Жуырда Алматыдағы донер кафелерінің бірінен ас ішкен алпыс адам уланып, ауруханаға түскені жайында ақпарат кеңінен тарады. Осыншалықты көп кісінің денсаулығына зарар келгенге дейін аталмыш кафенің санитарлық жағдайын тиісті мекемелер кезінде неге тексермеді деген сұрақ туындайды. Иә, қаладағы қызметкерлердің басым бөлігі түс кезінде жұмыс орнына таяу маңдағы асхана, кафе, мейрамханалардан тамақтануды әдетке айналдырған. Әрине, өз қолыңмен әзірлеген тағамға не жетсін? Қыз-келіншектер «Үйге жеткенше кеш батып, тамақ пісіруге үлгермейміз» дегенді көп айтады. Әсіресе, түс кезінде көбіміз сырттан жүрек жалғауды әдетке айналдырғанымыз рас. Көпшілік тамақтанатын орындардың иелері тұтынушының денсаулығына, тамақтанушының өзі сияқты адам екенін ұмытатын жағдайлар тіптен жиілеп кеткен сияқты.
Осыдан үш жыл бұрын бір танысым донер кафелерінің бірінде жүзден астам адам жиып, ауызашар өткізді. Асхана, кафелердің ыдыс-аяғы біркелкі болатыны белгілі, ал бұл кафенің ыдыстары әр жерден жиналғандай әркелкі. Бәрі түгел десем өтірік емес, шеттері кетік-кетік. Мен даяшы алдыма қойған сынық тәрелке мен бакалды бүтініне ауыстыруды талап еттім. Даяшы бүтінін берді, алайда тәрелкесі мен шанышқысы шала жуылған. Жиіркенген мен тазасын беруді сұрадым. Әйтеуір не керек, алдымызға қойған астың (тазалық сақталып даярланды ма, жоқ па, бір Құдай білсін) дәм татып, тарқастық.
Қазірде оқушылар мен студенттер, қызмет жасындағы көпшілік түс кезінде ірі супермаркеттердің аспаздық бөлімдерінен манты, самса, т.б. алып, жүрек жалғайтыны белгілі. Біз де солардың қатарындамыз. Сатып алған тағамның ішінен небір түрлі қыл-қыбыр, темір қиындылары кездесіп жатады. Мәселен, Гоголь көшесінің бойындағы көрнекті супермаркеттен сатып алынған самса, мантының ішінен тас үгінділері, шаш, пластмасса қиқымдары кездесіп, менеджеріне апарып бергенбіз. Менеджер кешірім сұрап, тиісті шара қолданатынын айтып ақталғанмен, бір аптадан соң сол жерден сатып алған самсаның ішінен тас қиыршықтары шықты.
Бірде жұмыстан үйге тым кеш оралған соң, тамақ дайындауға уақыт болмай, Абай даңғылының бойындағы ірі сауда орталықтарының аспаздық бөлімінен 10 тал манты сатып алдым. Сенесіз бе, сол мантының 8-нің ішінен целофан қиындылары шықты. Пиязбен бірге туралған сыңайлы. Ішінде пиязынан целофаны көп. Келесі күні менеджеріне айтып едім, бет бақтырмады. «Бізде бәрі дұрыс» деумен болды. Сол маркеттен қазы сатып алған едік. Қазанға салғаннан мүңкіген жиіркенішті иіс қолқаны қапты. Шіріген еттен жасапты. Бұдан кейін бұл дүкеннен тамақ өнімдерін сатып алмайтын болдық. Абай даңғылының бойындағы көрнекті супермаркеттердің бірінен сатып алған қазының ішінен білектей тері кесегі шықты. Осындай оқиғалар бірнеше рет қайталанған соң ешбір дүкеннен қазы сатып алмаймыз.
Бірде Алматы облысындағы бір ауылға қонаққа бардық. Сол үйдің келіні Алматыдағы ірі супермаркеттердің бірінде жұмыс істейді екен. (Әрине қаладағы бүкіл маркет атаулы нашар деген сөз емес). Өзіміз көрген жайттардан сөз етіп отырмыз. Басында еден жуушы болып жұмысқа қабылданған ол бүгінде манты жасаушы болып істейді. Келіннің әңгімесін естігенде жағамызды ұстадық. Біз күн сайын болмаса да анда-санда тағам сатып алып жүрген супермаркетте манты, самсалар өте лас жағдайда жасалатын көрінеді. Келіннің сөзіне сенсек, аспаздық бөлмесінің дәл жанында дәретхана орналасқан. Канализация жиі істен шығады екен. Сондай күндерде лас иіске бөккен бөлмеде былғаныш суды басып жүріп қыз-келіншектер манты жасайды екен. «Етті турап жатқанда кейде жерге түсіп қалады. Ондайды жерден сыпырып алып, фаршқа қоса саламыз. Барлық тағамдар осылай жасалады. Ал көпшілік тұтынушылар тек жалтыраған витринаға қарап, бұл дүкенге көп келетін сияқты. Тазалық мүлдем жоқ. Өзіміз қарнымыз ашқанда грил тауықты ғана жейміз. Одан басқасы лас жағдайда дайындалған» деп ағынан жарылды ол.
Жалпы көпшілік сатып алушылар тұтынушылық құқын дауламайтыны белгілі. Ұсақ-түйек іс деп есептейтініміз. «Ауру — астан» деген сөзді халқымыз байырғы заманнан айтып қойған ғой. Елімізде соңғы уақыта ішек-қарын аурулары көбейіп кетті. Тазалығы жоқ жерде даярланған, бұзылған өнімнен пісірілген тағам адамның түбіне жететіне (бірден болмаса да баяу) білгенімізбен аса мән бермейміз. Нәтижесінде аурудан сұлап түскенде ғана «Денсаулығымды ертерек неге ойламадым?» деп өкінеміз.
Асханаларды тексеретін жауапты мекемелер жуырда болған «дөнер оқиғасынан» кейін көпшілік тамақтану мекмелеріне қойылатын талапты күшейткені жөн-ау.
Айжан Әлжан
25 жас
Алматы қаласы