Ермек АЛПЫСОВ: Талдықорғанның келбеті таңғалдыратын болады

/uploads/thumbnail/20170708195609208_small.jpg

Мемлекет басшысы былтыр тамыз­да Алматы облысына жолы түскенде Талдықорғанды аралап, соңынан өткен алқалы отырыста шаһар басшысына қаланың тазалығы мен келбетіне, құрылыс­тың қарқынына разылығын білдір­ген еді. Бұл туралы "Қамшы" порталы Айқын-ақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

 Одан бері де бір жылдан астам уақыт өтті. Алматы облысы­ның орталығы түрленіп, көркейе түсті. Жаңа ықшам аудандар бой көтеріп, халыққа қызмет көрсете­тін нысандар сап түзей бастады. Қыркүйектің 27 жұлдызында тойланатын қала күні қарсаңында қарбалас тірліктің ырғағы тіптен күшейді. Қалалықтардың көңіл күйі де көтеріңкі. Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов­пен сұхбат барысында Жетісу жеріндегі бас әрі жас қаланың бүгіні мен болашағын айқындауға тырыстық.

– Ермек Амантайұлы, күнделікті кө­ріп жүргеніміздей, бүгінде қала өмірі тынымсыз тіршілікке толы. Құ­рылыс қарқын алған. Оң жағыңызға да, сол тарапқа да көз салсаңыз көре­тініңіз – құрыш қолды құрылысшы­лар­дың екпінді қимылы. Бірер апта­дан кейін ол жерді танымай қалуы­ңыз мүмкін. Әңгімеміздің әлқиссасын құрылыстан бастасақ.
– Қала ажарының жақсара тү­суі – мемлекеттік бағдарламалардың Же­ті­су жерінде жүйелі атқарылуының арқасындағы жетістік. Өзіңіз көріп жүр­­гендей, облыс орталығында Оң­түстік-Батыс тұрғын ауданы бой кө­те­ріп, аумақты алқап тұтас құрылыс алаңына айналды. Биылғы бірінші жартыжылдықта қала аумағындағы құрылыс-құрастыру жұмыстары­ның көлемі 5,6 миллиард теңгеге жетіп, 36,5 мың шаршы метр тұрғын үй қол­данысқа берілді. Салыстырмалы түрде алғанда, өткен жылға қарағанда, құры­лыс ауқымы 1,7 есеге артты. Жыл басы­нан бері Оңтүстік-Батыс тұрғын ауда­нын­да жас отбасыларына арналған жал­пы ауданы 9,7 мың шаршы метр бо­латын, жалға берілетін 128 пәтерлік 2 үй, ауданы 4,4 мың шаршы метрлік 50 пәтерлік коммуналдық үй елге пай­далануға берілді. Осы жерде айта ке­терлігі, жаңа ауданның бой көтеруі мем­лекеттік бағдарламамен ұштасып, жас отбасылардың баспана мәселе­сі­-нің түйінін тарқатуға өз септігін ти­гіз­-ді. Тек аталған ауданның өзінде 120 пә­терлік 2 үй, 195 пәтерлік бір үй және бұ­дан бұрын атап өткен 128 пәтерлік қос үй жас отбасылардың қуанышын арттырды. Жалпы алғанда, 443 жас ша­ңырақ осы бағдарламамен жаңа аудан­да отаулы болды. Мұның сыртында, «Қа­ратал» ауданында 300 орынды жаңа аурухана салынуда. Медицинаның за­манауи үлгісінде жабдықталып, облыс орталығы тұрғындарына қызмет ететін, әлеуметтік нысанда Жетісу жерінде тапшы білікті дәрігерлер шақырылып, оларға лайықты жұмыс орны мен бас­пана мәселесі шешімін таппақ. Осы мақсатта қазір «Шығыс» ықшамауда­нында дәрігерлерге арналған 60 пәтерлі көпқабатты үй салынуда. Дәл осы жер­де жетім балаларға арналған 60 пә­терлі көпқабатты тұрғынжай тұрғы­зылуда. 
