Қазақстанда соңғы уақытта газ балоны жарылып, ыс тию салдарынан қайтыс болу жағдайлары жиілеп кетті. Бір ғана ақпан айында елді дүрліктерген бірнеше қайғылы оқиға болды. Жаңатас пен Түркістан облысында 9 бала 1 ересек адам ыс тиіп, көз жұмғаны, Петропавл мен Семейде газбаллоны жарылуынан 2 адамның өлуі баспасөз беттерінде жарияланғаны ғана. Мамандар мұндай жайттарға тұрғындардың газ құрал-жабдықтарын салдыр-салақ пайдаланудан екенін, көбінесе өз қауіпсіздіктеріне салғырт қарайтындықтан екенін айтып отыр.
Ал үйге дейін газ жеткізетін кәдімгі жер астындағы темір құбырлардың сапасы мен жағдайы қалай? Соңғы кездері сарапшылардың дабыл қаға бастағанына қарап мұнда да жағдай мәз емес деп топшыладық.
Мысалы, тек бір облыс көлеміндегі жағдайға тоқталсақ. Тозығы жеткен құбырлары көп аймақтардың бірі – Батыс Қазақстан облысы екен. Облыс аумағынан жүріп өтетін газ құбырының жалпы ұзындығы 2870 шақырымға жуықтайды.
Архив
Солардың арасында «Орталық Азия – Орталық», «Союз», «Бұқара – Орал», «Орынбор – Новопсков» секілді газ магистральдарының болат құбырлары ескірген. Әрине, өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары бүкіл кеңестер одағының күші мен қаржылық қолдауы арқасында тартылған желілер осы күнге дейін ресурсы сарқып біткен. Жамап жасқауға де келмейтіндей боп баралды дейді мамандар.
«Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы Батыс Қазақстан филиалының мамандары Ресейдің Орынбор облысындағы газ құбырында болған жарылыс сияқты оқыс оқиғалардың алдын алу үшін саладағы инфрақұрылымды жаңартуды қолға алу қажет деген пікірде.
«Орал» магистральдық газ құбырлары басқармасының директоры Дулат Борашев 2019-2020 жылдары жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша тозу деңгейі қиын деп бағаланған 660-қа жуық құбыр секциясы ауыстырылғанын мәлімдеді.
– Жылына 660 құбыр ауыстыру аздық етеді. Максималдық қуатқа жақындату үшін 9 мың құбыр ауыстырылуға тиіс. Бұл шамамен 100 шақырымдық жоғары сапалы болат құбырлар. Оның үстіне газ нысандары мен өндірістегі агрегаттар да 50 жыл шыдаспен жұмыс істеп, енді «қақалып-шашала» бастаған. Олардың кейбірі апатты жағдайда, біразы жарамсыздықтан істен шығарылып, резервке қойылған.
Тозған құбырларды тексеру, ашу, жаңасын қою секілді жұмыстар уақыт алады. Сондықтан мәселе бойынша шұғыл әрі нақты шешімдер қабылдануы керек, – дейді газ маманы.
Қазіргі таңда газ құбырына тек ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізіліп жатқанын жеткізген Дулат Борашев «компрессорлық станцияларға және агрегаттарға арналған қосалқы бөлшектерді табудың өзі қиынға соғып отыр. Оны шығарған зауывттар жабылған, не ол бөлшектер айналымнан шығарылған. Осындай кем-кетік «Орталық Азия – Орталық», «Союз», «Бұқара – Орал», «Орынбор – Новопсков» газ құбырларының бойында жетіп атылады. Оларды толық жөндеу үшін үлкен қаржат керек, ал ағымдғы жөндеумен ұзаққа бармаймыз» дейді сала маманы.
Мұнай-газ саласындағы ардагер маман Владимир Лехман жоғары қысымды газ құбырлары өте қауіпті екенін айтады. Мұның соңы жарылысқа соқтыруы ықтимал.
– Ұзақ уақыт қолданылған металл сапасын жоғалта бастайды. «Металлдың шаршауы» деген болады. Сап-сау тұрғандай көрінгенімен, сәл қысым артса, орасан жарылыс болуы мүмкін. Коррозия, стресскорозия, ұдайы өзгеріп тұратын құбырішілік қысым болат темірдің өзін жұқартып, іштен тоздырып жібереді. Енді елестетіңіз, жоғары қысымдағы газға толы осы жұқарған құбырлар елді мекендермен өтеді. Міне, қауіп қайда, – нағыз қауіп осы. Сондықтан тозығы жеткен құбырларды шұғыл ауыстырмаса болмайд, – дейді көпті көрген газ саласының ардагері Лехман мырза. Кезінде осы алып магистральдық құбырлардың салынғанына атсалысқан маманның сөзіне сенбеске шара жоқ!
– Оның үстіне газ тұтыну деңгейі елде жыл сайын артып келеді. Соңғы 10 жылда газ тұтыну екі есеге жуық артқан. Яғни 9 млрд текше метрден 17 млрд текше метрге дейін артқан. Бұл газ саласына, оның тозған құбырларына қосымша жүктеме, қосымша жұмыс және ең бастысы – жауапкершілік, – деді ардагер маман.
Бұл түйткілді мәселе біраз жылдан бері көтерілгенімен, тиісті деңгейде шешімін таппаған. Себебі, бәрі айналып келіп қаржыға тірелетіні рас. Қанша жерден табыс тауып отырғанның өзінде ұлттық оператор Қазтрансгаздың да шамасы жетпейтін көрінеді. Ішкі нарықтың тесігін шетелге сатқан газдың ақшасымен жауып отырған компанияда қаржы қайдан болсын...
Демек, газбен мәз болған жұртты осы бір игілігінен айырмаудың жолын мемлекеттік деңгейде ойластыратын кез келген сияқты.
Пікір қалдыру