"Алматы ма, Алма-ата ма?". Осы сауал төңірегінде Гарвард университеті Хэрбэнк зерттеу орталығының зерттеушісі, тарихшы, картограф Нұрлан Кенжеахмет пікір білдірді. Тарихшы Алматы қаласының тарихи аты "Алмалы" немесе "Алмалық" екенін айтты. Бұл туралы картограф өз Facebook парақшасында жазды.
"Тарих адам санасына бағынбайды, бағындырам десең де, оның салдары өз ойлағаныңның керісі боп шығады. Колумбының батысқа кетіп жаңа құрылықты табуы оның көздеген мақсаты емес еді, мақсаты біреу ғана: шығыстың байлығын, алтынын Еуропаға әкеліп баю! Екі ай теңізде еш бағдарсыз жүзген кемешілер Колумбының жағасынан алып артқа қайтамыз деп шу көтергенде, желкеннің үстінде тұрған бағдаршының "әне тау" деген дауысы кемедегілерді елең еткізеді. "Құрылықты көрген бірінші адамға сыйақы беріледі" деген уәдесінде тұрмаған Колумб, "құрылықты бір күн брын өзім көргем, сендерге айтпай сыйақы өзіме жазып қойғам" деп бағдаршыны сыйақыдан қағып тастайды. Жаңа құрылық осылайша кездейсоқ табылады. Адамзат тарихы жаңа дәуірге аяқ басады. Колумбының жаңа құрылықтан тапқан бірінші алтыны өзі "үнді" деп атаған адамның құлағындағы сырғасы болды. Оның екінші олжасы Еуропаға темекіні әкелді. Колумбының серіктесі Америго Веспуцци өз алдына Амазон сағасына дейін жүзіп барған соң, өздері тапқан құрылықтың жаңа құрылық екенін 1504 жылғы бір хатында жазады. Бірнеше жылдан соң баспадан шыққан Птолемейдің дүние жүзі картасындағы Азия құрылығына жапсарластыра орналастырған осы жаңа құрылыққа Америгоның құрметіне Америка деп ат қойылады.
Әлқиса, жоғарыдағы әңгіме Алматы атауымен қатыссыз болса да, тарихи тәлкек жағы бір. Осы жазбама кей "ұлтшылдар" ыза болуы мүмкін. Қазақ тілінің дыбысталу заңдылығы бойынша Алматы "Алмалы" болып дыбысталуы керек. Алмалы деген жер НЕМЕСЕ өзен Алматы өңіріндегі көне жер аты, қазірге дейін қолданылып келеді. Жұңғар империясы құрылған соң, оның йелігіндегі түркілік жер аттары түгелдей жұңғарша атала бастады. Жыланды--Моғайты, Ақсу--Цаған-усу, т.б. Оның үстіне қазақ-жұңғар тілдеріне ортақ 3000 нан астам сөз бар, осы сөздер жер аттарында кеңінен қолданылған. Жұңғарша ма, қазақша ма, парықтау қйын. Қазақтар жерін жұңғардан азат еткен соң, бұрынғы түркілік атаулар қалпына келе бастады, мысалы 18 ғасыр картасында Цаған-усу деген өзен АҚСУ [Талдықорғанның шығысында], Моғайты ЖЫЛАНДЫ деп қалпына келді.
18 ғасырдағы жұңғар, манжу карталарында Алматы жұңғарша дыбысталуы бойынша Әлимуту деп аталды (төмендегі карта no. 121), Алмалы деген мағынада. Жетісудағы көп жер-су аттары жұңғарша атауы бойынша қазірге дейін аталып келеді: Быжы, Алтын Емел, Қаскелең, Боралдай, т.б. Алматы Әлимутының өзгерген түрі, Алма-ата Алматының құбылған түрі, түпкі қайнары жұңғарша, ал түркілік аталуы Алмалы емесе Алмалық" деп жазды тарихшы.
Пікір қалдыру