Жоспар бойынша жыл соңына де­йін Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданында жалпы ауданы 21,6 мың шар­­шы метр болатын 340 пәтерлі 6 ком­муналдық, 15,5 мың шаршы мертлік 180 пәтерлі 4 несиелік үйді қолданысқа беру қа­растырылған. Сонымен қатар бұрынғы «Арман» зауытының ғима­раты көпке дейін қала көркін бұзып, қаң­қасы қа­ңырап тұратын еді. Қазіргі уақытта қа­раусыз қалған нысан мем­лекет мен­ші­гіне қайтарылып, шағын отбасыларға арналған тұрғын үй ре­тін­де қайта жа­салуда. Амандық болса, жал­пы ауданы 6,3 мың шаршы метр болатын 88 пәтер­ге шағын отбасылар қоныстанып, шат­та­натын күн де жа­қын. 
Баспанадан бөлек, қала аумағында бірнеше әлеуметтік нысан бой көте­ру­де. Жоғарыда айтылған 300 орынды ауруханадан тыс, Оңтүстік-Батыс тұр­ғын ауданында ауысымында 1800 ба­ла­ны қамтитын Оқушылар сарайының құрылысы жалғасуда. Бұл нысанның ор­ны – Талдықорған үшін ерекше. Се­бе­бі ғимараттың жобасын талдықор­ған­дық мекеме дайындап, тиісті сарап­та­мадан өтті. Нысан пайдалануға бе­рі­лісімен, мұнда көптеген үйірмелер мен түрлі секциялар өткізіліп, оқушы­лар­­дың мектептен тыс уақытын тиімді пайда­ла­нуына жол ашылмақ. Күллі Қа­зақстанның мақтанышына айналған талдықорғандық Айдын Айымбетов бір кездері жас техниктер стансасында алғашқы ғарыш кемелерінің макетін жасап, бала кезінде ғарышкер болуды армандағанын барлығымыз білеміз. Айдынға аспан төріне жол ашқан сол станса да осы ғимаратқа орналасады. Сондай-ақ балаларға тұңғиық ғарыш әлемін зерттеуіне арналып обсер­ва­то­рия да қарастырылған. Бұдан бөлек, Же­тісу жеріндегі барлық БАҚ басын біріктірген «Баспа үйі» ғимараты жа­нынан «Жастарға қызмет көрсету» орталығының құрылысы басталды. Ке­лер жылы есігін айқара ашатын ны­санда жастардың қабілетін шыңдап, дарынын ұштап, қанатын қатайтуға қа­жетті қолдаулар жүзеге асырылады. Осы тұста айта кететін тағы бір нәрсе, тоқсаныншы жылдардың тоқырау ке­зеңінде шаһардың жастары жұмыс іздеп өзге қалаларға кеткендіктен, біраз жыл бойы Талдықорғанға «зейнет­кер­лер қаласы» деген балама атау қоятын пайда болған еді, қазір өздеріңіз көріп отырғандай, қаламыз жастарға жол ашатын шаһар атанды. 
