Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда ішкі істер органдары қызметкерлерінің лауазымдық еңбекақысы орта есеппен 30 пайызға өсетінін айтты. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
– Осы мақсатқа 100 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ұлттық ұлан сарбаздарының айлық жалақысы біртіндеп өсіп келеді. 2021-2023 жылдары офицерлердің жалақысы 70 пайызға, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің еңбекақысы 60 пайызға жуық артады.
2024 жылдың соңына дейін арнайы күштерде қызмет ететіндер мен келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүргендердің бәрі офицер шенін алады. Жыл сайын тұрғын үйге қомақты қаражат жұмсалып келеді. Қазіргі кезде 24 мың полиция қызметкері мен 13,5 мыңнан астам әскери қызметшіге тұрғын үй төлемдері беріліп тұрады. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзететін қызметкерлерге жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету біздің мемлекетіміздің басымдықтарының бірі болып қала береді, – деді президент.
Тоқаев құқық қорғау органдарында қызмет ету физикалық және психологиялық қысымға ұшыратып, кейде жеке өміріне де қауіпті екенін атап өтті.
– Тәуелсіздік жылдарында ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қатарынан, барлығы 802 азамат қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапты. Олар өмірінің соңына дейін антына адал болды. Ерлердің есімі мәңгі ұмытылмайды. Жанқиярлығы мен батырлығы үшін 1567 қызметкер ордендермен және медальдармен марапатталды, – деді мемлекет басшысы.
Пікір қалдыру