеулер, өнер және мәдениет, қылмыстық сот төрелігі реформасы және экологиялық тұрақтылыққа жұмсалады. 2019 жылғы мамырдағы жағдай бойынша байлықтарының кем дегенде жартысын қайырымдылыққа беру туралы кепілге 22 елден 204 қол қойған.)
Илон Маск бұған 2012 жылы қол қоюмен қоса, ол "Маск қоры" деген қайырымдылық қорын да құрған. Қор қаржысы білім беру, ғылым, инженеринг саласына қолдау көрсетумен бірге, балалар ауруын зерттеу мен емдеуге жұмсалады.
Маск Марста тұрғысы келеді, Безоста ондай ой жоқ
Екеуінің ғарышты бағындыру жолындағы ойлары да ұқсамайды. Масктың бұл жолдағы мақсатқа өзін арнағаны соншалық, ол Марсқа баратын ғарыш кемесіне өзінің отыру жоспары бар. Тіпті ол Марсқа баруды ғана жоспарламаған. Қызыл ғаламшарға ғарыш кемесін жіберу мен қайтарудың қаупі жоғары болса да, Илон Маск Марста қаза тапқысы келетінін мәлімдеген.
Ал, Безос мұндай ештеңе айтқан жоқ.
Илон Маск өзіне қатал, Джефф Безос жұмысшыларына қатал бастық
Екеуі де үлкен жоспарлар құрады. Оны жылдам жүзеге асыру үшін үлкен талап қояды. Безос жұмысшыларына қатал. Аз жалақы береді. Әлемдегі ең үлкен компанияның жұмысшылары "азық-түлік билетімен" өмір сүрген кездері де болған. Сол үшін АҚШ саясаткерлерінің айыптауына ұшыраған.
Ал, Маск керісінше, өзіне қаталдығымен әйгілі. Ол аптасына 120 сағат жұмыс жасайды. Тіпті, фабрикада ұйықтайтын әдеті бар. Ол үнемі жұмысшыларын адалдығын жоғары бағалап, мақтап отырады.
Екі миллиардердің ғарышқа баруға қатысты кей көзқарасы ұқсамайды.
2013 жылы NASA-мен болған ғарышқа ұшыру келісімшартында Джефф Безос пен Илон Маск таласқа түсті. Нәтижесінде Маск 20 жылдық келісімді жеңіп алды, Безос өзінің наразылығын білдірген, дегенмен ғарышқа зымыран ұшырмады.
2014 жылы олар зымыран технологиясы туралы патенттерге де таласты. Бұл жолы да Маск жеңімпаз болды. Кейін де екі миллиардердің арасында көптеген қайшылықтар болды.
Безос Масктың Марсқа баруын бірнеше рет мазақтап сөйлесе, Маск Безосты "барлығын менен көшірген ұры" дейді. Жақында Маск Twitter-де Безосты "монополист" деп атап, оның компаниясын тарату керектігін мәлімдеген.
Ал олардың қаржылық жағдайын салыстырсақ, Джефф Безостың байлығы 171 миллирад долларға бағаланған. Ол әлемнің ең бай адамы есептеледі. Илон Масктың жекелік дәулеті 20 шілдеде 74 миллирад долларға жеткен. Маск осы наурызда ғана Forbes тізімі бойынша әлемдегі дәулетті 30 адам қатарына кірмейтін. Bloomberg ақпараты Илон Масктың Forbes тізімінде "аққан жұлдыз жылдамдығымен" көтерілгенін мәлімдеген. Шілденің басында Масктың әлем бойынша жетінші бай болғаны хабарланса, арада бір апта өтер-өтпестен оның әлемдегі ең бай бес адамның бірі болғаны жарияланды.
Пікір қалдыру