Талдықорғанның әлеуметтік-эко­номикалық дамуы жеке инвестор­лар­дың да қызығушылығын тудыруда. Мәселен, қазіргі уақытта Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданында 4 жұлдызды, 16 қабатты қонақүй құрылысы жүр­гізілуде. Жалпы құны 20 миллион АҚШ долларына жуық жоба аяқта­лы­сымен 100-ге жуық талдықорғандық тұрақ­ты жұмыс орнымен қамтылады. Қа­ла­ның сәулетін ашатын ғимараттың маңайында жаңа аллея құрылып, дема­латын орын ойластырылған. Сәулет демекші, облыс әкімі Амандық Бата­ловтың тікелей қолдауының арқа­сын­-да Талдықорғанда жаңа драма театры, көрме залы, Салтанат сарайы, жабық бассейн, теміржол вокзалы сынды жо­балар қолға алынуда. Әлеуметтік ма­ңызы бар жаңа нысандарды тұрғызу үшін олардың сызбасына халықара­лық байқау жарияланып, Қазақстан­ның әр қиырынан және Еуропадан жобалаушы мекемелер, үздік сәулет­ші­лер өз ұсыныстарын жолдады. Есте­рі­ңізге сала кетсем, байқаудың ақырғы айналымына шыққан жобалар Талды­қорғанда «Жастар» спорт сарайында көпшіліктің назарына ұсынылған еді. Осылайша, біз сәулеті ерекше және эко­номикалық жағынан тиімді сызба­ларды таңдау мүмкіндігіне ие болдық. Елді елеңдетіп отырған жаңа ғимарат­тардың жаңалығы мол жобаларына тоқталсақ. Өздеріңізге белгілі, Бикен Римова атындағы драма театры орна­лас­қан қазіргі ғимарат кезінде өзге мақсат үшін тұрғызылған. Облыс ор­та­лығы Талдықорғанға қайта оралған соң, мәдениет ошағына азды-кемді жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Алайда бұл залда театрдың те­рең тынысын, жұмбақ тылсымын се­зі­нуге жағдай жасалмағандығын артис­-тер түгіл, қарапайым көрерменнің өзі-ақ бірден аңғарады. Сондықтан не көрермен, не театр ұжымының көңілі­нен шықпайтын ғимараттың орнына жаңа театр салынбақ. Қазір театрдың жобалық-сметалық құжаттары дайын­да­луда. 
– Облыстың бас қаласы – Талды­қорған. Кез келген адамның алғашқы әсері орталық қала арқылы қалып­та­сатыны айдан анық. Қалаға кіребе­рістегі «Талдықорған» деген үлкен жазу Кеңес Одағын еске түсіретінін де жасырып қала алмаймыз. Қаланың табалдырығы іспетті арқаудың айды­нын арттыру қай жылдардың енші­сінде тұр? Жалпы, соңғы жылдары ша­һарды көркейту жолында нендей ауқымды істер тындырылуда? 
– Талдықорғанға деген ерекше көз­қарасыңыз осы сауалдан-ақ көрініп тұр. Расында, қалаға кіреберістегі «Тал­дықорған» деген үлкен жазу – Кеңес өкіметінен қалған мұра. Ал сол тұс­тағы Алматы облысының гербі бекі­тілген арқау облыс көшіп келгенде, екі мыңыншы жылдардың басында жа­салған. Яғни тозығы жетіп, моральді түрде ескірді. Қаланың кіреберісі – шаһардың айнасы десек, артық айтқан­дық бола қоймас. Сондықтан бұл мәсе­лені қараусыз қалдыруға болмайды. Бірақ біз бұл жұмысты әріден бастап, ең алдымен кеңестік идеологияның нышаны болған оңтүстік айналма жол­дағы бағананы жаңартудан бастадық. Естеріңізде болса, осыдан бір-екі жыл бұ­рын ескі конструкцияны алып, жаңа «Жетісу» монументінің құрылысы бас­талғанда, кейбір қала тұрғындары өз қарсылығын білдірген болатын. Алайда қалалық ақсақалдар кеңесі, ел арасында «Факел», яғни «Шырақ» деген атауға ие болған бағанды бұзудың, кеңестік иедо­логиядан арылатын кездің келге­нін дәлелдеп, жаңсақ ойларды теріске шығарды. Шындап келгенде, келмеске кеткен Кеңес дәуірінде Ілияс Жансү­гіров көшесі – Киров, ал Тәуелсіздік көшесі Лениннің атында еді. Қаланың күретамыры саналатын көшелердің «Шырақта» түйісуі осы ойдың негіз­сіз емес екендігін аңғартады. Міне, осы себептен ең алдымен «Жетісу» мону­ментіне көңіл бөлінді.
