Шығыстанушы, 2000-2013 жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын басқарған Әбсаттар қажы Дербісәлі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы хабарлады.
"Мүфтиятты он жылдан астам басқарған, ғұмырын білім мен ғылымға арнаған Әбсаттар қажы Дербісәлі ауыр хәлде жансақтау бөліміне түсіпті...
"Достан – дұға" дегендей, Алладан шипа тілеп қойсаңыздар. Алла Тағала барша науқас жандардың дертіне шипа бергей. Сынақты сәттен аман-есен өтуді нәсіп еткей" делінген жазбада.
Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлі 1947 жылы 15 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. 1969 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік тәмәмдаған. 1970-1975 жылдары КСРО Ғылым Академиясы Шығыстану институтының аспирантурасында оқыды. Шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеуші, жазушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы.
Пікір қалдыру