Мемлекет пен отандық өндірушілер егіз ұғым – Е. Илиясов

/uploads/thumbnail/20170708195733975_small.jpg

Кентау қаласындағы трансформатор өнімдерін шығаратын «ALAGEUM GROUP» АҚ жаһан экономикасын тұралатқан дағдарыс кезеңінде бәсекеге төтеп берген елімізде бірегей компаниялардың бірі. Санаулы күндерден кейін Астанада өтетін Қазақстанның машинақұрылысшылары – ІІІ форумы қарсаңында біз аталған компанияның Директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Илиясовпен шағын сұхбат өрбіткен болатынбыз.Бұл туралы Қамшы порталы Baq.kz –ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

- Еркебұлан Сайдуаллаұлы, жаһандық дағдарыс әлемдегі кейбір ірі өндірістік компаниялардың өзін тұралатып жатқанда, қазіргі кезде сіздердің кәсіпорындағы жағдай қалай болып жатыр?

- Біздің кәсіпорынның іргетасы сонау Кеңес заманында, 1950 жылдардың екінші жартысында құрылған ғой. Яғни, тарихы тереңде жатыр десек те болады. Алайда, заман ағымынан қалмай, көшке ілесіп отыру үшін, өндірісті озық технологиялармен жабдықтап отыру керектігі ақиқат. Біз осындай кезеңді бастап өткеріп, жүз пайызға дейін технологиямызды қайта жаңғырта алдық десем де болады. Әрине, бұл жерде мемлекеттің көмегін атап өтпей болмайды.

- Технологияны қай жақтан алып келдіңіздер және мемлекеттен қанда көмек алдыңыздар? Нақтылай түссеңіз...

- Қазір әлемдік өркениетте сәт сайын сан түрлі жаңалықтар шығып, бүгін ойлап тапқан жаңалығыңыз ертең ескіріп қалатындай шапшаңдық жүруде. Осыны ескере келе өндірістік техникаларға заманауи технологиялар енгізу тәжірибесі мол Еуропа елдерінің үлгісін қолданысқа енгіздік. Нәтижесінде, шығарған өнімдеріміз сапалы әрі заманауи. Тіпті, ТМД елдерінің ішінде сұранысы артып келеді. Ал енді мемлекет тарапынан жасалған көмектер туралы айтар болсам, ол аз емес. Алдымен Индустриялыд-инновациялық даму бағдарламасының бірінші және екінші кезеңдері бойынша және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ тарапынан ұсынылған қаржылық, кеңес көмектердің біздің компаниямыздың қалыпты дамуына тигізген тиімді жақтары көп болды. Соның нәтижесінде біз соңғы жылдары құрал-жабдықтарымызды толық жаңартып, өте сапалы өнімдер шығара бастадық. Кадрлық басқару мен білікті мамандармен қатарымызды толытырып келеміз.

- Шетелдің технологиясын әкелген соң, оның тетігін тауып жүргізуде білікті мамандар мәселесін қалай шеше алдыңыздар?

- Біздің мамандарымыз барлығы да өз отандастарымыз. Ал шет елден тек жаңа технология мен тың әдістер және озық құрал-жабдықтар ғана алып келдік. Оның үстіне өзіміздің компаняның қолдауымен жылына 150 маман даярлайтын өз оқу орнымыз – арнайы колледжіміз бар. Бұл жерде де шәкірттерімізді оқытуда мемлекет тарапынан гранттық негізді білім алатындығын атап өтпей болмайды. Яғни, үкімет қаржы құйып оқытып жатқан студенттердің теория мен тәжірибені қатар ұштастыра отырып, білікті маман ретінде қалыптасуына ерекше ықпал етудеміз.

- Ал шығарған өнімдеріңізді қанша пайызы экспортталады және қай елдерге?

- Біздің шығарған өнімдеріміздің негізгі тұтынушысы ТМД елдері. Оның ішінде Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, тәжікстан мен Түркменстан сынды мемлекеттерден сұраныс жоғары. Ал трансформатор мен электроқұрал-жабдықтарымыздың 35 пайызы экспортталады.

- Әңгімеңізге рахмет.

 Сұхбаттасқан – Нұрлыбек ДОСЫБАЙ

P.S: Астанада өтетін Қазақстанның машинақұрылысшылары – ІІІ форумы 1-2 қазан күндері өтеді деп жоспарлануда. Шара аясында еліміздің машинақұрылыс саласындағы өнімдердің Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайы талқыланады деп күтілуде.

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар