4-ші ТАПСЫРМА
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін:
- өзін өзі еңбекпен қамтығандар тобындағы еңбекке қабілетті халықты нақты жағдайларды және жұмыспен қамту саласының перспективасын ескере отырып, жұмыспен қамтуға қарай ойыстырудыңәдістемесін әзірлесін;
- өзін өзі еңбекпен қамтыған халықты айқындау жөніндегі жаңа әдістемені ескере отырып, жұмыссыздық деңгейін айқындаудың әдістемесін жетілдірсін.
Әлеуметтік-еңбектік қатынастардың барлық субъектілерінің құқықтық сауаттылығын арттыру - жұмыспен қамту саласындағы қатынастарды жетілдіру жөніндегі жұмыстың маңызды бөлігі.
Мен мынаны атап көрсеткім келеді: еңбек адамы құқықтық мәселелерден тысқары қалуы тиіс емес.
Жұмысқа орналаса отырып, олардың барлығы өздері қол қоятын әрбір қағазға мән беріп, олардың маңызын түсінулері керек.
2007 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі жұмыспен қамтудың барлық салаларын құқықтық қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болды. Алайда көптеген сарапшылар кодекстің қызметкерлердің барлығы бірдей түсінулері үшін күрделі екендігін атап көрсетуде.
Бұл проблеманы шешу үшін, біріншіден, жалдамалы жұмысшыларды құқықтық оқытуларды ұйымдастыру қажет. Бәлкім, мұны жұмыс берушілер есебінен жүргізуге болар. Екіншіден, кең көлемдегі үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізу, еңбек заңдарының негіздерін түсінікті түрде баяндайтын түсіндіру материалдарын жариялау керек.
5-ші ТАПСЫРМА
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі:
- 2013 жылдан бастап қызметкерлерді Қазақстан Республикасының еңбек заңдарының негіздеріне оқыту жүйесін ұйымдастыру туралы мәселені 2012 жылдың 1 желтоқсанына дейін әзірлесін;
- Еңбек кодексінің негізгі ережелері және еңбек қатынастарын реттейтін басқа да құқықтық актілер жөніндегі жалпыұлттық анықтамалықтардың бірыңғай серияларын шығару мен таратудың, соның ішінде интернет пен мемлекеттік органдардың ресми сайттарының мүмкіндіктерін пайдаланудың жобасын әзірлесін
b) Кәсіптік біліктіліктің ұлттық жүйесі.
Әрбір адам, соның ішінде, әсіресе, жастар белгілі бір кәсіптік саладан өз болашағын көргісі келетіндігін мойындау қажет. Бұл - өте қалыпты жағдай. Өйткені, адам өзінің қайда бет алғандығын анық көрген кезде ғана биікке қарай күш-жігермен ұмтылады.
Сондықтан біліктіліктің ұлттық жүйесін (БҰЖ) құру жөніндегі барлық жұмыстарға барынша екпін берілуі қажет. Олар тек нормативтік маңызға ие болып қана қоймай, сонымен қатар, әрбір кәсіп үшін «жол картасы» да болуы қажет.
БҰЖ әрбір мамандық бойынша кәсіпқойлық лифтіні «құрудың» мүмкіндігін береді. Оның үстіне білікті жұмысшылар ұлттық жүйеге енгізілуі тиіс.
БҰЖ-ды құру үшін нормативтік базаның негіздері Еңбек кодексіне 2010 жылы енгізілген қосымшаларда қалыптастырылған. Алайда бұл үдерісті жеделдету керек.
Қалыптастырылатын біліктіліктің ұлттық жүйесінің ең басты мәселесі мынада: БҰЖ аясында әзірленген кәсіпқойлық үлгі-қалыптары оқу орындарында мамандар даярлау кезінде қабылданатын білім үлгі-қалыптары үшін бағдар болуы тиіс. Кәсіпқойлық және білім беру үлгі-қалыптарының арасында алшақтық болмауы керек.
Еңбек ресурстарының жалпы рыногын құруды көздейтін Бірыңғай экономикалық кеңістік жағдайында үш елде біліктіліктің ұлттық жүйесін құру жұмыстарын үйлестіру қызметінің маңызы зор.
Пікір қалдыру