Ауғанстанның жер қойнауы табиғи ресурстарға, алтын мен асыл тастар, мыс пен литийге бай. Елдегі билік ауысқаннан кейін құны 1 триллион доллардан асатын байлыққа кім ие болады деген сауал көпшілікті қызықтырады.
Би-би-сидің орыс қызметі жазғанындай, ғасырлар бойғы соғыстардан зардап шеккен елдегі режимнің өзгеруінен кейін табиғи байлықты, адами капиталды және Ұлы Жібек жолының орталығын кім басқаратыны белгісіз болып тұр.
Кезінде кеңес және америкалық геологтар Ауғанстанның таулары мен шатқалдарында көкнәр екпелері мен ондаған миллион тонна мыс пен боксит, миллиардтаған тонна темір рудасы, сондай-ақ алтын, мәрмәр және басқа да құнды қазбалар бар екенін мәлімдеген.
Алайда осы уақытқа дейін Ауғанстан мұның бәрін қазып, сата алмады. Ал түскен ақшаны халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға, медицинаға, білім мен ғылымға жұмсауға қауқарсыз болды.
Ел үкіметі бүған дейін үнді, британиялық, канадалық және қытайлық инвесторлармен келісімге қол қойған. Алайда елдегі жемқорлыққа баланысты, әлі де тау-кен жұмыстары басталмаған.
Бизнеске жарамды елдер рейтингінде дүниежүзілік банк Ауғанстанды 190 елдің ішінде 173-ші орынға жайғастырған. Ал жемқор мемлекеттер рейтингінде ол 180 елдің 165-іншісі болып тұр.
Жеке бизнестің дамуына елдегі қауіпсіздіктің төмен ахуалы мен саяси тұрақсыздық, мемлекеттік институттардың әлсіз болуы, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі тұсау болып отыр. Өндірістің, экспорттың үлесі көлеңкелі экономикаға, есірткі, контрабанда және пайдалы қазбаларды заңсыз өндіруге тиесілі.
"Америкалықтардың кетуі және Тәліптердің Ауғанстандағы билікке оралуымен бұл проблемалар шешілмейді. Инвесторлар жемқор шенеуніктермен жұмыс істей алады. Ал көптеген елдерде террористік ұйыммен жұмыс істеу қиынырақ" делінген Би-би-си материалында.
Пікір қалдыру