BBC-дің ағылшын тілді бөлімі бүгін "Қазақстандағы дүрбелеңнің артында кім тұр? Бейбіт шеру неге қанды қырғынға ұласты?" деген тақырыппен Қазақстандағы дүрбелеңге талдау жасаған ақпарат жариялады. Қамшы тілшісі ақпаратты аударып назарларыңызға ұсынады:
Қазақстан билігі оқиғаға "шетелдік лаңкестер" кінәлі екенін айтады. Бірақ оған дәлелдер жоқтың қасы.
Халық оқиғадан қаншама жазықсыз адам зардап шеккені, не үшін бұлай болғанын білгісі келеді. Зардап шеккендер қанды қырғынға "кім жауапты?", "кімдердің кесірінен болды?", "бізді жылатқандар жазасын алуы керек. Неліктен олар мұны істеді?" деп қайғырады.
Мәйітхананың сыртында зорлық-зомбылықтан қаза тапқан жақындарының мәйіттерін күтетіндер көп.
Қазақстан президенті қазір конституциялық құрылым қалпына келтірілгенін, елінің қауіпсіздігіне төнген қатер негізінен жойылғанын мәлімдеді.
Алайда, болған оқиғаның жарасын жазу, естен өшіру оңай емес. Зорлық-зомбылықтың артында кім тұрғаны туралы сұрақтардың жауабы әлі белгісіз.
Көшелердегі зорлық-зомбылықтың өршуіне "президент Тоқаев пен Назарбаевқа адал топтар арасындағы билік үшін күрес себеп болған" деген болжамдар бар.
Билік оқиғаға "шетелмен байланысты террористер мен бандиттер" кінәлі екенін айтады. "Мемлекеттік төңкеріс" жасалмақ болғанын мәлімдеді. Ал, кейбір қазақстандық сарапшылар "бандалар негізінен Назарбаев кланымен байланысқан, оның ішінде қауіпсіздік қызметіндегі адамдар да бар, олар қарақшыларды айдап салу арқылы мемлекетке опасыздық жасады" деген пікірде.
Оқиғадан қаза болғандардың нақты саны әлі белгісіз.
Пікір қалдыру