Бір жыл бұрын Гүлмира кафеде жігітпен танысты. Жігіт сыпайы, салмақты көрінді. Ол жылы жымиып Гүлмираның телефон номерін сұрап алды.
Гүлмира ажырасқан. Екі баласы бар. Ұлы ата-анасымен, қызы өзімен бірге жатақханада тұрады. Гүлмираның айтуынша, кафеде кездестірген жігіт оған да, қызына да қамқор болып, Гүлмира жұмыстан шығып қалғанда да қарайласқан. Алайда ер адамның Гүлмираға деген жақсы қарым-қатынасы ұзаққа созылмады.
Гүлмира құрбысының туған күнін тойлауға барғанда, жігіті оны кафенің сыртында күтіп тұрған. Гүлмираның айтуынша, ол мас болған.
– Біз жатақханаға келдік. Мен көліктен шыға бергенімде ол мені ұра бастады. Адамдар оны әрең тоқтатты. Мен сол күні полиция, жедел жәрдем шақырып, арыз жаздым. Ол келесі күні менен кешірім сұрады, бірақ зорлық 2020 жылдың көктеміне дейін жалғасты, – дейді Гүлмира.
Сарапшылар коронавирус пандемиясы басталғанда әлем бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық артқанын айтады. Пандемия кезінде жәбірленушілерге зорлық көрсеткен жұбайларынан қашып құтылу қиынға соққан.
Гүлмираның арызы бойынша наурызда өткен сотта оған екі таңдау берілген. Жәбір көрсеткен адамды 15 күнге қамау немесе 3 ай Гүлмирадан белгілі бір қашықтықта алыс жүру. Гүлмира соңғысын таңдады. Дегенмен ол үш ай өтпей Гүлмираны тауып алған.
– Мекен-жайымды, телефон номерімді ауыстырдым. Басқа жатақханаға көшкенмін. Ол менің тіпті қай бөлмеде тұратыныма дейін біліп алған. Ол бөлмеге кіруге тырысты, бірақ мен оны итеріп жібердім. Ол қатты ашуланып "Өлтіремін" деп қорқытты. Есікті сындырды. Жатқахананы басына көшіріп айқайлап елдің мазасын алды. Сыртқа шыққаннан кейін терезеге үлкен тас лақтырып, терезені шағып, қызымды жарақаттады, – дейді Гүлмира қорқынышты күнді еске алып.
Осыдан кейін Гүлмира әлеуметтік желі арқылы көмек сұрай бастады. Желі қолдауншылары оған "Не Молчи" қорына хабарласуға кеңес берген. Қордың негізін қалаушы Дина Таңсәрі бала кезінде зорлық көріп, есейгенде әйелдердің құқығын қорғаймын деп шешкен.
– Карантин кезінде бізге хабарласқан әйелдердің саны күрт артты. Бұрын күнделікті 10-15 әйел көмек сұраса, қазір күніне 25 әйел хабарласады. "Не молчи" қорына көбіне жыныстық зорлық көргендер көмек сұрайтын. Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер де көп хабарласатын болды. Қазақстанда әйел құқығы жақсы қорғалмаған. Біз Қазақстан Республикасы президентіне әйел құқығы жақсырақ қорғалуын сұрап хат жаздық, бірақ нәтиже болмады, – дейді Дина Таңсәрі.
Карантин кезінде, төрт айда ұйымның желісіне 42 000 қоңырау түскен. Оның 8000-ы ғана сотқа жетті, оның тек 4000-ы жазаланған.
Қазақстанда әйел құқығы жақсы қорғалмағанымен қоса менталитетіміз де зорлық-зомбылықтың артуына септігін тигізіп отыр.
– Әйелдер күйеуіне шағымданып полицияға арыз түсіреді. Күйеуінің туыстары оған тыныштық бермей, арызын қайтарып алуға, соққыға жыққан күйеуімен бала үшін қайта қосылуға үгіттейді. Әйел көп жағдайда күйеуінің туыстары тарапынан жасалған қысымды көтере алмай арызды қайтарып, кешіреді. Әкесі анасына күш көрсетіп, соққыға жыққанын көріп өскен баланың психикасына зақым келеді. Бала ондай отбасында бақытты бола алмайтыны да анық, – дейді Дина Таңсәрі.
Human Rights ұйымы Қазақстанда өршіп тұрған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жоқ екенін айтып дабыл қағуда.
Қазақстанда 2009 жылдан бастап тұрмыстық зорлықты болдырмау үшін жәбірленушілерге уақытша баспана, психологиялық, медициналық көмек көрсетіледі және заңгердің көмегіне жүгінуге болады. Бұл туралы Human Rights-тің Орталық Азиядағы адам құқығының қорғалуын қадағалайтын кіші ғылыми қызметкер Виктория Ким айтты. ҚР заңына сәйкес, жәбірленушіні қорғау мақсатында сот қысқа мерзімді жаза түрін тағайындайды. Мәселен, зорлық көрсеткен адам жәбірленушіге 30 күн жақындай алмайды. Алайда 2009 жылы қабылданған зорлық-зомбылық туралы заң тұрмыстық зорлықты бөлек қылмыс ретінде қарастырмайды.
– Сот және құқыққорғау органдары 2009 жылы қабылданған заңның орындалуын қажетті деңгейде талап етпей, тұрмыстық зорлық көрсеткен адамның жазасын беруде осалдық танытып отыр. Зорлық көрсеткен адамға қатысты әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғалады. Тұрмыстық зорлық – қылмыстық іске жатпайды. Ал әкімшілік кодекс әлсіз. 2019 жылдың желтоқсанында тұрмыстық зорлық салдарынан жәбірленушінің денесіне жарақат түссе бірінші жолы ескерту беріліп, айыппұлмен шектеледі, – дейді Виктория Ким.
Наурызда карантин енгізілгенде, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар елде тұрмыстық зорлық артқанын байқаған. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева карантин кезінде тұрмыстық зорлық 20-20% өскенін айтқан.
Тұрмыстық зорлықтың құрбаны болған Гүлмира да әлі күнге дейін психологиялық және эмоционалды жарақаттан айыға алмай жүр.
– Менің ойымша егер заң әйелдің құқығын жақсы қорғайтын болса және зорлық көрсеткендер тиісті жазасын алса, мыңдаған әйелдің өмірі жақсарушы еді, – деп күрсінді Гүлмира.
Пікір қалдыру