Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың даму барысын мұқият қадағалап отырғанн хабарлады.
"Аталған елдің тарихында тағы бір шешуші сәт келе жатыр. Көпжылдық жанжалды ауған халқы өзі шешуі керек. Қазақстан барлық тараптарды ішкі тұрақтандырудың басты алғышарты ретінде биліктің бейбіт транзитін қамтамасыз етуге шақырады. Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің инклюзивті және өкілдік үкімет құру, ұлттық азшылықтар мен әйелдердің құқықтарын құрметтеу, басқа мемлекеттерге қауіп төндіретін топтардың болуына жол бермеу, халықаралық құқықты сақтау туралы мәлімдемесін қолдаймыз. Осы ережелерді орындау Ауғанстанның жаңа билігімен диалогты бастау үшін қажетті шарт болуы тиіс" делінген министрлік хабарламасында.
Талибан қозғалысы Ауғанстандағы билікті қолға алғаннан кейін елде бейберекет басталды. Азаматтардың біразы елден кетуге тырысса, елде қалғандар үреймен күнелтіп жүр. Әсіресе, әйелдер құқығына байланысты алаңдаушылық басым. Ауғанстандағы әйелдер мен әйелдер құқығы жөніндегі сарапшылар тәліп билігі қыз-келіншектерге паранджа кигізіп, білім алуға, жұмыс істеуге шектеу қоюы мүмкін деп қауіптенеді.
Пікір қалдыру