Таулы Қарабахта атысты тоқтату туралы келісім жасалып, Әзербайжан Қарабахтағы бірнеше ауданды өзіне қайтаратын болды. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Армения премьер министрі Никол Пашинян мен Ресей президенті Владимир Путин арасында жасалған келісім нәтижесіндегі бірлескен мәлімдеме 9 бөлімнен тұрады.
Келісімге сай, Таулы Қарабахтағы атыс тоқтатылып, Газах, Агдам аудандары 20 қарашаға дейін Әзербайжанға қайтарылады.
Таулы Қарабах пен Лашын дәлізі маңында бітімгершілік аумақ құрылады. Оның мызғымастығына Ресей тарапы 5 жыл бойы кепіл болады. Тараптардың бірі аталған келісімді бұзса, бітімгершілік миссия тағы 5 жылға ұзартылады. Бұл мақсатта 1960 атыс қаруы бар әскер, 90 оқ өткізбейтік көлік, 380 автокөлік пен арнайы текника жіберіледі.
Келісімнің орындалуын қадағалау тиімділігін арттыру мақсатында бітімгершілік орталық құрылады.
Армения 2020 жылғы 15 қарашаға дейін Әзербайжанға Кельбаджар ауданын, 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін Лашын ауданын қайтаруға тиіс. Таулы Карабах пен Арменияны ені 5 шақырымдық Лашын дәлізі байланыстырып тұрады.
Алдағы 3 жылда Лашын дәлізі арқылы өтетін жаңа маршрут құрылысының жоспары бекітілуі керек. Дәліз Степанакерт пен Армения арасын жалғамақ. Әзербайжан тарапы дәліз арқылы жүретін азаматтардың, көлік құралдарының, жүк көліктерінің қауіпсіздігіне кепіл болады.
Таулы Қарабахқа азаматтардың оралуы босқындар жөніндегі БҰҰ Жоғарғы комиссарының қадағалауында болады.
Әскери тұтқындар мен ұсталған өзге азаматтар, қаза тапқандардың денесі алмастырылады.
Аймақтағы экономикалық және көлік байланыстары қайта қалпына келтіріледі. Армения Әзербайжанның батыс аудандары мен Нахичевань автономиялық республикасы (Әзербайжан құрамындағы автономиялық республика) арасындағы кедергісіз қозғалыс пен көлік байланысын қамтамасыз етеді. Көлік қозғалысы Ресей шекара қызметі тарапынан қадағаланады.
Нахичеван автономиялық республикасы мен Әзербайжанның батыс аудандарын байланыстыратын жаңа көлік коммуникацияларының құрылысы басталады.
Пікір қалдыру