Қазақстанның бас сантар дәрігері Ерлан Қиясов елде карантин шаралары әр аймақтағы эпидемиологиялық ахуалдың жақсарғанына байланысты жеңілдейтінін мәлім етті.
Оның айтуынша, бұған дейін аурудың өршуі туралы жасалған болжам өзектілігін жойған жоқ.
2021 жылғы 18 қаңтарда жасалған болжамда 2021 жылғы наурызда күніне 3 мыңға дейін адамнан коронавирус анықталуы мүмкін екені хабарланған.
Бас санитар аурудың таралуы бақыланған түрде өсетінін, алайда былтыр жаздағы жағдайдан аспайтынын жеткізді.
– Болжам қазіргі шектеу шараларын ескере отырып жасалған болатын. Бүгінгі оң көрсеткіштер, эпидемиологиялық ахуал нашар аймақтарда дер кезінде қолға алынған нысаналы шаралармен байланысты, – деді ол.
Оның айтуынша, ұзақмерзімді болжамдар ауық-ауық жасалып тұрады.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Қазақстанда соңғы үш күнде коронавирустың таралуы бәсеңдей түскен. 9 ақпандағы ақпараттық хабарламада бір тәулікте вирус анықталған адамдар саны 1 мыңнан азайғаны айтылады.
9 ақпандағы мәлімет бойынша, 26 380 адам короновирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 5 560 пациент стационарда, 20 820 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Вирус жұқтырғандар арасында 261 адамның жағдайы ауыр, 50 пациенттің жағдайы өте ауыр, 41 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Пікір қалдыру