Қазақстан әлемдегі ең кедей елдердің қатарында. Өзге мемлекеттердің тұтынушы жәшігімен біздікін салыстырып көрген Өскеменнің қоғамдық кеңес өкілдері осындай тоқтамға келген. Бұл туралы «Қамшы» порталы gazeta.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Орташа есеппен белгіленген меже бойынша, қазақстандықтар азық-түлікке ай сайын 11 196 теңге жұмсауы қажет болған. Тіпті мемлекет, ең қажет деп тапқан азықтың түрлерін де ұсынған. Мәселен, елімізде бір адамға күніне жұмыртқаның үштен бір бөлігі, 100 грамм ет, 100 грамм жеміс-жидек, 300 грамм нан, сүт өнімдері 20 граммнан және жарты пакет шәй ұнтағы тұтынылу қажет-мыс.
Өскеменнің қоғамдық кеңес өкілдерінің пікірінше, Қазақстан дамыған елдердің қатарына қосылу үшін тұтыну жәшігінің құнын өсіру керек.
Мысалы Германияда азық-түлікке ай сайын жұмсалатын қаржы 500 доллар, Жапонияда 317, Италияда 260 болса, елімізде 72 доллар екен.
Өскемендегі анализ және жоспарлау институтының маманы Олег Чугунковтың айтуынша, Қазақстанның қазіргі жағдайы әлемдегі ең кедей Чад республикасы мен Африканың жағдайымен теңескен.
Соңғы девальвациядан кейін Қазақстанда азық-түлік тауарларының бағасы аспанға шарықтап кеткені туралы осыған дейін «Қамшы» порталы жазған болатын. Бұл да халықтың қалтасына салмақ түсіргені жасырын емес. Теңге бағасы 40 пайызға құнсызданып, қаржылық қиындық қос өкпеден қысқанда қарапайым халық қайтерін білмей қалғаны да өтірік емес.
Оның үстіне, Қазақстан Республикасы Ұлттық Экономика министрлігі, статистика комитетінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, 2015 жылғы тамызда азық-түлік тауарларының бағасы 2014 жылғы тамызбен салыстырғанда 3,5%-ға өскен.
2015 жылғы тамызда 2014 жылғы тиісті аймен салыстырғанда баға жармаларға 18,9%, алкогольді ішімдіктерге – 8,9%-ға, кофе, шай және какаоға, тоқаш және ұн өнімдеріне – 7,1%-дан, кондитерлік өнімдерге – 6,8%, нанға – 6,2%, балық және теңіз өнімдеріне – 5,9%, ұнға – 4,9%, макарон өнімдеріне – 3,9%, сүт өнімдеріне – 3,8%, жемістер мен көкөністерге – 1,7%-ға өсті. Бағаның төмендеуі қантқа 9,6%, май және тоң майға – 0,9%-ға байқалды.
Аталған кезеңде ет және ет өнімдері бағасының өсімі 0,8%-ды құрады. Шұжық өнімдеріне баға деңгейі 6,1%, шошқа етіне – 5,1%-ға жоғары болды, ал құс етіне – 7,2%, қой етіне – 0,7%-ға төмен болды.
Осыдан кейін «Мұнайдың үстінде отырған араб - бай, қазақ неге кедей?» - деген заңды сұрақтың туатыны рас. Осы тұста Қазақ қарамайының тарихында қазақтар немен шұғылданды дейсіз ғой. Ең алдымен кеніштерді ағылшындар тапты, одан кейін патшалық Ресей қожайын болды. Қазақтар солардың бұйрығына бағынып, шикізатты шелектеп тасып, қара жұмыс атқарды. Кеңес кезінде мұнайгаз секторын зертеген ғылыми база да болған жоқ. Басқару ісін Мәскеу түгелдей өз қолында ұстады. Қорыта айтқанда, геологиялық барлаудан бастап, өндірістің толық циклын өзі жасаған елдерде мұнайдың өзіндік бағасы төмен болуына бұл да ықпал етеді. Арабтар 8-10 доллар арзан мұнайды соның арқасында алып отыр. Бұл қазақ мұнайы қазақтікі емес екенін айқын аңғартса керек-ті.
Естеріңізде болса, нан бағасы 300 теңге болсын деп парламенттегі Қоңыровтың баласы қоңырсытқаны туралы қазақстандық БАҚ жарыса жазған болатын. Былай қарасаңыз, Қазақстанда нан бағасын өсіруге еш негіз жоқ та. Бидай өзімі де өсіріледі. Ұн шығарамыз. Тіпті, сол ұнды экспорттаймыз да. Соның сыртында, 17 млн халықты асырау үшін өндірілетін ұнның 20 пайызы жетіп артылады-мыс. Ал қалған 80 пайызы сыртқа экспортталады.
Осы ретте, Қазақстан мен әлемнің өзге мемлекеттеріндегі нан бағасын салыстырып қарайтын болсақ, бір бөлке нанның құны – Норгевияда 705 теңгеден басталса, АҚШ-та 644 теңге, Оңтүстік Кореада 537 теңге, БАӘ-нде 205 теңге тұрады. Ал Қырымда бір бөлке нанның орташа бағасы – 83 теңгеден сатылады. Қазақстандағы орташа баға – 60/55/45 теңге көлемінде.
Түйін:
Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда мұнай өндірумен нақты 50 мыңнан астам адам шұғылданады. Ал мұнайға қызмет көрсету саласында 1 мұнайшыға 5 адамнан келеді. Яғни, ғылыми зерттеу жұмыстары, құрылыс нысандары, ас-суы, логистика, бұрғылау, скважинаны дамыл-дамыл жөндеу жұмыстары, жер асты жөндеу, құрал-жабдықтар жеткізу… сынды осы секторға қатысты қыруар жұмысқа 300 мыңнан астам адам тартылып отыр. 300 мың адамның отбасы бар дейік, әрқайсының 2-3 баласы жоқ дегенде бар. Яғни, 1 миллион 200 мыңнан астам адам мұнай-газ секторының арқасында ел қатарлы еңбек, отбасын асырайды деген сөз. Ендеше қаржылық қиындық, жаһандық дағдарыс дегенге Қазақстан пысқырып та қарамайтын жағдайда болуы керек еді ғой. Әттең мұның бәрі өзіміздікі емес...
Ал соңғы девальвациядан кейін Қазақстанда азық-түлік өнімдері бағасының өсуін енді тоқтату қиын болатыны сөзсіз. Ішкі себеп – ауыл шаруашылығы өндірісінің қысқарып, халық санының өсуі. Ал халықтың кірісі азық-түлік өнімдерінің бағасына сай көбейіп отыруы - екіталай. Бұл жағдай негізінен ұн мен нанды талғажау ететін отбасылардың көбеюіне душар етті. Осыдан кейін Қазақстан әлемнің ең кедей мемлекеттерінің қатарына қосылмай қайтеді?! Ал Елбасы айтқан үздік отыздық көзден бұлбұл ұшқалы қашан?.. Осының барлығын жасаған да біреу, кінәлі де біреу және жауап беруі тиіс те сол біреу?..
Нұргелді Әбдіғаниұлы