Әлеуметтік жаңғырту 2 және 3-тапсырмалар

/uploads/thumbnail/20170708195424770_small.jpg

2-ші ТАПСЫРМА

Үкімет Парламентпен және «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесе отырып 2012 жылдың соңына дейін әлеуметтік саладағы ұлттық заңдарға түгендеу жүргізсін және әлеу­мет­тік жаңғыртудың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес оны реформалаудың Тұ­жы­рымдама жобасын енгізсін.

Бұл жұмысқа барлық мемлекеттік органдарды және өңірлер әкімдерін қосу маңызды. Олар қолданыстағы заңдардың тиімділігін күшейту және жаңа заңдарды жоспарлы әзірлеу жөнінде нақты ұсыныстарын енгізуі тиіс.

Мәселен, жастар саясаты туралы жаңа заң аясында әлеуметтік еңбек орындарында жас қазақстандықтар үшін «әлеуметтік лифтілердің» тетіктерін құру маңызды. Біз жастарға қатысты жәйттерді бетімен жібере алмаймыз.

Кәсіптік біліктіліктің ұлттық жүйесі туралы заңдардың болуы талап етіледі.

Қазақстан қоғамын төменгі басты индикаторлары көрсетілген әлеуметтік стандарттар мен әлеу­меттік құқыққа кепілдіктер туралы заң қажет.

Парламентке таяудағы сессиялар кезінде не­ғұр­лым қажет етілетін заңдық актілерді қараған жөн болады. Мұнда жаңа заңдардың тиісті мәсе­лелерді кешенді шешуін, олардың тікелей әрекет етуін, қазақстандықтардың күткен үміттеріне сәйкес келуін, халықтың өмірін қолайлы да ыңғайлы етуін, бәріне түсінікті де қолжетімді болуын ереже есебінде басшылыққа алу керек.

Депутаттар өз жұмыстарын белсенді ете түсуге міндетті.

Және осылардың бәрімен заңдарды жаңалау аяқталмайды. Төменде әлеуметтік жаңғырту басымдықтары аясында нақты заң актісі жөніндегі басқа да тапсырмалар түйінделген. 

3-ші ТАПСЫРМА

Үкімет Парламентпен және «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесіп 2012 жылдың соңына дейін бесінші шақырылған Парламенттің бүкіл жұмыс кезеңіндегі заң шығармашылық жұ­мысының терең де жан-жақты қарас­ты­рыл­ған Тұжырымдамалық Жоспарының жобасын әзірлесін және келісуге енгізсін.

2. Әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиім­ді модельдерін қалыптастыру

Әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мә­селесі болып әлеуметтік-еңбек қатынас­тарының тиімді модельдерін құру табылатындығы күмәнсіз.

Бұған барлық мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық ерекше назар аударғаны жөн.

а) Жұмыспен қамту саласын дамыту.

Тәуелсіздіктің екі онжылдығы ішінде жұ­мыс­пен қамту саласы аса зор өзгерістерге тап болды. Жұмыспен қамтылған халықтың саны 700 мыңнан астам адамға өсіп, 8,4 миллион адамға жетті.

Халықтың елеулі бөлігі 90-шы жылдары «мәжбүрлі жұмыссыздық мектебінен өтті».

Көптеген адамдар еңбекті өз бетімен ұйым­дас­тыруға, еңбек біліктілігін өз бетімен алмастыруға қабілеттілік көрсетіп, бизнесмендерге айналды. Әрине, олардың арасында мемлекет тарапынан мақ­сатты түрдегі қолдау құралдарын пайдалана білушілер де болды.

Бүгінгі күні біз индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру үстіндеміз.

Бұл - ел болашағы үшін нөмірі бірінші мәселе.

Жаңа жұмыс орындары құрылуда. Бірақ біз жұмыссыздардың барлығы бірдей жұмыс істеуге ұмтылмайтындығын да көріп отырмыз. Өкінішке қарай, адамдар арасында жаңа біліктілікті меңгеруден гөрі базарда «такси» қызметін атқаруды қалайтын психология сақталып отыр.

Егер біз бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келетіндігі рас болса, бұл психологиядан арылу қажет! Жаңа біліктілікті меңгеру және зауытқа, өндіріске бару керек. Жас та және ересек те қазақстандық бос отырып, бәрін де сынай бермей жұмыс бар жерге, НӘ-ПА-ҚА табатын жерге қарай ұмтылулары керек!

Басқа елдерде адамдар жұмыс үшін алыстағы шет мемлекеттерге барып, ешбір кепілдіксіз еңбек етуде.Ал біз өз елімізде жұмыс орындарын құрудамыз, жаңа өндірістер салудамыз. Сондықтан, жұмыс бар жерге бару керек. Біз былай да жинақы, көшіп-қонуды көп бастан кешкен халық емеспіз бе!

Жұмысы бар халықтың үштен бір бөлігін «өзін өзі еңбекпен қамтығандар» дейтін топтар құрайды.

Алайда олардың санын анықтау тәсілі шартты ғана.

Бұл санаттағылардың арасында мал ұстайтын жеке аула иелері (былайша айтқанда, ұсақ фермерлер), өз автокөліктерімен жеке тасымал жасаушылар, бірнеше пәтер ұстап, соларды жалға берушілер бар. Өзін өзі жұмыспен қамтығандардың елеулі бөлігін тұрақты жұмысы жоқ еңбекке қабілетті адамдар құрайды.

Сондықтан бүгінгі күні өзін өзі еңбекпен қамтыған халықты нақты экономикаға қосуға бағытталған шараларды жүзеге асырудың маңызы зор. Бұл шараларда инфрақұрылымдарды, Индус­трияландыру картасындағы нысандарды дамыту перспективалары есепке алынуы тиіс.

Үкіметке индустриялық және инновациялық экономикалардың жаңа нысандарын өзін өзі жұ­мыс­пен қамтыған халық неғұрлым көп шоғыр­лан­ған өңірлерде құру туралы мәселені шешу керек. 

 

 

Әлеуметтік жаңғырту 2 және 3-тапсырмалар

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар