Бұл мәселенің туындағанына көп бола қойған жоқ. Алайда, еліміздің мәдениет және спорт министрлігі осыған орай мардымды жауап қайтаратын түрі жоқ.
Еске сала кетейік, бұл кешеннің құрылысына мемлекет тарапынан 124 миллион АҚШ доллары жұмсалған болатын. Қазіргі бағаммен есептегенде бұл дегеніңіз 53 миллиард теңге екен. Қазіргі таңда спортшылар осы кешенде спорттың 18 түрімен шұғылданады.
Жекенің қолына өткен жағдайда, ол жерде тек велотрек қана қалып, жыл сайын 2 миллиард теңге ғана субсидия төленеді деп күтілуде.
Спорттың қалған 17 түрінің тағдыры әзірге ешкімге беймәлім қалып отыр. Сол сияқты осы маңызды обьектінің кімнің қолына өтетіні де жұмбақ күйінде.
Астанамыздың сол жағалауында орналасқан «Сарыарқаның» жалпы аумағы 50 000 шаршы метрді құрайды. Велотрек пен мұз айдынын қамтитын бұл кешенде олимпиада спортшылары даярлықтан өтеді, сонымен қатар тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедектер үшін де жеңілдіктер қарастырылған еді.
Кешеннің ең маңызды артықшылығы мынада. Ондағы аренаны кез-келген сәтте бокс, дзюдо, гимнастика, баскетбол, волейбол жарыстарын өткізуге, сондай-ақ, концерттік бағдарламалар ұйымдастыруға ыңғайластыруға болады.
Сонымен, Астананың сол жағалауында жасалып жатқан былықтар бір-бірімен баттасып жатыр.
Спортқа ешбір қатысы жоқ композитор-министр Жапонияға ат терлетіп барып, олимпиаданы жападан жалғыз тамашалап мәз, ал ұлттық арналардан жанкүйер болуды қанша армандаған біз секілді қарапайым жұрт жоғары билікте отырған шенеуніктердің бұл әрекетін түсінбей дал болуда. Басқа басқа спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сапиев мұны түсінуі тиіс емес пе! Не теледидарда жоқ, тек әлеуметтік желілерден ғана оқимыз да қоямыз. Біз қай ғасырда өмір сұріп отырмыз?
Ал чемпиондар лигасы дегенде, барлық трасляцияға қыруар қаржы бөлінеді. Ау, Олимпиада ойындарында еліміздің намысын жыртуға барған жерлестерімізді көк жәшікке телміріп, қолдау көрсете алмасақ, елдігіміз қайда?
Енді міне сол сорақылықтың соңын ала Нұр-Сұлтанның қақ төріндегі «Сарыарқа» да қолды болып кетпек пе! Ал, Мәдениет (өкінішке қарай спорт емес) министрлігінің жағасы жайлауда.
Сөйтіп, КІМНІҢ ҚОЛЫНА, КІМГЕ ӨТПЕК? Біздің салық төлемдеріміздің есебінен салынған осындай ОБЬЕКТІЛЕР біздің пікірімізді пысқырмай, жеке меншікке өте беруі тиіс пе?
Мемлекеттік жеке кәсіпкерлік мекемесі мүмкіндігінше қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Бір жағынан оларды түсінуге де болады. Дегенмен, олардың да жұмысын міз бақпас шенеуніктер әбден сергелдеңге салғанға ұқсайды.
Шынтуайтқа келгенде, Мәдениет министрлігі мемлекетімізге деген сенімді там-тұмдап жоғалта бастады!
Тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедектер тірнектеп жиған-тергендерін спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға жұмсап, кейбір ата-аналар өздерінің қолдары тимесе де, балдарын спорт үйірмелеріне бердім деп мәз боп жүргенде, кенеттен осындай проблемаларға ұрына бастады. Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты! Сонда спорттың қалған 17 түрін шенді шекпенділер дойбының тастарын секілді тақтадан шертіп-шертіп далаға лақтырып тастай бергені ме?
Ең сорақысы сол, жекенің қолына өтіп кеткен жағдайдың өзінде жеке мепншік иесіне мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 2 миллиард теңге бөлініп отырады екен! Ал бұл ақша тек велоспортшылар үшін ғана!
Енді мына фактіге назар аударып көріңізші. Олимпиада спортшыларын даярлайтын орталықтың екі кешені бар. Спорттың ондаған түрлеріне ол жерде жылына шамамен 2,8 миллиард теңге бөлінеді. Сонда велоспорт біздің ұлттық ойын түрі ме?
Егемендіктің алғашқы жылдары еріксіз есімізге түседі. Мемлекеттік обьектілер, балабақша, басқа да мәдени ошақтар болмашы бақырға сатылып, шенеуніктердің шекпенін жамылғандар ойларына келгендерін жасай бастады.
Түк өзгермеппіз! Баяғы жартас сол жартас!
Ғ. Бекзат
Пікір қалдыру