Алматыда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жанынан «Мемлекеттік тілді дамыту алқасы» құрылады. Бұл туралы бүгін Алматыда «Достық үйінде» өткен «Мемлекеттік тіл - менің тілім» атты салтанатты іс-шара барысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы мәлім етті. Бұл туралы "Қамшы" порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Бұл алқаның құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында жұмыс істейтін ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілерін, мемлекеттік тілге қатысты ұйымдардың басшылары мен осы саладағы басқа да елеулі тұлғаларды енгізсек деген ниетіміз бар. Сонымен қатар оған елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, тіл жанашырлары мен ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілері тартылады. Алқа ел ішінде мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту, сапасын арттыру мәселелері бойынша тұжырымдар, ұсыныстар, жобалар әзірлеп, оларды іске асыруға өз үлесін қосады», - деді Ө. Айтбайұлы.
Жиын барысында қазақтар шоғырлана қоныстанған шет елдерде және бауырлас түркі мемлекеттерінің астаналарында «Қазақ тілін үйрету орталықтары желісін құру туралы» Меморандумның жобасы қабылданды. Оған тіл жанашырлары болып жүрген отандық мемлекеттік, мемлекеттік емес, қоғамдық және жеке меншік мекемелер, жоғары оқу орындары, бұқаралық ақпарат құралдары, кітапхана және басқа да түрлі меншік ұйымдарының басшылары қол қояды.
Өмірзақ Айтбайұлының айтуынша, бұл орталықтар шет елдерде өмір сүретін қандастарымыздың арасында қазақ тілінің қолданылар аясын кеңейтуге септігін тигізеді. «Әзірге бірінші орталықты осы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жанынан құрып аламыз. Кейін біртіндеп басқа мемлекеттерге шығамыз. Бұл - оңай шаруа емес. Алдымен сыртқы істер министрлігімен, кейін сол шет елдердегі Қазақстан елшіліктерімен келісеміз. Аталған орталықтар шет елдерде өмір сүретін 5 миллион қазақтың ана тілінен ажырамауын және тарихи отанымен тұрақты байланысын қамтамасыз етеді», - деді Ө. Айтбайұлы.
Жоспар бойынша алдағы уақытта барлығы 50 орталықты ашу көзделуде. Айта кетелік, бүгінгі салтанатты іс-шара барысында Қазақстанда өмір сүретін өзге ұлттардың өнерпаз жастарының орындауында қазақтың бірқатар танымал әндері шырқалды.
Жиын өз жұмысын аяқтады.
Пікір қалдыру