Жетісайлық тұрғын 300-ге жуық сіріңке қорабына салынған кептірілген марихуанамен ұсталды

/image/2021/08/19/crop-9_85_579x1029_6d74e2ce334876cbdc9f460841f7ab1c_1280x720.jpg

Түркістан облысында ер адамнан 840 түп және 300-ге жуық сіріңке қорабына салынған есірткі тәркіленді, деп хабарлады Polisia.kz сайты.

Түркістан облысы полицейлеріне Жетісай ауданында жергілікті тұрғынның бірі өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi егіп-өсірумен айналысады деген хабарлама түскен. Жетісайлық полицейлер жан-жақты тексеру жұмыстары нәтижесінде үйінің ауласының артқы жағында есірткі тектес сора өсімдігін өсірген жергілікті тұрғынды ұстаған.

"Тәртіп сақшылары күдіктінің ауласынан айғақ зат ретінде 840 түп өсіп тұрған есірткі затына ұқсас жасыл түсті, хош иісті өсімдікті тәркіледі. Сонымен қатар тұрғынның учаскесінен кептіріп жайып қойған тағы да 289 дана сіріңке қорабына салынған есірткі затына ұқсас жасыл түсті, хош иісті есірткі затының жапырақтары алынды. Жетісай аудандық полиция бөлімінде аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 300-бабы 2-бөлігінің 3-тармағына сай (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған ірі мөлшердегі өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) тіркеліп, тергеп-тексеру әрекеттері басталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында айғақ зат ретінде алынған есірткіге сараптама тағайындалды" делінген ақпараттық хабарламада.

Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген түптердің "сора", ал сіріңке қорабындағы есірткі затының "кептірілген марихуана" екені расталған. Күдікті ер адам қамауға алынған. Іс бойынша тергеу амалдары басталды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар