«Алматы» ТА-ның Akimat Live бағдарламасындағы тікелей эфир барысында мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлерді ынтымақтастық танытуға және карантиндік шектеулерді қатаң сақтауға шақырды.
Қала тұрғындарының сұрақтарына жауап бере отырып, Б. Сағынтаев 32 монторингтік топтардың белгіленген шектеулердің сақталуын қадағалайтындарын еске салды. 8 қазаннан 17 қараша аралығында 444 рейд жүргізілді, оның барысында 3,6 мыңға жуық нысан тексерілді.
Тексеру барысында 828 нысанда (22,5%) бұзушылықтар анықталды, 90 заңды тұлғаға 28,7 млн тг көлемінде 453 әкімшілік айыппұл салынды. Маска режимін бұзған жеке тұлғаларға 15,5 млн тг айыппұл салынып, 374 әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылды.
«Алда күрделі кезең тұр, ауру өрши түсетін болады. Вакцина пайда болғанша біз санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға тиіспіз», — деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Мегаполис әкімі ойын сауық және қоғамдық тамақтандыру салаларында жұмыс жасайтын ШОБ өкілдерін осынау күрделі кезеңде ынтымақтастық танытуға бір қадам жасауға шақырды.
«Егер біз бірімізге-біріміз көмектеспесек, бұзушылықтар жалғасады, яғни коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артатын болады. Сондықтан алматылық ынтымақтастықты танытып, карантинге қатысты белгіленген жұмыс кестесін сақтау қажет», — деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Пікір қалдыру