Кінәлі: Биліктегі сатқындар ма? Халықтық белсенділер ме?

/image/2022/01/11/crop-12_4_348x618__122600960_2e630142-128c-4a84-8c7f-247c74cc8286.jpg

Жаңаөзенде басталып, тұтас республиканы қамтыған халық наразылығынан кейінгі жаппай тәртіпсіздіктен ел енді-енді қалыпты тіршілігіне орала бастады. Алматыда кешелі бері интернет желісі қосылды. Әзірге тек белгілі бір мезетке ғана. Өзге аймақтардағы жағдай да осындай. Жұрт тұтас теледидарға телмірген. Елде болып жатқан жағдайдан негізінен телеарналар арқылы хабардар. Алайда ол жердегі ақпарат та, биліктің «қаңтар қырғынына» беріп жатқан бағасы да біржақты көрінеді.

Әрине, жаппай тәртіпсіздік кезінде тонау, ұру-соғу, қирату, вандализм мен мародерлік, адам өлдіру, стратегиялық мемлекеттік нысандарды басып алу, оларды бүлдіру секілді түрлі қылмыстық әрекеттер белең алды. Оларға құқықтық баға беріліп, жауаптылар тиісті жауапкершілікке тартылуы керектігіне ешкім шүбә келтірмейді. Алайда билік таратып жатқан ақпараттарда бейбіт наразылыққа шыққандарды тұтас бүлікші етіп көрсетуге тырысу әрекеті байқалады.

Мәселен, 5 қаңтарда толқу жаппай халықтық сипат алып, Алматыда бірнеше мыңдаған адам алаңға шыққанда президент бейнеүндеу жасады. Тоқаев ол кезде ел алдына Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде шықты. Бұл лауазым бұған дейін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі-тін. Сол кезде Қауіпсіздік кеңесінің Президентке өтуіне байланысты мардымды түсіндірме болмады. Президент үнденуінде бірқатар өңірде төтенше жағдай енгізіп, тәртіпсіздік жасағандардың әрекеттері «жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын» айтып, олар «қаржыландырылып, жан-жақты ойластырылған жоспар» негізінде іс-қимылға барып отырғанын жеткізді.

6 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, елдегі жаппай тәртіпсіздікке «террорлық шабуыл» деген баға беріп, бұзақылықты «нағыз террористер» жасап отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол террористік топтар шын мәнінде, «шетелде үлкен дайындықтан өткен халықаралық террористер екенін» және «олардың Қазақстанға жасаған шабуылын басқыншылық акті ретінде қарастыру қажет екенін» айтты.

7 қаңтардағы үндеуінде президент «Құқық қорғау органдары мен армияға ескертусіз оқ атуға бұйрық бердім», «Қазақстан қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келіп отыр» деп мәлімдеді.

Сондай-ақ президент үндеуінде бейбіт митингтерге шығып жүрген белсенділерді сынады. Ешкімнің атын атамастан «құқық қорғаушылар» мен «белсенділер» сөздерін тырнақшаға алып, оларды «шолақ белсенділер» деді. Олар өздерін 2020 жылғы мамырда қабылданған бейбіт жиналыстарды өткізу туралы заңнан жоғары қояды деп айыптады. Ал тәуелсіз сарапшылар бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң бұрынғы заңнан айтарлықтай айырмашылығы жоқ екенін, қоғамдық талқылау кезінде білдірілген ұсыныстар ескерусіз қалғанын, қоғамдық өмір үшін маңызды заңдардың карантин кезінде қабылданғанын айтады.

Сонымен қатар Тоқаев үндеуінде «құқықтық тәртіпті бұзуға өздерін «еркін» бұқаралық ақпарат құралдарымыз деп санайтындар мен біздің көпұлтты халқымыздың негізгі мүдделерінен алшақ «сырттағы қайраткерлер» ықпал етіп, шын мәнінде арандатушылық рөл атқарады» деп Қазақстандағы қайғылы жағдайға жоғарыда айтылғандар себепкер болды дейді. «Алматының өзіне 20 мың содыр шабуыл жасады» деген сөзді де президент айтты. Кейбір бейресми деректерде Алматы көшелеріне 20 мыңнан аса адам шыққаны айтылған. Сонда президент сол азаматтардың барлығын содырға теңеп тұр ма?

Президент айтқандай, Алматыда алаңға шыққан 20 мың адамның бәрі содыр болса, онда бұған ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер министрлігі қалай жол беріп қойған? Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтың «мемлекетке сатқындық жасады» деген айыппен тергеліп жатқаны бұл бүліктің артында ұлттық қауіпсіздікке жауапты орган мен оның басшылары тұрғанын білдіре ме?

Көкейде сайраған сансауал мұнымен бітпейді. Мәселен, сыртқы істер министрлігі батыстық кей басылымдардың Қазақстандағы адам құқығы мәселесіне алаңдаушылық білдіруіне байланысты берген жауабында Маңғыстау облысы тұрғындарының талабы толық қанағаттандырылғаны айтылады. Іс жүзінде Жаңаөзен халқының «сұйытылған газ бағасы 120 теңгеден 50 теңгеге дейін арзандатылсын» деген талабы ғана орындалды. Ал қалған талаптар қайда қалды?

Бейбіт митинг, артынша жаппай тәртіпсіздік кезінде ақпарат таратқан кейбір ақпарат ресурстары неге бұғатталды? Интернетсіз қолжетімді болған санаулы ақпарат сайттары қандай критерий бойынша таңдалды? Балама пікір, түрлі тараптың уәжін ұсынатын ресурстар неліктен көпшілік үшін жабық?

Президент пен кейбір лауазымды тұлғалардың елдегі бүлікке белсенділердің қатысы туралы айтқан сөздері елде белсенділерге қатысты жаппай репрессия басталатынын білдіре ме? Журналист Лұқпан Ахмедяров, құқыққорғаушы Абзал Құспанның 10 тәулікке қамалуы қудалаудың басталып кеткенін аңғарта ма?

Қылмыскерлерді ақтау біздің ойымызда да жоқ. Тек «Қаңтар қырғынына» әділ баға берілгенін қалаймыз. Егер бүлік лаңкестердің террорлық шабуылының салдары болса, соны ұйымдастырушылар мен кінәлілердің аты аталып, түсі түстелуі керек. Халық тыныштығын бұзып, қаншама адамның өмірін қиған трагедияға кінәлілерді қоғам біліп жүруге құқылы. Мұндай жағдайға қалай жол беріліп қойылғанына терең сараптама жасалуға тиіс. Елінің тағдырына алаңдап бейбіт түрде алаңға шыққан, тәртіп бұзбаған ағайын жаппай қуғындау құрбаны болып кетпеуі керек. Арандатумен айналыспай, билікті төңкеруге шақырмастан конституцияда кепіл берілген пікір айту құқығын пайдаланып, биліктің кем-кетігін айтқандар көппен бірге қосақталып, бірауыз сөзіне бола репрессияға ұшырамауға тиіс.

Билік тәртіпбұзушылыққа, заңсыздыққа дейін халықты алаңға бүгінгі режимге деген наразылық алып шыққанын ұмытпағаны жөн. Бұқараның о бастағы талабы лаңкестер, радикалдар, бұзақылар деген пропаганданың тасасында қалып қоймауы керек.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар