Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты үй қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы 2021 жылғы 14 мамырға дейін ұзартылды. Алайда сот бұл жолы оған 8:00 мен 19:00 аралығында үйінен шығуға рұхсат берді, деп жазады Zakon.kz сайты.
Сот мұндай шешімді экс-министрдің бұлтартпау шарасын бұзбауымен түсіндіріп, ел игілігі жолында жұмыс істеуіне болатынын мәлім етті.
Бұған дейін Біртановқа отбасы мүшелері мен адвокатынан өзге ешкіммен сөйлесуге болмайтын. Тіпті оған шаштараз да кіргізілмеген. Енді жаңа шараларға байланысты ол жұмысқа бара жатып жолай жолыққан адамдармен сөйлесе алады. 8:00 мен 19:00 аралығынан тыс уақытта шектеу бұрынғыша қала береді.
Елжан Біртанов 2020 жылғы 3 қарашада қамауға алынған. Ол аса ірі көлемде бюджет қаржысын ысырап ету фактісі бойынша күдікке алынған. 7 қарашада Біртановқа қатысты бұлтартпау шарасы өзгертіліп, үй қамаққа алынған. Мұнан соң үй қамаққа алу шарасы әлденеше рет ұзартылған.
Экс-министрдің адвокаты Дмитрий Куряченко Біртановты үй қамақта негізсіз ұстап отыр деп санайды. Оның айтуынша, бұл тергеу ісіне кедергі келтіріп жатыр, осылайша тергеушілер Елжан Біртановты қудалаудың барлық себептерін қарастыруы мүмкін.
– Экс-министрдің ақша жымқыру және ысырап ету фактісіне нақты дәлелдер табылған жоқ. Керісінше, оның кінәсіздігін растайтын фактілер жетерлік. Негізгі күдік хорватиялық "Эриксон Никола Тесла" компаниясының интеграцияланған Денсаулық сақтау платформасының жеткізушісі жасаған болжамдарға негізделген. Алайда тіпті "EGOV" сайтында азаматтар анықтаған медициналық мекемелерде тіркеу туралы жақында болған жанжал платформаның жұмыс істеп тұрғанын растайды. Бас прокуратура Біртановты қорғаудың өтінішін қолдап, тергеу туралы "Эриксон Никола Тесланың" қатысуымен қайта сараптама тағайындады, – деп мәлімдеген Дмитрий Куряченко.
Алдымен 2020 жылғы 5 қарашада Қазақстандағы белгілі 10-нан астам дәрігердің Біртановты қолдап жазған ашық хаты жарияланды.
Ашық хат авторлары Біртанов жұмысты тиімді істегенін, пациенттер мен әріптестеріне ашық министр болғанын тілге тиек етіп, оның қарапайым санитардан бастап, таксиколог дәрігер, бөлім меңгерушісі, ғылыми орталық пен медициналық холдинг жетекшісі, министр қызметтерін атқарғанын алға тартқан.
Сондай-ақ дәрігерлер Біртановтай білікті ұйымдастырушының жемқорлық дерегіне қатысы барына күмән келтіретіндерін айтып, оның елге мықты мамандарды тартудағы еңбегін, денсаулық сақтау жүйесінің дамуына қосқан үлесін, медицина қызметкерлері еңбекақысын арттыруға ықпал жасағанын атап өткен.
Ал 2020 жылғы 6 қарашада невропатолог-дәрігер Қайырғали Конеев "Біртановқа тағайындалған бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыруды талап еткен" онлайн-петиция іске қосқан.
Петиция авторының сөзінше, Біртанов репутациясын сауықтандыруға арналған әлеуметтік желідегі кампания "бюджет қаржысын ысырап қылғаны" үшін ұсталған министрді "пандемияға дайын болмағаны үшін айыптады" деп қоғамды адастырып отыр. Автор "кампания ұйымдастырушылары осы арқылы мемлекеттік органдарға қысым көрсетіп отыр" деп санайды.
Петиция ұйымдастырушылары Елжан Біртановтың жақтастарына қатысты қылмыстық кодекстің 407-бабы 2 тармағы бойынша (Сотқа дейінгі, жан-жақты, толық және объективтi тергеп-тексеруге кедергi жасау мақсатында прокурордың немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қызметiне қандай да болмасын түрде араласу) қылмыстық іс қозғауға шақырып, сот процесі аяқталғанға дейін экс-министрді қамауда ұстау шарасын өзгертпеуді талап етті.
Экс-министрдің күтікке ілінуіне қарама-қайшы көзқарас әлеуметтік желіде де байқалды.
Біртановты жақтаушылар оның қоғамға ашық министр болғанын атап өтіп, "Біртанов ісі" фармацевтика лоббистері арасындағы саяси тапсырыс болуы мүмкін екенін жазған.
Алайда 2019 жылғы мамыр-тамыз айларындағы қайтыс болғандар мен 2020 жылғы сәйкес кезеңде өлгендер арасындағы 31 мың айырмашылықты айтып, бұрынғы министр жақтастарын сынап жатқандар да бар. Сондай-ақ олар Біртанов вице-министр, министр болған жылдары ауруханалардағы төсек орнының 24 мың 960 орынға кемуіне жол бергенін мәлім етті.
Пікір қалдыру