Қытай елінің басшысы Си Цзиньпин АҚШ-қа сапарлай барды. Онда да бір күн, не болмаса екі күн емес, бір аптаға. Мұның мәнісі неде? Әлде аждаһа елінің өзгеше ойлағаны бар ма?
Солай секілді. Әрине, БҰҰ-ның 70 жылдық мерейтойлық сессиясында сөз сөйлеу тағы бар. Қазір Қытай мен АҚШ арасы біршама дүрдараздық кейіпте. Бұл туралы Қамшы порталы Айқын-ақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Тіпті Қытай басшысының осы сапары алдында, әлемдік ақпарат құралдары беттерінде «АҚШ әні-міні Қытайға қарсы санкция салмақ. Өйткені қытай хакерлерінің америкалық мемлекеттік және коммерциялық құрылымдарына қарсы жасалған кибер шабуылына Ақ үй осылай жауап бермек-мыс» деген мәліметтер жиі жарияланып кеткен еді. Сондай-ақ аспанасты елінің Оңтүстік Қытай және Шығыс Қытай теңізінде жасанды аралдар жасап, оған әскери базалар орнатып, оның маңайынан өткен кемелермен ұшақтарға алдына ала келісіп алуды талап етуі, осы өңірде мүддесі бар АҚШ-тың жынына тигені белгілі. Бұған жауап ретінде АҚШ Қорғаныс министрі Эштон Картер: «Халықаралық құқық мүмкіндік беретін жерлердің бәрінде АҚШ ұшағы ұшады, кемесі жүзеді, көлігі жүреді. Бізді ешкім тоқтата алмайды!» деп кесіп айтқан-ды. Әрине, Қытайдың да АҚШ-қа қарсы айтар уәжі жеткілікті. Ол – былтыр Гонконгтегі «қол шатырлар» төңкерісін және сол жылы Шыңжан – Ұйғыр автономиялық ауданында бейберекетсіздікті америкалық құрылымдар ұйымдастырды» деп айыптайды. Тіпті Қытай қор биржаларындағы дүрбелеңді де АҚШ-тан көріп отыр. Сондай-ақ аждаһа елі АҚШ-тың Шығыс Азия аймағындағы саясатына көнгісі жоқ. Әсіресе, Тайван ісіне араласпауын жөн көреді. Қарап отырсақ, екіжақтың да өзіндік айтары бар. Десек те, Қытай басшысының бәрін кері ысырып қойып, АҚШ-қа арнайы сапар жасауының сыры не? Әрине, БҰҰ-ның 70 жылдық мерейтойлық сессиясына бару, онда сөз сөйлеу, сылтау емес. Көкейде басқа нәрсе жатқаны белгілі. Тіпті Си Цзиньпиннің өзімен бірге 15 ірі компания басшысын ерте барудың өзінде де үлкен мән жатыр. Рас, екі ел арасындағы сауда-саттық айналымы жылына 500 миллиард долларды құрап отыр. Қытай АҚШ үшін Канададан кейінгі ірі экономикалық әріптес. Алдағы уақытта сауда айналымын 550 миллиардқа жеткізсек деген ойы бар. Қытай компаниялары АҚШ-қа инвестицияны мол құюда. Тек алғашқы жарты жылдың өзінде қытай компанияларының тікелей инвестициясы 6,4 миллиард болған. Бұл жаман көрсеткіш емес. Сонымен қатар аждаһа елі АҚШ-тың алдыңғы деңгейдегі технологиясына зәру. Содан болар, Си Цзиньпин Америка топырағына табан тіресімен бірден 300 «Боинг» сатып алуға һәм оны құрастыратын зауытты қытайды тұрғызу үшін келісімшартқа отырды. Барак Обама мен Си Цзиньпиннің екеуара кездесуінде де осы экономикалық және саяси мәселелер сөз болатыны анық. Батыс сарапшылары «Әлемді екі держава бөліп билеуді көздеуде» деп айтуларында да мән бар. Өйткені Қытайдың әлеуеті қазір АҚШ-тан кем емес. Қазір басында аждаһа елі тұрған БРИКС ұйымының әлдене бастаған тұсы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы кеңею үстінде, сондай-ақ қаржы саласында БРИКС Даму банкін, Азия инфрақұрылым инвестициялық банкін құрды. Алдағы уақытта юаньді әлемдік резервтік валютаның қатарына қосуға ұмтылуда. Осылайша, АҚШ-пен иық тірестіре бастады. Мұны Ақ үй сезбей отырған жоқ. Сондықтан болар бір аптаның ішінде екі ел басшысы жата-жастана осы мәселелерді таразыға тартпақ. Тіпті жақында БҰҰ-дағы Қытайдың тұрақты өкілі Лю Цзеи: «Қытай әрқашан әлемдегі елдердің тұтастығын, тәуелсіздігін құрметтеп келді. Сол секілді Украинаның да тұтастығына мүдделі. Ол елдегі жағдай бейбіт түрде шешім тапқаны жөн» деуінің өзінде үлкен мән жатыр. Ресейдің бұл елдегі ішкі жағдайға араласа беруіне қарсылық деп ұққан жөн секілді. Қытайдың ресми өкілі аяқасты бұлай сөйлегені несі? Соңғы кезде Қытай Ресеймен бірлесіп Батыстың жүргізіп отырған саясатына қарсы одақтаса бастамап па еді? Мұнысы қайткені? Сөйтсек, оның да себебі бар сынды. Өйткені аждаһа елі үміт артқан БРИКС сенімді ақтамауда. Ресей санкция құрсауында. Ол құрдымнан аман шыға ма, шықпай ма, белгісіз. Оңтүстік Африка – шикізат отаны. Әлемде мұнай мен түрлі түсті бағалы металдардың құны түсіп барады. Бұл жайт, Оңтүстік Африка елінің экономикасын тұралатуда. Бразилияныңда жағдайы мәз емес. Ол елдің де экономикасынан қуат, валютасынан әлеует кеткен кез. Үндістанға да әлемдік дағдарыс оңайға тиіп жатқан жоқ. Ал Қытайдың өз экономикасында да іркіліс басталды. Жылдық өсім 6–7 пайызға дейін төмендеді. Демек, осы бір қиын кезеңде Қытай БРИКС-ке емес, АҚШ-қа арқа сүйгенді жөн көреді. Өйткені екі елдің жылдық сауда-саттық айналымы 500 миллиардты құрап отыр. Алдағы уақытта одан да асырсақ деген ойлары бар. Сонымен қатар АҚШ – озық технология отаны. Демек, Бейжің Вашингтонмен ара қатынасты жақсарта отырып, өз әлеуетін күшейтіп алмақ.
Пікір қалдыру