Өз құқығын қорғау үшін тәліптерге қарсы наразылыққа шыққан ауған әйелдеріне қысым көрсетіліп жатыр. Бұл туралы Daily Beast басылымы хабарлады.
Тәліптер кейбір әйелдерді наразылық акциясына қатыстырмау үшін жертөлеге қамап, оларды таяқпен ұрып, әуеге оқ атып қорқытуда. Әлеуметтік желіде банктің жер асты автотұрағына қамалған әйелдердің видеосы жарияланды.
– Тәліптер Кабул көшелеріндегі наразылыққа жол бермеу үшін әйелді Азия банкінің жертөлесіне қамап қойды, – деп айтады видеода.
Сондай-ақ тәліптер Ауғанстан астанасындағы наразылықтарды тарату үшін әйелдерге таяқ пен қару-жарақ қолданған.
Басылым хабарлауынша, әйелдер білім алу, жұмыс істеу құқығын және ер адамсыз үйден шығу мүмкіндігін сақтап қалғысы келеді. Олар осы мүмкіндіктің бәріне соңғы 20 жылда қол жеткізген.
– Біз әлеуметтік желілер арқылы адамдарды митингке шақырдық. Олар біз күткеннен де көп жиналды. Біз бүгін түнде наразылыққа шығатын басқа да адамдарды күтеміз. Өйткені адамдар террорды, соғысты қаламайды. Тәліптер билік басына келгеннен бері өлімдер мен террорлық шабуылдар көбейіп кетті. Наразылыққа шығуымызға олар бізді өздері итермеледі, – дейді наразылықты ұйымдастырушылардың бірі.
Пікір қалдыру