Біріншіден, бұл ЭВОЛЮЦИЯЛЫҚ қағидаты.
Ешқандай да «алға озу» болмауы тиіс. Әлеуметтік саладағы барлық өзгерістер даму деңгейімен Қазақстан экономикасының мүмкіндіктеріне сәйкесуі тиіс.
Жаңғырту үдерістерінің алгоритмі кейін қалған салаларды, өңірлерді, әлеуметтік топтарды қолда бар стандарттар мен әлеуметтік даму көрсеткіштеріне «тартуға» арқаулануы тиіс.
Екіншіден, ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК қағидаты.
Әлеуметтік жаңғыртудың барысы мен нәтижесіне жауапкершілікті тек мемлекет пен оның барлық басқару деңгейлері ғана емес, сондай-ақ жекеменшік құрылымдар, барлық қоғам бөлісуі тиіс.
Жаңғыртудың табыстылығы үшін әрбір азаматтың өз Отанына пайдалы болуы өте маңызды. Жаңғырту барлық қазақстандықтарға қажет. Осындай түсіністік жағдайында ғана кең көлемді қоғамдық консенсус пен табысқа қол жеткізуге болады.
Үшіншіден, ӘРІПТЕСТІК ҚАТЫСУ қағидаты.
Барлық жұмыс мемлекеттің, бизнес пен азаматтың тығыз өзара іс-қимылы негізінде құрылуы тиіс. Бұл жерде биліктің міндеті - мемлекет, қоғам мен жеке адам мүддесінің рационалды тепе-теңдігін қамтамасыз ету.
Шынайы әділеттілік дегеніміз, міне, осы.
Әлеуметтік әріптестікті белсенді дамыту, елдің мемлекеттік емес секторын, бірінші кезекте, әлеуметтік саланы жаңғыртуға қатысуын кеңейту үшін жағдай жасау маңызды.
Төртіншіден, ЫНТАЛАНДЫРУ қағидаты.
Мемлекет қазақстандықтар өз бетінше өзінің өмір сапасын жақсарта алулары үшін жағдайлар жасауда. Мемлекеттік әлеуметтік қолдау адресаттарға олардың еңбек, шығармашылық және қоғамдық белсенділігін оятуға бағытталып отыр.
Иә, мемлекет көмектеспеуге болмайтын жерлерге көмек қолын созатын болады. Бірақ азамат өзінің қолынан келетін шаруаны өзі атқаруы тиіс.
Және бұл әділетті болмақ!
Тағы да атап көрсетейін, бүгінде әлеуметтік дамудың жаһандық тренді «ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫНА» өтуге барып тіреледі. Сондықтан адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін құру - Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі.
Бесіншіден, КӘСІБИЛІК қағидаты.
Барлық қабылданатын шешімдер егжей-тегжейлі есептеліп, әлемдік тәжірибені оқып-үйрену негізінде ғылыми дәлелденген ұтымдылық қаперге алына отырып қабылдануы тиіс.
Міндеттер мен қағидаттарды нақ осылай түсіну әлеуметтік жаңғырту үдерістерінің негізіне жатқызылғаны жөн.
Пікір қалдыру