Ендігі кезекте, облыс әкімінің қол­дауымен сіз атап өткен мәселеге назар аударып, «қала қақпасының» жобасы бекітіліп, тиісті құрылыс құжаттары дайындалуда. Қаламызда шаңырақ көтерген жас жұбайлар той күні дәл осы тұсқа келіп, естелікке суретке тү­сіп, «ырымдап» ағашқа бау байлайтыны баршаға мәлім. Жаңа жобада арқау өз­геріп, «Талдықорған» деген жазу зама­науи кескін алады. Сонымен бірге, ар­найы тұрақ жасалып, Жетісу жерінің тарихынан сыр шертетін барельефтер орнатылады. 
«Қаратал» өзенінің Жансүгіров кө­ше­сіндегі көпірінен бастап, перина­тал­дық орталыққа дейін жаңа жағалау толықтай абаттандырылады. Мұнда соңғы жылдары қарқынды дамып, тұрғындар саны күрт өскен аудан тұр­ғындары мен қала қонақтары үшін қо­лайлы жағдай қарастырылып, талды­қор­ғандықтардың жас ерекшеліктері мен талғамдарына сай арнайы спорт­тық жабдықтар, түрлі концерттер ұйым­­дастыруға шағын сахна сынды түрлі инфрақұрылым жасалады деп жоспарланған. «Қаратал» ықшамауда­нында қалалық аквапаркке қарама-қарсы шағын бос алаңқай бар. Біз бұл жерді де демалатын, серуендейтін орын­ға айналдырмақпыз. Мұндағы басты ерекшелік – үлкен шахмат тақ­тайшасы орнатылатындығы. Қазіргі кезде қайта құру жұмыстары қызу жүріп жатқан «Жастар» саябағы қала­ның мәдени-көпшілік шаралары өтетін жерге айналмақ. Бүгінде көпшілік ша­ра­лардың дені орталық алаңда өтеді. Бұл жерге әр мереке сайын артис­тер­ге сахна, көрермендерге көлеңке түсі­ретін шатыр орнатылады, қалалықтар үшін біршама қолайсыздықтар туғы­за­ды. Ал жаңа «Жастар» саябағындағы сахнаны жобалау барысында күн сәу­лесінің түсуі, акустика сынды ерекше­ліктер ескерілуде. Сонымен бірге, сая­бақ­та Хан Тәңірінің мұзбалағы Мұ­қағали Мақатаевтың бюсті орнатылып, әдеби жыр кештерін өткізуге жағдай жа­салмақ. Саябақтың тағы бір ерек­шелігі – мұнда Талдықорғандағы, тіпті Алматы облысындағы ең биік әрі ең үлкен мемлекеттік ту орнатылатын­ды­ғы. Аталған мәселелердің барлығы бо­ла­шақтың еншісінде. Қазір оны жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс жүргізі­луде. 
– Қаладағы ірі кәсіпорындардың тамыр соғысы қалай, олар облыс орта­лығының өркендеуіне қаншалықты үлес қосуда? Талдықорғанның өзінде шығарылатын отандық өнімдер бар ма?
– Талдықорғанда өнеркәсіп сала­сында ірі 21 кәсіпорын бар. Жыл ба­сын­да Ресей валютасының тұрақ­сыз­дығы біршама қиындық туғызғаны рас. Мәселен, Қазақстанда аккумуля­тор батареялары тек Талдықорғанда шы­ғарылады. «Қайнар – АКБ» ЖШС шығаратын өнімнің басым бөлігі Ре­сей нарығына экспортталады. Ал рубль­дің құнсыздануы талдықорғандық тауар­дың Ресей нарығындағы пози­циясын әлсіретті. Дәл осындай мәселеге «АСПМК – 519» холдингіне кіретін өзге зауыттар да тап болды. Дегенмен бұл жағдайға үкімет тікелей араласып, сол кездегі үкімет басшысының орын­басары Бердібек Сапарбаев ақпан айын­да Талдықорғанға арнайы келіп жиын өткізді. Облысымыздың ірі кәсіпорындары бас қосқан шара барысын­да үш жақты, жалпы сомасы 22,6 млрд теңгелік ынтымақтастық туралы 17 меморандумға қол қойылды. 
