Депутат: Қазақстанда 5-6 млн адам кедей тұрады

/image/2020/12/01/crop-5_176_671x1192_5d9ab9d5392b1499364309.jpg
 
Түрлі бағалау көрсеткіштеріне сай, Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтардың 20 пайызынан 70 пайызына дейін кедей тұрады. Экономикада "Жұмыс істейтін кедейлер" түсінігі бар. Табысы ішіп-жеуіне жете бермейтін ресми жұмыс істейтін азаматтар осылай аталады. Мамандар мұның себебін бюджеттік саладағы жалақы мөлшерінің төмендігімен түсіндіреді. Ал жеке сектор жалақы тағайындауда осыған сай бағыт ұстанады. Бұл туралы КИПР аналитика тобының сарапшылары мәлім етті, деп жазады 365info.kz.

Саясаттанушы Марат Шибұтов "жұмыс істейтін кедейлерге" ресми жұмыс істейтін, салық төлейтін бірақ медиан жалақының үштен екісін алатын адамды жатқызды.

– 2020 жылы медиан жалақы 140 мың теңге. Бұл соманың үштен екісі 100 мың теңгегенің маңайы. Іс жүзінде мұндай адамдардың жалақысы ең қажет нәрсеге ғана жетеді, қалғанын несиеге алуға тура келеді, – дейді ол.

Шибұтов Қазақстан қоғамына тән әлеуметтік факторға назар аударды.

– Бізде асабалар бірнеше сағатта 200-400 мың теңге, медбикелер күні бойы жұмыс істеп айына 100 мың теңге табуы мүмкін. Сонда асаба жұмысының құны жоғары болып тұр ма? Пандемияда ненің маңыздырақ екенін көрдік қой. Карантинде асабалар жұмыс істемей қалғаннан ешкімге зиян келген жоқ. Ал медицина қызметкерлерінің жетіспеуінен адамдар өліп жатты. Нарықта осындай төменгі жалақының болуына мемлекет кінәлі. Анығында бюджет қызметкерлерінің тариф сеткасы кінәлі, –  деген ол "жұмыс істейтін кедейлердің" дені бюджеттік сала қызметкерлері екенін атап өтті.

Сөзінше, жеке кәсіпкерлер мемлекеттік еңбекақының төмендігін көріп, қызметкеріне артық төлегісі келмейді. Сондықтан бюджет қызметкерлері жалақысы тікелей көтерілуі керек, болмаса түрлі әлеуметтік жеңілдік жасалуы қажет.

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың есебінше, экономикалық белсенді халықтың 70 пайызы кедей тұрады. Бұл шамамен 5-6 млн адам.

Депутат Қазақстандағы орташа жалақы долларға шаққанда 12 жылда болмаған төмен көрсеткішке дейін түсіп кеткенін айтты.

– Тұтыну тауарларының басым бөлігі шетелден жеткізіліп, доллармен есептесетіндіктен, тұрғындар арасында сатып-алу қабілеті төмендеген, – деді ол.

Әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова "2000 жылдардың басында балалардың жарқын болашағына деген үміт бар еді" дейді.

– "Қиналсақ, біз қиналайық, балаларымыз өскенде бай болады" деп ойлайтынбыз. Бірақ қазірдің өзінде кедейтікте туғандар жоғары өмір сүру деңгейіне көтеріле алмайтыны белгілі болды. Бізді кедейлік шарпып барады. Олар алдына үлкен мақсат қоя алмайды. Мемлекет кезінде біз зорға шыққан батпаққа қайтадан батып барады, – деп атап өтті ол.

КИПР тобының жетекшісі Ерлан Смайлов "төменгі жалақыны көтеруге бюджетте қаржы жоқ емес бар, тек олар дұрыс жұмсалмайды" деп санайды.

Оның пікірінше, мемлекеттік компаниялардың шығынын оңтайландырып, банктерді құтқару доғарылса, қаржы жетпек түгілі, артылып қалады. Сондықтан әуелі тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту керек.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар