Алматының цифрлық инфрақұрылымының дамуы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында қаланың Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев айтты.
Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта «Электрондық үкіметтің» сервистік интеграторы «Зерде» холдингімен бірлесіп Алматы әкімдігінің АТ-архитектурасын әзірлеуде. Осы мақсатта ақпараттық жүйелерді түгендеу, ағымдағы ахуалды талдау жүргізілді және одан әрі даму басымдықтары айқындалды.
«2020 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша Алматы қаласы еліміздің барлық өңірлері арасында „ақылды“ қалалар рейтингінде бірінші орынға ие болды. 2019 жылы біз екінші орынға ие болдық. Бұл рейтингті ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган „ақылды“ қалалардың эталондық стандарты негізінде жүргізеді. Бұл стандарт қала тіршілігінің 11 бағыты бойынша 100-ден астам жобаны қамтиды», — деп хабарлады Б. Қоңырбаев.
Қазіргі уақытта Алматы қаласы әкімдігінің мемлекеттік қызметтер түрлерінің 90%-ы электронды болып табылады. balabaqsha.open-almaty.kz, bilimalmaty.kz ақпараттық жүйесі, «Дамумед» медициналық ақпараттық жүйесі, «InfoLab» АЖ, Автоматты диспетчерлік ақпараттық жүйесі, «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы және т. б. сынды ақпараттық жүйелер қызмет етуде.
АТ-қоғамдастығымен уақтылы ақпараттандыру және өзара белсенді іс-қимыл жасау үшін digital-almaty.kz. порталы әзірленді. Оның платформасында әзірлеушілер қаланы цифрландыру бойынша өз идеяларын ұсына алады.
«Егер сізде қызықты қосымша немесе жаңа ақпараттық жүйені құру идеялары болса, оларды порталға орналастыра аласыз. Егер сіздердің ұсыныстарыңыз қызықты болса, біз оларды жүзеге асыруға көмектесеміз. АТ-мамандарын, креативті цифрлық ұйымдастырушыларды біздің порталды өз идеяларын орналастыру үшін пайдалануға шақырамыз», — деп үндеді Б. Қоңырбаев.
Пікір қалдыру