Жанболат Мамайдың кредитті кешіру бастамасы саяси популизм бе?

/image/2020/08/11/crop-136_58_381x508_2020-08-11_12-22-35.png

Демократиялық партия құру бойынша бастамашыл топ жетекшісі, қоғам белсендісі Жанболат Мамайдың бірреттік несие амнистиясын жариялау бастамасын саясаттанушы "саяси популизм" деп санайтынын айтқан. Қамшы тілшісі өзге саясаттанушылардың бұл мәселе туралы пікірін білді.

Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы  кредитті кешіруді талап ету – популизмге жақын түсінік екенін жеткізді.

– Азаматтардың алған несиелерін кешіру салу, кешіре беру – популизмге жақын түсінік екеніне өз басым келісемін. Адам кредиттің шарттарын біле тұра алғандықтан жауапкершілікпен қарауы қажет. Азаматтар әртүрлі себеппен кредит алады. Бірақ бізде кредитке деген жеңіл-желпі көзқарас қалыптасқан. Кей азаматтардың қаржылық сауаты кем. Өткен жылы мыңдаған адамның кредиті кешірілгені белгілі. Соның ішінде барлығы болмаса да көптеген азамат кредиті кешіріле тұра қайтадан қарыз алған. Жалпы әрбір адам бар жауапты өз мойнына алуға тиіс. Әрине бір жағынан адамдардың әлеуметтік жағдайын да түсінуге болады. Өйткені дағдарыс заманында біреу бизнесінен, біреу жұмысынан айырылып қалды. Менің ойымша, кредитті кешіру не кейінге шегеру, төлемақысын төмендету, үстеме пайыздарын алып тастау сынды жеңілдіктерді жағдайы мүшкіл отбасыларға қарастыруға болады. Солардың ішінде көпбалалы отбасылар, жекеменшігінде үй-күйі, жылжымайтын мүлігі жоқ жарымжан азаматтар. Онда мұны популизм деп емес, әлеуметтік теңдік мәселесі деп қарау қажет. Яғни бұл – мемлекеттің мұқтаж жандарға көмектесуі, – дейді Расул Жұмалы.

"ДАТ" оппозициялық басылымының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапи "жүз мыңға жуық азаматтың кредитін кешіру талабы – ешқандай да популизм емес" деген пікірде.

– Кредитті кешіру талабы – ешқандайда популизм емес. Бұл дағдарыс жағдайында әл-әуқаты төмен әлеуметтік топтың жағдайын шешуге арналған әрекет. Кредиті бар адамдарға 16 млрд-тың 5,5-6 млрд-ты кететін болса мұны популизм деп есептеуге болмайды. Бұл мемлекеттен бөлінген қаржының 3/1 бөлігі ғана. Біздің ұлттық қор, мұнай қоры, тұңғыш президент қоры сынды қаптаған қорларда миллиардтаған доллар ақша бар. Оның ішінде халықтың болашақ ұрпағына қалдырған қаржысы бар. Қазіргі жағдайда халық қиналып жатса, болашаққа жинаған ақшаның не қажеті бар?! Біз халықты қазір құтқаруымыз керек. Ресми деректер бойынша 1 млн адам жұмыссыз қалған. Алайда бейресми дерекке сүйенсек, жұмысқа жарамды 9 млн халықтың 5 млн-ға жуығы қазір жұмыссыз отыр. Осындай қиын жағдайда мемлекет халыққа көмектеспесе, ол мемлекеттің не керегі бар?!, – деді ол.

Ол кредитті кешіру билік пен бұқараны жақындатуы мүмкін екенін айтты.

– Қазіргі жағдайда билік өз алдына бір бөлек, халық өз алдына бір бөлек қаңғырып қалды. Қиын жағдайда мемлекеттің несиені кешіру, рақымшылық жасау сынды біртұтас ұран астына біріктіретін идеялары болуы керек. Қазақстанда халықтың 90 пайызына жуығының мойнында кредиті бар. Кредиттің бәрін жаппаса да, белгілі бір мөлшерде әрқайсысының млн-ға жуығын жабатын болса, мемлекет халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, керемет қадам жасайды. Мұны "популизм", "боз сөз" деп жазып жатқандар биліктің ықпалымен айтып жатыр. Мен Жанболат Мамайдың бастамасын 100 пайыз қолдаймын. Мамайдың жақтастары құжаттарды өткізіп, заң бойынша 1 ай уақыт берді. 1 айдан кейін нәтиже болмаса біз басқа да әрекеттер жасаймыз, – деді Ермұрат Бапи.

Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Самат Нұртаза "100 мың азаматтың өтініш талабын тапсырғаннан ешқандай нәтиже шықпайды" деп санайды.

– Кредитті кешіруге қарсымын. Себебі адам кредитті өз аяғымен, өз ынтасымен, өз қалауымен алады. Ешкімді мәжбүрлеп, аяқ-қолын байлап банкке апармайды ғой. Қарызды алғаннан кейін қайтаруға тиіссің. 100 мың азаматтың өтініш талабын тапсырғаннан ешқандай нәтиже шықпайды. Ақорда жүз мың адамның қарызын кешірсе, 17 млн адамның қарызы шыға келеді. Мәселен, жүз мың адамның арыз тілегінің ішінде менің де аты-жөнім жоқ. Олардың талабын қабылдап, кредитті кешірсе, менің басымдағы үш кредитті де кешірсін. Ондайға мемлекеттің бюджеті жетпейді. Бұл – банк жүйесін құрдымға кетіреді. Экономикаға залалын тигізеді. Менің ойымша мұндайға жол беруге болмайды. Әрине әл-ауқаты төмен отбасыларды қолдап, көмектесу қажет. Бірақ тағы да қайталап айтамын, адам кредитті өз еркімен, өз қалауымен алғандықтан төлеуге міндетті. Заң барлығына бірдей болуы керек. Банк тарапынан кредитті төлеуге уақыт беруге болады. Мүлдем кредитті кешіру дегенге түбегейлі қарсымын, – деді Самат Нұртаза.

"Халыққа адал қызмет" (ХАҚ) партиясын құру бойынша бастамашыл топ жетекшісі Тоғжан Қожалиева кредитті кешіру азаматтардың болашағына, ел экономикасына кері әсер етеді деген пікірде.

– Несиені кешіру үшін қаражатты біздің қалтамыздан алады. Егер қоғам белсенділері несиені толық кешіруді емес, керісінше несие бойынша пайыздарды азайтуды талап етсе, онда қолдауға болады. Ал толықтай кешіру елді экономикалық дағдарысқа ұрындырады. Мектеп, балабақшалар салынбай қалады, дәрі-дәрмек тапшылығы болады. Мен бұл бастаманы қолдамаймын. Азаматтардың бұл әрекетін әлеуметтік-саяси популизм деп санаймын, – деп өтті ол.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар