Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарауға арналған жұмыс тобының 13 отырысы болып өтті. Бұл – биылғы жаңа маусым басталғалы екінші отырыс. Бірінші отырыс алдыңғы аптаның бейсенбісінде өткен болатын.
Өздеріңізге мәлім, қазірге дейін, Құдайға шүкір, қажетті ұсыныстарымыздың түгелге жуығы жұмыс тобының мақұлдауынан өтіп, алды Үкіметтен оң бағытта бекітіліп те үлгірді. Қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұруына басты кедергі болып келген «Келген елінен тіркеуден шыққаны туралы анықтама» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің №315 бұйрығымен (http://egemen.kz/2015/07/02/68662 ) Қытайдан келетін этникалық қазақтардан талап етілмейтін болды.
Сонымен бірге, екінші бас кедергі - «соттылығына байланысты анықтаманы» да күшінен қалдыру үшін жұмыс тобы мүшелері «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 49 бабының 9 тармағына өзгеріс енгізген болатын.
Мәжілістің жұмыс тобы бір ауыздан мақұлдаған сол өзгерісті Үкімет «Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар» деген «жаңа» нұсқамен кері қайтарыпты. Себеп, «Ұсынылып отырған түзету экстремизм мен терроризмнің жолын кесуге бағытталған шаралармен үйлеспейді және өз елінде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне жағдай жасауы мүмкін» екен. Үкімет басшысы К.Мәсімов қол қойған хатта осылай делініпті. Демек, шетелден келіп, тұрақты тұруға өтініш берген қандастарымыз келген елінен баяғыдай сотталмағаны туралы анықтама әкелу керек. Ал, Қытай елінің сотталғандарға немесе қылмысқа қатысы бар адамдарға шетелге шығуға рұқсат етпейтіні туралы арнаулы Заңы бар екені, сондықтан мұндай анықтама бермейтіні мүлде қаперге алынбаған. Біздің осы Заң жобасы талқылауға түскеннен бастап зарлағанымыға К.Мәсімов пысқырып та қарамаған. Қытайдан көшіп келіп, осы кедергінің кесірінен құжаттана алмай сергелдеңге түскен сан мыңдаған қандастарымыздың зары Премьер мырзаға шыбын шаққан құрлы әсер етпеген...
Осы мәселе алдыңғы отырыста тағы талқыға түсіп, Алдан Смайыл бастаған жұмыс тобындағы депутаттар Үкіметтің бұл шешіміне түгел қарсы болған соң, Гүлнар Сейтмағамбетова шешім жасауды келесі отырысқа қалдырған болатын. Сондай-ақ келесі отырысқа ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғынбаевты шақыратын болып тарасқан.

Бүгінгі жұмыс тобының отырысына сол Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғынбаев, Көші-қон полициясы департаментінің бастығы Серік Сайынов, ҰҚК-нен Марат Қалқабаев қатарлы жауапты тұлғалар келіп қатысты.
Ерлан Тұрғынбаев ерекше дайындықпен келіпті. Ол өз сөзінде қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұруда соттылғы туралы анықтаманың кедергі келтірмейтінін, Қытай жағының оны еш қиындықсыз беріп жатқанын, соның арқасында неше жүздеген оралман ағайынның тұрақты тіркеуге тұрғанын, азаматтық та алғанын майын тамызып отырып баяндады. Сөзі дәлелді болу үшін сол қандастарымыз әкелген «анықтаманың» екі-үшеуінің көшірмесін де ала келіпті. Жұмыс тобына көрсетіп оқып та берді(суретте).


Ал мен сол «анықтаманы» көріп, не күлерімді, не жыларымды білмей дал болдым. Министр мырзаның баладай аңғалдығына таңғалдым. Әлгі «анықтамалардың» бас-аяғына мүлдем назар аудармапты. Әкелген екі анықтамасының формасы екі түрлі. Қытайдың құзырлы орндарының арнайы құжат бланкысына емес, жай өзіміздің ақ қағазға жазыла салған, не тіркеу номері жоқ, қолдан жасалған, жалған құжат екені ап-анық көрініп тұр... Жұмыс тобы мүшелеріне бірден көрсетіп шықтым.
Айтарға болмаса, Ерлан Тұрғынбаев мырза ойланып-ақ қалды. Алдан Смайыл Қытай заңын алға тарта отырып, ондағы екі миллиоға таяу қазақтың тағдырын және мына мәселені қалай да шешу керектігін ІІМ-не қаратып, жеріне жеткізіп айтты. Мерует Қазыбекова да аянған жоқ, келеңсіздікті беттеріне келістіріп басты. Нұртай Сәбильянов бұл анықтаманы сұратуды Ішкі істер минстрлігінің өз құзыретіне алуды ұсынды.
Сонымен, Үкімет қабылдамай қайтарған өзеріс пен толықтыруды Мәжілістің қайта қарау құқығы жоқ екен. Жұмыс тобының жетекшісі дауысқа салып еді. Киколенко Олга Андреевна бірден қолдап қол көтерді, оны Құттықожа Ыдырысов құптай жөнелді. Алдан Сымайыл, Нұртай Сәбильянов және Бақытбек Сымағұлов қалыс қалды. Мерует Қазыбекова қарсы болды.
Ал, менің таңғалғаным мынау: Бұлайша өзі кесіп-пішетіні бар, Үкімет бұл Заң жобасын Мәжіліске неге салып, жыл бойы аш ішекше созады?! Қолайына жақпайтын өзгеріс пен толықтыруды мақұлдамайтын болған соң, бірден өзі қабылдай салмады ма?!! Екі емес, жиырма емес, екі жүз емес, екі миллион қазақтың тағдырына қатысты бұл мәселеге пысқырмаған Үкіметті Мәжіліс неге сенімсіздік білдіріп, отставкаға жібермейді ?!! Қысқасы, азаматтық алғысы келген ағайынға сол жалған анықтаманы жасатуға қисық заңымыздың өзі итермелеп отыр!
Отырыста Қытайдың Төлқұжат туралы занының қытайшасы мен қажетті бабының аудармасын ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғынбаевтың өз қолына ұстаттым. Ары-бері төңкеріп көп ақтарды. Қытай елінің сотталған адамға шетелге шығатын төлқұжат бермейтініне көзі әбден жеткен шығар...
Бір таңғаларлығы, «Көші-қон» Заңына кенедей жабысқан «соттылғы» туралы анықтамаға қарап, «Ұлы көштің» 24 жылында қанша террорист қазақ елге оралды екен деп ойламасқа шараң жоқ!
Елбасының тапсырмасын елең қылмай, Ішкі істер минитрлігін уысында ұстап отырған Мәсімов мырза осыған жауап берсін!!!
Ауыт Мұқибек, ақын