Ресейде тәулік ішінде 9412 адамнан Covid-19 анықталып, эпидемиологиялық ахуал мамырдың соңындағы шамаға жетті. Бұл 23 мамырдан кейін ең көп тіркелген жағдай, деп хабарлады bbc-дің орыс қызметі.
Ресейде 20 күн қатарынан вирусқа жұқтырғандардың саны өсіп келеді. Елде Covid-19 анықталғандардың жалпы саны 1 млн 194 мың 643-ке жетті. Оның ішінде 21 077 адам қайтыс болған. Соңғы тәулікте ел бойынша 186 адам коронавирустан өлген
Соңғы тәулікте бір ғана Мәскеуде коронавирустың 2704 дерегі тіркелді.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин бірер күн бұрын 5 қазаннан бастап жұмыс берушілер қызметкерлерінің 30 пайызын қашықта істеуге жіберуді міндеттейтін үкім шығарған. Ал бүгін қызметкерлердің жартысын қашықтан істеуге жіберу мәселесі көтерілді.
Мэр орынбасары Владимир Ефимов дүйсенбіден бастап Мәскеуде 2 млн адам қашықтан жұмыс істеуге көшуі керектігін айтты.
Пікір қалдыру