Шағын несиенің шаруаға шарапаты

/image/2020/11/23/crop-16_238_676x1202_b60728af-68f5-4912-99d7-04fec3fe2516.jpg

Биылғы кібісе жылында коронавирус пандемиясы кез-келген салаға өз зардабын тигізді. Елдің жалпы ішкі өнімі 1,8 пайызға азайды. Әсіресе, көлік және қойма саласында (-14,6%) және көтерме-бөлшек саудада (-10,6%) құлдырау байқалады. Дейтұрғанмен, ел экономикасының бірен-саран саласында едәуір өсім байқалады. Мәселен, дағдарыс кезінде тасы өрге домалаған салалардың бірі – ауыл шаруашылығы. Жалпы ішкі өнім азайған кезде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 2,4 трлн. теңгені құрады. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9 пайызға көп.

Мұның себебін елімізде дағдарысқа қарсы ауқымды шаралармен  байланыстыруға болады.  Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына баса мән беріліп отыр. Еске сала кетейік, қазақстандықтардың 41,2 пайызы ауылда тұрады.

Оларды қолдауға арналған ең басты құрал – жеңілдікті несиелер. Соның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы  отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған. Бұл бағдарлама бойынша қаржыландыру 600 млрд. теңгеден 1 трлн. теңгеге дейін ұлғайтылды. Соның ішінде 200 млрд. теңгесі – агроөнеркәсіп саласындағы қайта өңдеуге, 500 млрд. теңгесі – агроөнерәсіп саласындағы өндіріске, 300 млрд. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне және қызмет көрсетуге бағытталды. Бағдарламаның операторлары – екінші деңгейлі банктер мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ. Әділін айту керек, агроөнеркәсіп саласын банктер тарапынан қаржыландыру жағдайы мәз емес. Олардың несиелендіру деңгейі тым төмен. Өйткені банктердің кепілдікке қойылатын мүлікке талаптары қатаң, қаржы көздері жеткіліксіз, әрі   пайыздық мөлшерлемелері жоғары. Мәселен, биылғы жылдың шілде айында екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығына берген несиелерінің орташа мөлшерлемесі 13,1 пайызды құраса, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша берілген қарыздардың мөлшерлемесі  – небары 5 пайыз ғана.

Жүрігізілген сауалнама нәтижесінде белгілі болғанындай, респонденттердің 48 пайызы жеңілдікті несиелер ең тиімді шара деп есептейді. Бұл ретте елдегі ең ірі институт Аграрлық несие корпорациясы екені даусыз. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша,  корпорацияның агроөнеркәсіп саласын несиелеудегі үлесі 488,1 млрд. теңгені құрады. Бұл банк саласының ауыл шаруашылығына бөлген несиелерінен 77,3 пайызға артық.

«Аграрлық несие корпорациясы» ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сегіз бағдарлама бойынша қаржыландырады: көктемгі егіс және күзгі ораққа арналған «Кең дала», етті мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Сыбаға»,  сүтті-тауарлы фермаларды қолдауға арналған «Ырыс»,  «АгроЭкспорт», «АгроБизнес», «Агротехника», «Іскер» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы қолға алынған былтырғы жылдың қыркүйегінен бастап  барлығы  1,4 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 67 млрд. теңгеден астам несие берілді. Соның нәтижесінде  барлығы 1,7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бөлінген қаржыға биыл 47,6 мың бас ірі қара мал, 73,4 мың қой,  31,2 мың  жылқы, 100 шошқа, 1821 түйе, 300 ауыл шаруашылығы техникасы мен 944 құрал-жабдық сатып алынды. Биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына агроөнеркәсіп кешені және азық-түлік өнеркәсібі салаларының өнімдері енгізілді. Сонымен қатар несиелеу мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұзартылды.

Бағдарламаның жүзеге асырылу барысын қадағалау үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы негізінде жобалық кеңсе құрылған. Кеңсе жұмысының негізгі бағыты – бағдарламаны жүзеге асыруға атсалысу, сондай-ақ қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасау.

Бұған қоса биыл сәуір айында көктемгі-дала жұмыстарын жүргізуге қосымша қаржы бөлінген болатын. Соның арқасында 341 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 14,8 млрд. теңге несиеге қол жеткізді.  ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың айтуынша, биыл көктемгі егіс және күзгі орақ кезінде шаруаларға 70 млрд. теңге бөлінді.  Мұндай көмек жыл сайын көрсетіледі, бірақ биыл оның көлемі 10 млрд. теңгеге көбейтілді, ал мөлшерлемесі 5 пайызға дейін төмендетілді.   

Сонымен қатар «Аграрлық несие корпорациясы»  ауылдағы әлеуметтік жағынан осал азаматтарды «Іскер» бағдарламасы арқылы қолдап, оларға биыл 5 млрд. теңгеден астам несие бөлді.

Жалпы алғанда, коронавирус пандемиясының кері әсеріне қарамастан, Аграрлық несие корпорациясы ауыл шаруашылығы саласын іркіліссіз қаржыландырып келеді. «Аграрлық несие корпорациясы»  бағдарламалары агроөнеркәсіп кешенін несиелендірудегі түрлі түйткілдерді шешуге септігін тигізбек. Тұтастай алғанда, көптеген бағдарламаларды тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру жайы айтарлықтай жақсара түсті. Ол өз жемісін беріп те келеді. ​

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар