Қазақстанның EGov электрондық платформасы Ресейлік СБЕР компаниясына берілмейтін болды. Бұл туралы қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Facebook парақшасында хабарлады.
Белсенді 9 қараша күні елордада Сараптамалық кеңестің бірінші отырысы өткенін, кездесуге көптеген қазақстандық IT компаниялар мен өзі қатысқанын мәлім етті.
Тайжан жиын барысында министр Бағдат Мусин ресейлік Сбербанк Қазақстандағы цифрландырумен айналыспайтынын, елдігіде елдің цифрлық дамуымен тек отандық компаниялар шұғылданатынын айтқанын жеткізді.
"Сәйкесінше, Сбербанкке Қазақстан азаматтарының ешқандай жеке деректері берілмейді. Сбербанк ешқашан біздің деректер базасына қол жеткізе алмайды. Азаматтардың деректер базасы тек Қазақстан аумағында сақталады. 500 миллион доллар (Қазақстан үкіметі мен Ресейлік компания арасындағы келісім құны - ред) негізінен елде қалып, алдағы 5 жылда отандық ІТ компаниялар мен олардың қызметкерлеріне төленеді. Олар өзіміздің серверлік базаны әзірлеуге тиіс. Цифрландырудың жаңа бағдарламасы 5 жылға жоспарланған" деген белсенді мұндай шешім азаматтық қоғам арқа сында жүзеге асқанын жеткізген.
Мұхтар Тайжанның мәлімдемесінде айтылғандарға байланысты әзірге ресми ақпарат шыққан жоқ.
Бұған дейін Қазақстан премьер-министр Асқар Мамин мен ресейлік СБЕР компаниялар тобының басшысы Герман Греф Қазақстанның цифрлық трансформациясы, цифрландырудың платформалық моделіне және "Data-Driven Government" тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Ол бойынша ресейлік компания Қазақстанға Data-Driven Government (деректер негізіндегі үкімет) тұжырымдамасын жасап беруге тиіс болған. Жоба құны 500 миллион долларға бағаланған.
Қазақстан үкіметінің ресейлік компаниямен әріптес болатыны қоғамда наразылыққа тап болып, билік өткір сын астында қалған. Жобаны сынаушылар егер үкімет СБЕР компаниясымен келісімге келсе, Қазақстан цифрлық егемендігіне қауіп төнетінін айтады.
Пікір қалдыру