Сонымен бірге, өңірлік индустрия­ландыру картасы бойынша, «JLC Сүт» ЖШС, «Темірбетон» ЖШС үй құры­лысы құрылымдары цехы және «Ал­маты бояулары» ЖШС жобалық қуа­тынан асып түсіп, біршама жетістік­терге қол жеткізді. Бұлардан басқа қа­ламызда центрифугалық тіректер, тауарлық бетон және арнайы электрод шығаратын үш жаңа цех іске қосылып, нәтижесінде 46 жаңа жұмыс орны ашылды.
Талдықорғанның өз ішінен шыға­рылатын өнім жайлы айтар болсақ, жыл басынан бері, яғни сегіз айдың қоры­тын­дысы бойынша салада 26,2 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Талдықор­ғандық кәсіпорындарға ғана тән өнімді айтар болсақ төмендегідей: бірінші кезекте аккумулятор батареялары, электр желілерінің темір немесе бетон тіректері, жол жиектеріне арналған бояулар және т.т. Өздеріңізге белгілі, бұрындары Алматы облысының басты салалық бағыты ауыл шаруашылығы болса, қазіргі кезде аграрлы-индус­триял­ды аймаққа айналды. Бұған тал­дықорғандық кәсіпорындар да үлес қосуда. 
– Жұмыс істеймін дегенге адам­-ның «екі қолына бір күрек» табыла­ды деп жатамыз. Дегенмен дағдарыс есік қаққалы, жұмыссыздық жайлы әңгіме де жиі айтыла бастады. Қала тұрғын­дарын еңбекпен қамту барысы қалай? 
– Жалқауланбағанға жұмыс табы­лады. Мен мұнда статистикалық мәлі­меттерге сүйеніп, сандарды сөйлет­­-пей-ақ, өмірдің өзінен алынған шын­дыққа жанасатын мысалдарды келті­-ріп, еңбек нарығындағы бірер мәселеге назар аудар­сам деп отырмын. Әңгіме­міз­дің барысында Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданындағы құрылысқа бір­шама тоқталдық. Ондағы нысандар мен тұрғын үйлер өздігінен салынып жат­қан жоқ. Адам күшімен, техника көме­гімен салынуда. Енді мынаған назар аударыңыз! Талдықорғандағы құры­лыста, өңірімізді алмағанда, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан келген жұмысшылар еңбек етуде. Шығыс Қазақстан – ірге­де тұрған аймақ. Ал Қызылорда және Жамбыл облыстарынан келген жұ­мысшылар жолай Алматы қаласын басып өтіп, жұмысты бізден табуда. Қаламыздың тазалығына жауапты қос мекеме – «Көркем Талдықорған» ҚМКК мен «Жигули» ЖШС да үнемі жұмысшы таппай қиналады. Биыл маусымдық «Жасыл ел» бағдарламасы аясында құрылатын штабтың штаттық бірлігін толтыруда да осы мәселе алдан шықты. Неге? Еңбекақы төмен деуге келмейді. Онда өзге облыстардағылар бала-шағасын тастап, бізге жұмыс іздеп неге ағылады? Мұнда гәп мүлде басқа­да. Алғаш қаланың әкімі емес, орын­ба­сар кезімде қаладағы жылу қазандық­тарын­дағы жұмысшылардың дені зей­неткерлік жасқа таяғандығына на­зар аударғам. Мәселені түбегейлі зерт­тей келе, оның тамыры ментали­тетте жатқандығына көз жеткіздім. Себебі біздің түсініктегі жұмыс ұғымы – костюм-шалбар киіп алып, таңертеңгі сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін кең­седе, компютерге телміріп отыруға сайып келеді. Еңбектің сан қырлы­лы­ғын, жұмысшы тап мәртебесінің бір­тіндеп жоғалып бара жатқандығын осы­дан іздеген жөн. Сондықтан біз қала күні мерекесі қарсаңында шаһар ты­нысының маңызды бөлігі қара­пайым еңбек адамын көтермелеу, сол арқылы жұмысшылардың мәртебесін өсіру мақсатында «Сала үздігі» байқауын өткіземіз. Байқауда «Үздік жүргізуші», «Үздік сылақшы», «Үздік көше сы­пы­рушы» аталымдары қарастырылған. Жо­ғарыда атап өткен құрылысшы­лар­дың еңбекақысы кеңседе отырған жұ­мысшылардан қарағанда әлде­қайда жо­ғары екендігінің өзі мәселенің мә­нін аша түседі. 
