Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» кезеңі Жолдауында миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру міндетін қойған болатын. Бұл ретте шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар екеніне де ашық тоқталды. Соның бірі – ұзақ мерзімге берілетін арзан несиенің жоқтығы екенін атап көрсетті. Осы орайда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бұл олқылықтың орнын толтырып келе жатыр. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан 158 елді-мекенде 206 несие серіктестігі жұмыс істейді. Осылайша, ауылдық аймақтардың 98 пайызы тиімді несиемен қамтылған.
Солардың бірі – Түркістан облысына қарасты Қарнақ ауылында орналасқан «Яссы несие» серіктестігі. Бүгінде бұл қаржы иниституты Аграрлық несие корпорациясының сенімді серіктесіне айналып үлгерген. Кәсіби тілмен айтқанда, «ЯссыНесие» ААА рейтингіне ие, яғни шауараларды тиімді шарттар бойынша өз бетінше несиелеуге құқылы. 2003 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан несие серіктестігі Кентау қаласы мен жақын маңдағы он ауылдың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қамтиды. "Яссы несие" ЖШС-нің басқарма төрағасы Алишер Юлдашовтың айтуынша, бүгінде оның құрамында 1500 құрылтайшы бар, әрі олардың саны күн санап артып келеді. Биылдың өзінде олар 440 кәсіпкерге несие беріп, өз кәсібін дамытуға септігін тигізіпті. Бұл ретте негізінен ауыл шаруашылығы саласына басымдық беріліп отыр. Өзін ғана емес, өзгені де жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер кәсіп бастамас бұрын қорқақтайтыны жасырын емес. Алайда, өзінің бизнес жобасын қорғап, кәсібін дөңгелетемін деген жандар үшін «Яссы несие» ЖШС-і көмек қолын созуда.
Несие алған кәсіпкерлердің бірі - «Ергеш ата» ШҚ-ның басшысы Хабиб Бахадүр. Ол 2018 жылы өз ісін бастауға бел буып, несиелік серіктестіктен 65 млн.теңге алған. Бұл қаржыға ол Ресейден симменталь тұқымды етті-сүтті бағыттағы 100 бас сиыр алып келеді. Содан бері мал басын көбейтіп, бүгінде шаруа қожалығын дамытып отыр. Шаруасын шыр айналдырған кәсіпкер бүгінде Кентау қаласы маңындағы «Аман-Есен» сүт цехымен келісімшарт жасасып, өнімін өткізіп отыр. Бір сиыр күніне 15-20 литр сүт беретін көрінеді. «Яссы несие» ЖШС-мен жұмыс істеу кәсіпкерлер үшін тиімді екенін айтқан Бахадүр болашақта шаруа қожалығын дамыту мақсатында тағы да несие алғысы келетінін жасырмады.
Ал «Яссы» жылыжайын гүлдендіріп, халықты балғын өніммен қамтамасыз етіп отырған Юлдашов Шахрух та осы несиелік серіктестіктің көмегімен кәсібін бастаған. Шаруаның 25 млн.теңге несие алып ашқан жылыжайы бүгінде 35 гектар жерді алып тұр. Жылына екі рет өнім алады. Бірінші рет қиярдан 35-40 тонна өнім алған, ал екінші рет қызанақтан да 35 тоннаға жуық өнім алуды жоспарлауда. Алынған өнімді Кентау, Түркістан қалаларына жеткізеді. Кәсібін ашуға көмектескен несиелік серіктестікке өз алғысын білдірген Шахрух болашақта жылыжайды кеңейту мақсатында тағы да несие алғысы келетінін атап өтті.
Айта кетерлігі, кәсіп ашуға алынған қаржының қай бағытта жұмсалып жатқандығы міндетті түрде тексеріліп, мониторинг жүргізіліп отырады. Тұтынушыны жылы жүзбен қарсы алатын серіктестіктің мамандары әрдайым өз кеңестерін беріп, дұрыс бағыт-бағдар көрсетуге әзір. Ауылды аймақтан кәсіп ашушылардың көбейіп, ауыл шаруашылығын дамытып отырған кәсіпкерлер көңілге еріксіз қуаныш ұялатады. Бір қуантарлығы, кәсіп ашқан жандардың барлығы дерлік өзін ғана ойлап қоймай, жергілікті тұрғындардыда жұмыспен қамтып отыр. Бұл игі істе несиелік серіктестіктің де үлесі зор.
«Аграрлық несие корпорациясы» баспасөз қызметі
Пікір қалдыру