НеМолчиKZ қоғамдық қоры Алматыда 19 жастағы Аяжан Еділованы аяусыз өлтірді делінген күдіктіні өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрайды.
НеМолчиKZ қорына өлтірілген қыздың жақындары хабарласып, істің мән-жайын ашып айтқан.
Бойжеткен Алматыдағы "Сымбат" динайн және сән академиясының 4-курсында оқыған. Өзінің авторлық коллекциясы мен интернет дүкені болған. Сондай-ақ сән салонында жұмыс істеген.
19 наурыз күні кешке Аяжан 20.48-де жұмыстан шыққан. Жатақхана маңындар оны ер адам тосып тұрған. 23.00-де Аяжанның телефонынан "шығып жатырмын" деген хат жіберілген. Сол түні Аяжан жатақханаға оралмаған.
Аяжаннан хабар болмаған соң басында сөйлесіп жүрген жігіті мен құрбылары дабыл қағып, ертесіне туыстарын тауып, іздеуге көшкен. Аяжанның жақындары оның белгісіз ер адаммен кездесуін интернет дүкен жұмысымен байланыстырады. Ер адаммен қарым-қатынас құру үшін кездескен болуы мүмкін деген нұсқаны терістейді. Өйткені Аяжанның жігіті болғанын айтады.
20 наурызда ертемен іздеу басталып, түскі 12 шамасында жақындары қыздың жоғалғаны туралы арыз жазу үшін полицияға барады. Алайда ол жақтағылар митингке байланысты күшейту жүріп жатқанқанын жеткізіп, арызды қабылдаудан бас тартқан. Кезекші бөлімдегілердің бірі "ол құрбыларымен немесе жігіттермен қыдырып, бір жерде ұйықтап жатыр. Оянған соң хабарласады. Біз мұндайды күнде көріп жүрміз" деген.
Полициядан шыққан жақындары іздеуді өз бетінше жалғастырған. Іздеуге достары мен еріктілер қосылып, такси қызметтеріне хабарласа бастаған. Аяжанның ағасы 20 наурызда 15.00-де 102 номеріне хабарласып, қыздың жоғалғаны туралы хабарлаған.
21 наурызда еріктілер индрайвер жүргізушісін тауып, ол Аяжанды апарған жердің мекенжайын айтады. Таксиді Руслан деген біреудің шақырғанын айтқан. Еріктілер мекенжайды полицияға хабарлап, абонеттік номер бекетінің базасы арқылы іздеуге көшкен.
Жақындары түнгі 11-лерде такси көрсеткен мекенжайға келгенде ол жерде полицейлер көптеп жүрген, пәтерге кіргізбеген. Сәлден соң жедел жәрдем көлігі келіп, пәтерден үстіне қан жұққан ер адамды алып шыққан.
Артынша арнайы уәкіл шығып қыз пәтерден табылмағанын айтып, ертеңгісін полицияға келулерін сұраған.
22 наурыз сағат 12:00-де жақындары полицияда болғанда, ағасы жаңалықтардан Аяжанның өлі табылғанын оқып, полицейлерден түсінік беруді сұраған. Полициядағылар Аяжан денесінің бөліктері 21 наурызда пәтерден табылғанын, бірақ оны туыстарына қалай айтарын білмегенін жеткізген.
НеМолчиKZ қорына күдікті әккі қылмыскер екенін, жас қыздың денесін әбден жіліктегенін хабарлады. Аяжанның ағасы күдіктінің медициналық білімі болғанын, зиялы отбасыдан шыққанын, көршілері тәрбиелі бала ретінде сипаттағанын айтқан.
Полиция таратқан ақпараттық хабарламадан 1993 жылы туған Н. есімді күдікті қызды Алатау ауданы Нұркент ықшамауданындағы тұрғынүйлердің біріне апарғаны, пәтер есігін бұзып кірген кезде күдікті өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені, қылмысын 19 наурыздан 20-сына қараған түні жасағаны белгілі болды. Күдікті қылмысының ізін жасыру үшін денені жіліктеп, кей бөлігін ауданнан алыс жерге қоқыс жәшігіне тастаған.
Қазіргі уақытта ұсталған 1993 жылғы Түркістан облысының тумасы тергеліп жатыр.
НеМолчиKZ қоры күдікті психикалық науқас ретінде жазадан қашып құтыла ма деп алаңдап, мұндай қатыгез қылмыс үшін күдіктіні өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етуде.
Пікір қалдыру