Еңбекпен қамтудағы күрделілікке орта білім ошақтарында мамандық таңдау мен оның қыр-сырын үйрету­-дің ақсап тұрғандығына да байла­ныс­-ты. Бұрындары жоғарғы сыныптарда арнаулы мамандық курстары өткізіліп, әр оқушы он бір жылдық біліммен қа­тар электрик, слесарь, шаштараз, не бол­маса жүргізуші деген қосымша ма­мандық алып шығатын. Қазір бұл үрдіс жоқ деуге болады. Оның сыр­тын­да, арнаулы оқу орындарында да ақылға сыймайтын жағдайлар орын алады. Атын атамай-ақ қояйын, қаламыздағы жаратылыстану бағытындағы кол­ледждердің бірінде экономистер мен бухгалтерлерді оқытуда. Әрине, бұл мамандықтарға мемлекеттік грант бе­рілмейді. Десе де, ел арасында «мәрте­белі» мамандықты игеруге асыққан­дардың санында шек жоқ. Оқу бітірген соң оларға жұмыс табыла ма, жоқ па, оны өздері де білмейді. Мәселен, кез келген ірі мекемеде негізінде бір заң­-гер мен бір білікті экономист отырады. Кейде ол бөлім де болуы мүмкін деген­мен, онда да ары кетсе үш-төрт штаттан аспайды. Сонда оқу бітірген қалың заңгер һәм экономистер қайда кетпек? 
Осындай мәселенің алдын алу үшін мен қаладағы колледждердің бірін экс­перименталды түрде арнаулы жұмыс­шы мамандықтарын даярлайтын оқу орнына айналдыруды ұсынып отыр­мын. Сонда қаламызда қазіргі таңда өз­ге облыстан келіп жұмыс жасап жат­қандардың орын өзіміздің мамандар басады. Жұмысшы мамандардың саны артса, Талдықорғанда еңбекпен қам­туда проблема болмасы анық. Ішкі істер департаменті таратқан ресми дерекке сүйенсек, Алматы облысында 160 мың­нан астам шетел азаматтары заңды уақытша тіркеуге тұрып, жұмыс іс­теу­де. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл сан Талдықорғанның дәл қазіргі кез­-дегі тұрғындарының санымен бірдей. Қазір қала халқының саны 164 мыңнан асты. Демек, облысымыздың жұмыс орын­дарының мүмкіндігі де жетерлік деген сөз. 
– Апатты мектептер бар ма? Қа­лалықтардың білім көрсеткіші қа­лай? Биылғы оқу жылында оқулық жет­ті ме? Жоғары оқу орнын бүгін бі­тірген жас ұстаздарға қандай қолдау-көмек бар? 
– Талдықорғанда апатты жағ­дай­дағы мектеп жоқ. Биылғы Ұлттық бір­ыңғай тестілеуге қаламыздың 844 тү­-легі қатысып, орташа балл 81,3% құрады. ҰБТ қорытындысы бойынша облыстық орташа бал 77,0% болса, Тал­дықорған үздік үштік қатарына ілік­ті. Оқулықтармен қамтама­сыз етілу жағ­дайына тоқталсақ, қолда бар кітап қоры­нан тыс, жаңа оқу жылы қар­саңында мектеп кітапханала­рына 222 мың дана оқулық алынды. Қазір қаламызда 24 мыңнан астам оқу­шы білім алуда. Оқулықтарды үлестіру барысында ең алдымен жетім балалар, тұрмысы төмен және көпбалалы от­басыларда тәрбиеленетін балаларға басымдық беріледі. Қалған оқулықтар өзге оқушыларға теңдей үлестіріледі. Жаңа оқу жылында бүгінгі күнге дейін ата-аналар тарапынан оқулықтар же­тіспейді деген шағым түскен жоқ.
