Алматы. Қамшы порталы - Әлемдік экономикадағы шырғалаңның біздің еліміздің экономикалық, сол арқылы әлеуметтік ахуалына өз әсерін тигізетіні анық. Алып елдер арасындағы қырғи-қабақ текетірес, салынған түрлі санкциялар қыспағы мен көрші елдер валюталарындағы тұрақсыздық Қазақстанның нарықтағы ырғағына өз ықпалын тигізе де бастады.
Қазіргі таңда туындаған доллар бағамының көтерілуі мен теңгенің еркіндікке жіберілуін жұртшылық қалай қабылдауда? «Егемен Қазақстан» басылымы тілшісінің Ақтау қаласындағы «Пожстройсервис» ЖШС директоры, «Самур» лезгин этномәдени бірлестігінің төрағасы Гаджы Селимовпен сұхбаты осы мәселені қозғайды.
- Гаджы Назаралыұлы, елімізде қаржылық ахуалға қатысты орын алып отырған жағдайды қалай бағамдайсыз?
- Сөзімді былай бастайын. Ең бастысы - еліміз тыныш, ішкі бірлігіміз бекем. Бізде орын алып отырған мұндай жағдайлар - сыртқы ортаның әсері. Сіз бен бізді толғандыратын, нақтырақ айтсам, мазалайтын да осы мәселе. Қазақстан - жер бетіндегі сан мыңдаған елдердің бірі болғандықтан, олармен нарық алаңында, экономикалық қарым-қатынаста болатыны белгілі. Сондықтан, басқа елдерде орын алатын жаманды-жақсылы жағдайлардың бірқатары бізге үлкенді-кішілі әсерін тигізіп өтеді. Мен дәл қазіргі таңда орын алып отырған қаржылық ахуал мен оның әлеуметтік-экономикалық болуы ықтимал әсеріне осы тұрғыда қараймын.
- Демек, ішкі тыныштық бізді сабырлы болуға шақырады дейсіз ғой.
- Иә, дүрлігудің, абыржудың қажеті шамалы. Доллар бағамының көтерілуі, мұнай, металл бағаларының төмендеуі, экспорт мәселесі көкжиегінің күңгірттенуі, ұлттық төл валютамыз - теңгенің еркіндікке жіберілуі қазақстандықтарды біраз алаңдатып отыр. Әсіресе, «екпіні түйе емес, тау қопарғандай дағдарыс орын ала ма?» деп сескену бар. Қазір дағдарыспен бетпе-бет келіп тұрғанымыз жоқ, сабыр етейік. Ал бола қалған жағдайда, бұған дейін де өзіндік екпіні бар бірқатар экономикалық қиындықты көрген кездеріміз болды, демек тәжірибе бар. Ел тізгінін қолына алған азаматтардың ұтымды жол бастауы, қиындықты еңсерудегі табандылығы арқасында одан қисайсақ та сынбай шыққанбыз. Бұл да бір өткінші сын деп ойлаймын және іс басындағы азаматтарға сенім мол. Әрине, экономикасы енді аяқтан тұрып, өзінің мүмкіндігіне қарай түрлі алып жобаларды алдына қойып отырған елімізге бұл жағдайдың оңай соқпасы анық. Әйтсе де біз сабырлылық, шыдамдылық танытумыз қажет.
- Сіз айтып отырған сабыр, шыдамдылықпен бірге, қандай жағдайда да өндірісті тұралатпау мәселесі де аса маңызды деп ойлаймыз.
- Әлемдік экономикадағы жағдайдың шатқаяқтауы салдарынан мұнай, металл өнімдерінің шетелдік нарықтағы бағасы төмендеп кетті. Бұлар біздің еліміздің сыртқа экспорттайтын негізгі өнімдері ғой. Бұл жағдай да ел экономикасына өз әсерін тигізді. Осы мәселелер бізге әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін ұқтырды. Ел Үкіметі мен Ұлттық банк 2015 жылдың 20 тамызынан бастап жаңа ақша-несие саясатын іске асыруға кірісу туралы шешім қабылдады. Аталмыш шешімнен біз экономика өсіміне, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, инфляцияның төмендеуіне қол жеткіземіз. Жеке кәсіпкер болғандықтан, біздің де кәсібімізге ықпалы болады деп ойлаймын, неде болса көруге және тек көріп қана қоймай, шыдауға, жеңіп шығуға бекемденіп отырмыз. «Сабыр түбі - сары алтын», дейді ғой қазақ халқы. Осы сабырлылық біздің сенімді серігіміз болуы тиіс.
Дереккөзі: Қазақапарат