Украина президенті Владимир Зеленский осы аптада Түркияда өтеді деп жоспарланып отырған келіссөздердің кезекті раунды қарсаңында Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығы басты басымдық болып қала беретінін мәлім етті, деп хабарлады ВВС.
– Қауіпсіздіктің тиімді кепілі міндетті болуға тиіс. Біздің мақсатымыз – бейбітшілікті орнатып, еліміздегі қалыпты өмір оралу, – деді ол.
Бұған дейін Зеленский Ресейдің соғысты доғару үшін қойып отырған талаптарының бірі – бейтарап статус мәселесін талқылауға дайын екенін айтқан.
Сарапшылар бейтарап статус Украина мүддесіне сәйкес келмейтінін айтады. Бейтарап статус таңдалса, Украинаның НАТО-ға мүше болу жоспары ысырылатыны анық. НАТО-ның өзі Украинаны қабылдауға асығып отырмағанын Зеленский де түсініп, жуырда Украинаның әскери альянсқа өту мақсаты орындалуы қиын екенін айтқан.
Стокгольм университетінің тарихшысы Леос Мюллер Deutsche Welle неміс басылымына берген комментарийінде Украина үшін бейтарап статустың жағымсыз салдары болатынын мәлім еткен.
– Мұндай жағдайда (Украиға бейтарап статус иеленсе – ред) АҚШ, Ресей сияқты елдер мен НАТО сияқты ұйымдар Украинаға басқыншылық жасалса, оны қорғауға тиіс. Ол үшін тиісті халықаралық құқық пен келісім қажет. Бірақ бүгінде Ресей халықаралық ережелерді орындаудан бас тартып отыр. Ол аздай Ресей Украинадан демилитаризацияны талап етіп отыр. Бұл – бейтарап ел үшін ақылға сыймайтын талап. Украинада Швеция, Швейцария сияқты бейтарап елдердегідей өзін қорғауға мүмкіндік болуға тиіс. Украинаның халықаралық кепілдіктердің құны жоқ екеніне көзі жетті. 1994 жылғы Будапешт меморандумына сай, ол КСРО-ның ыдырауынан кейін өзінде қалған ядролық қарудан бас тартуды мойнына алған. Оның өтеу ретінде Ресей, АҚШ пен Ұлыбритания Украинаның егемендігі мен шекарасына құрмет көрсетуге тиіс еді. Арада 20 жыл өткенде Ресей Қырымды аннекциялап алды, ал Будапешт меморандумына қол қойған батыстық екі держава бұған көз жұмып қарады, – дейді ол.
Леос Мюллер Ресейдің Украинаға басып кіруі 1945 жылдан кейін орнаған әлемдік тәртіпті бұзғанын, бейтарап статусқа ие Швеция мен Финляндия Ресей алдында өзін "стратегиялық тұрғыда әлсіз" сезініп отырғанын, бейтараптықтан бас тартып, НАТО-ға өтуді қызу талқылап жатқанын атап өтті.
Пікір қалдыру