Жас мамандарды мемлекеттік бағ­дарламаларға сай қолдаудамыз. Мәсе­лен, «Дипломмен – ауылға» бағдар­ла­масы аясында келгендер Еркін және Өтенай ауылдық округтерінде жұ­мысқа орналасса, мемлекеттік бір жол­ғы көтермеақы мен баспана үшін төмен пайызбен несие ала алады. Бұдан бөлек, жас маман шаңырақ көтерсе, «Жас отбасы» бағдарламасы шеңберінде баспаналы болуға мүмкіндігі бар. Мұндай мысалдар жетерлік. 
– Дұрыс екен, ендігі білгіміз ке­ле­тіні: қаланың «денсаулығы» мен «тәр­тібі» қалайлығы?
– Денсаулық саласында оңды өзге­рістер орын алып, сарып, туберкулез, вирусты гепатит және паразит ауру­ларының көрсеткіші біршама төмен­деді. Ана өлімі дерегі тіркелмеді. Жоға­рыда атап өткендей, саланың тынысын кеңейтіп, халық денсаулығын жақсар­туға үлес қосатын көпсалалы 300 орын­ды аурухана құрылысы өз кезеңімен жал­ғасуда. 
Қылмыстың алдын алу мақсатын­да облыс бойынша Талдықорғанда ал­ғаш рет «Көршілер бақылауы» қызметі құрылды. Қала көшелерінде орнатыл­ған 26 бақылау камерасы жүргізу­ші­лерді тәртіпке шақыруға септігін тигізді. Статистикаға көз жүгіртсек, жол-көлік оқиғаларының саны был­тырмен салыстырғанда біршама тө­мендепті. Сонымен бірге, «Қауіпсіз аула» бағдарламасы аясында қала аумағында 800 бақылау камерасы ор­натылмақ. Бұл өз кезегінде «Таза қала» акциясымен ұштасатын «тәртіпсіздікке мүлде төзбеушілік» принципін түбе­гейлі орнықтырып, ұсақ заңбұзушы­лық­тардың да алдын алуға қолайлы жағ­дай туғызбақ. Қылмысты дер ке­зін­де ашу да дұрысталып келеді. Жалпы алғанда, қаладағы эпидимиологиялық және қылмыстық ахуал тұрақты болып табылады. 
– Тойхана, дәмхана ашуға құмар кә­сіпкерлерді көргенде, қаржысын балабақшаға салуға да жұмсаса ғой деп ойлайсың. Қала бойынша қанша бүлдіршін балабақша кезегінде тұр?
– Қазір жағдай біршама түзеліп, кәсіпкерлер мемлекеттік және жеке­меншік әріптестік үлгісінде бала­бақ­шаларды ашуда. Жекеменшік бала­бақшалар тек қалада ғана емес, Тал­дықорғанға қарасты ауылдық округтерде де салынуда. Биыл қаламызда 8 жеке­меншік балабақша пайдалануға бері­леді деп жоспарланған болатын. Қазір олардың жетеуі ашылып, 640 бүлдір­-шін тәлім алуда. Оның үстіне Солтүстік-Батыс ауданында 280 орынды, «Шығыс» ықшам ауданында 320 орынды бала­бақ­ша алдағы кездері іске қосылады.
Келер жылы жекеменшік бала­бақша ашу­ға 5 кәсіпкер ниет білдіріп, құжаттарын әзірлеп, ғимараттарын та­лапқа кел­ті­руде. Жекеменшік бала­бақша ашудың тиімділігіне кәсіпкер­-лер енді ғана көз жеткізіп, салаға көңіл бөлінуде. 
Талдықорғанда 3 пен 6 жас аралы­ғында 7717 бүлдіршін бар. Олардың 5855-і балабақшамен қамтылған. 
– Әңгімеңізге рақмет! Алда тойла­натын қала күні құтты болып, барлы­ғымызға қуаныш әкелсін. 

Әңгімелескен Болат АБАҒАН,  Алматы облысы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар