Жолдау – 2021: Сапалы білім – еліміздің басты басымдықтарының бірі

/image/2021/09/08/crop-11_390_619x826_78ffa2c4-71ef-4b40-8e04-cce3eb86d550.jpg

Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы Жолдауы өзінің нақтылығымен және мақсаттылығымен елдің алдағы жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын айқындайды. Мұны Президентіміздің «Менің бастамаларым- халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған» деген сөзінен-ақ аңғаруға болады. Бұл нақты практикалық істер бағдарламасы, сөзсіз, барлық қазақстандықтарға, ең алдымен, бізге, зиялы қауымның алдыңғы қатарлы бөлігі – ғалымдар мен педагогтерге қатысты», - деп атап көрсетті.

Жолдауда көтерілген мәселелер барлық қазақстандықтарды, бірінші кезекте ұстаздар құрамын бей-жай қалдырмайды. Жолдауда еліміздің әл-ауқатын дамыту мен экономикасын жетілдіру жолындағы ұстанған басты басымдықтарының бірі Білім беру саласы екендігі баса көрсетілді. Президент Жолдауының бір бағыты сапалы мәселелеріне арналғаны қуантады.

«Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз. Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа. Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мұндай ахуал негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылардың саны артуына әкеп соқты. Тағы бір проблема, нағыз қиындық осы деуге болады, балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйткені білім алуды қажет деп санамайтын болды. Үкіметке бұл мәселемен, атап айтқанда қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырамын. Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс.   Сонымен бірге, жағымды жаңалығымыз да бар. Биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Біз оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар береміз. Бір реттік ақшалай сыйақы да төлейміз.  Балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырған жөн. Тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсету айрықша маңызды. Материалдық қолдау көрсету шараларын «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасымен толықтырған жөн. Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс. Бұл ретте, ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейді.   Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025  жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін», - деп баса айтты Қ.-Ж. Тоқаев.   

«Министрлік білімді заманға бейімдеуі қажет», «білікті мамандар керек» деген уәждері үлкен міндет жүктейді.  Бүгінде бұл көтерілген мәселенің жай ғана сөз емес, іс жүзінде жүзеге асып жатқандығының куәгеріміз.

ҚР Президенті өткен жылы Үкіметке Педагог мәртебесін және мұғалімдердің жалақысын арттыруды, отандық ғалымдарға ерекше назар аударуды, білім беру саласын жан-жақты қолдауды тапсырған болатын.

Халықаралық олимпиада жеңімпаздарына, оқушыларға конкурссыз грант беру, жетекшілеріне материалдық қолдау көрсету  керектігіне назар аударылғаны да маңызды.

Ел Президентінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауы – Қазақстан Республикасының азаматтары үшін тарихи жағдай. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауында ел мен қоғамның одан әрі дамуының пайымы баяндалып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық міндеттер белгіленген.

Қорыта айтқанда, Президент Жолдауынан кейінгі түйін – жоғары білім беру саласының алдында кәсіби кадрларды даярлау тұрғысынан мемлекеттің үмітін ақтау міндеті тұр. Яғни, жасампаз шығармашылық кәсіби мамандарды дайындап, ел игілігіне қызмет істеуге жұмылдыру. Демек, академиялық қауымдастықтың ендігі ісі – қазақстандық білімді білім берудегі әлемдік көшбасшылардың деңгейіне шығару. Осынау игілікті істердің нәтижелі болуына сенім білдіремін және өз үлесімді қосуға мүдделімін деп санаймын.

Бегалиева А.К., Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар