5 қазан күні борышкер тарапынан таяқ жеп аты шыққан жеке сот орындаушы Әділ Ермековке полиция департаменті айыппұл тағайындады. Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаменті бастығының тергеу бойынша орынбасары Рустам Әбдірахманов өзінің instagram парақшасында хабарлады.
Осылайша, жеке сот орындаушы Әділ Ермеков көлікпен жол қозғалысы кезіндегі қауіпсіздік ережесін сақтамағаны үшін 2 АЕК (5 834 теңге) көлемінде айыппұл төлеуіне тура келеді.
Бұған дейін Алматыда жеке сот орындаушысы Әділ Ермеков қызмет барысында соққыға жығылып, оған кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраровтың қатысы бар деген ақпарат шыққан. Жанқош Тұраров оқиға орнында болғанын, бірақ ешкімді ұрмағанын жеткізді. Ал Республикалық сот орындаушылар палатасы сот орындаушы мен борышкер арасында болған кикілжің кезінде полиция қызметкерлерінің оқиға орнынан кетіп қалғаны туралы хабарлаған болатын.
Пікір қалдыру