Екеуміз бір жылдың төлі едік. Әбекең 1955 жылы 5-ақпанда, мен 9-маусымда туылғанбыз. Алғашқы таныстығымыз 1983 жылдан басталды. Айқын-Ақпаратқа сілтеме жасай Қамшы порталы хабарлайды.
Сол жылы үш ай-дай Жаңақорған қонысында «Сельхозхимия» мекемесінде қатар еңбек еттік. Мен көп ұзамай аудандық «Коммунизм жолы», қазіргі «Жаңақорған тынысы» газетіне қызметке ауысып кеттім. Аманжол Кенжебе-ков Жамбыл гидромелиоративтік-құры-лыс институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірді. Оның «ПМК-34» мекемесіндегі теміржонушылық еңбек жолы наряд жазушыға, техника қауіпсіздігін сақтау және еңбекті қорғау инженерлігіне, «Облвторчерметтің» аудандық уәкілдігіне, жоғарыда айтылған «Сельхозхимия» бірлестігінде аға инженерлікке жалғасты. Аманжол Аманбекұлымен тым жақын жолдас болып кетпегенімізбен, қарапайымдылығымыздан, мінезіміздің үйлескендігінен болар, тәп-тәуір сыйластық. Оның кішіпейілдігі, бауырмалдығы бәрімізге ұнайтын. Өтірік-өсектен аулақ жүретіндерді іш тартып, күлімсірей қарайтын.
1986-1991 жылдары аудан орталығынан шалғай орналасқан «КПСС ХХIV сьезі» атындағы кеңшарда бас инженер, 1991-1994-те аудандық агроөндірістік бірлестігінде бас инженер-механик, мемлекеттік бақылау инспекторы, 1994-1996 жылдары «Задарья» кеңшарында техника жөндеу шеберханасының меңгерушісі, 1996-98 жылдары «Номе Тұрсынбай-қалпе» қазақ-ауған біріккен мекемесінде бас инженер, 1998-2002 жылдары «Тәуекел-Иса» шаруа қожалығында механик, 2003-2006-да Жолаушылар тасымалдау мекемесінде инженер, 2006-2012 жылдар аралығында КДС «Қыранда» инженер, 2012-жылдан мазмұнды ғұмырының соңғы сәттеріне дейін «Жаңақорған-Транзитте» бақылаушы-механик қызметтерін абыройлы атқарды.
Біз білетін Әбекең өзіне сеніп тапсырылған қай жұмыстың да үдесінен шықты. Әкесі Аманбек Кенжебекұлы қағілез, ақжарқын жан еді. Ағайынның ортақ мүддесіне жанашырлықпен қарап, етене араласты. Жаңақорған кентіндегі имандылық үйі – Ислам діні тұрақты насихатталатын қасиетті де киелі орынға айналған орталық мешіт құрылысын жүргізуде Әбекең – Аманбек аға айрықша белсенділік танытты.
Аманжол ата-анасы Аманбек ағамыз бен Батыр ана Бибіхан жеңгеміздің көргенді ұлы болып өсті. Бірақ Аманжолдың өмірі қамшының сабындай қысқа болды. Ол аға жасы алпыстан енді асқан шағында мәңгілік мекеніне аттанды. Өмір сабақтастығын жалғастыратын алтын асықтай 4 ұл-қызы мен сүйікті жары Мәриям барда марқұмның шаңырағының оты өшпейді, түтіні түзу ұша береді.
Жаназаға жер қайысар ел жиналғанының өзі – Кенжебековтердің алыс-жақын замандастары мен туған-туыстары, құда-жекжат, жора-жолдас, таныс-біліс арасындағы беделі биік екендігінің айғағы. Баға жетпес татулығымен көпке өнеге болған Аманбек пен Әбілқасымның перзенттерінің аға-іні ретіндегі араларынан қыл өтпес шынайы жақындықтарына көпшілік дән риза болып, шын сүйсінеді, қызыға да құмарта қарайды.
2007 жылдың мамыр айында дүниеден өткен Аманбек пен 1982 жылдың қазанында өмірден озған жұбайы Бибіханнан 10 ұл-қыз өрбіді. Аманкүл-Мәжит, Аманжол-Мәриям, Әпикүл, Әшіркүл-Әбіләз, Дариха-Серік, Ұлтуған-Әнуар, Бақытбек-Зағипа, Алтынбек-Оразкүл, Жеңісбек-Гүлназ, Жарқынбек – Күнім. Олардың бәрі бір-бір үйдің тұтқасы, замана көшінен қалып қоймай өмірден өз орындарын тапқан. Аманбек ағаның перзенттері де ата-ана сеніміне лайық мақсат биігінен көрінуде.
Аманжол Кенжебеков 1977 жылы ақ-пан айында Мәриям Исақызы Тұрсыматовамен отау құрып, содан бергі 38 жыл ішінде әке мен ана қызығын бірге бөлісті. Ұстанған ізгі мұраттары оларды әрдайым алға жетеледі. Отбасы қуанышынан артық не бар бұл дүниеде?! Екеуі тума-туыс, құда-жекжат, құрбы-құрдас, дос-жарандары алдында жүздері жарқын болды. Бір-бірін қабақтарынан түсінді, үйлерінде дастарқаны жиылмай, қонақтарын тәңіріндей күтті. Кенжекбектен өрген өзге ұрпақтар секілді, бұлар да ешнәрседен кенде болған емес. Үлкен-кіші алдында ізеттерінен жаңылмай, Аманжол қайырымы мол ұл, Мәриям ибалы келін атанды.
1979 жылы Дана атты тұңғыш перзенттерін сүйді. Өсіп-өнудің басы еді бұл. Бүгінде Астана қаласында бухгалтер болып қызмет істейтін Дана мен Рахматулладан Нұргүл, Айсұлу, Нұрислам, инженер-механик Қайратбек пен жеке кәсіпкер Әйгерімнен Аружан, Дінмұхаммед, Инабат, Алматыда тұратын мұғалима Ағила мен сот орындаушысы Бақытжаннан Сұлтан, Әзияда, Қазына, компьютер динайзері Дулатбек пен мұғалима Алмадан Нұрәли, Бибінұр деген немерелері жас құрақтай желпілдеп, қызғалдақтай құлпырып, шаттыққа кенелген шаңырақтың мәні мен сәніне айналуда. Олар Аманжол құрдасымның атына қылаудай кір келтірмеуді көздейді, кімнің ұлы, кімнің қызы, кімнің немерелері дегенде, Аманжолдай абзал азаматты ардақ тұтып, ақ жолын әспеттеп, өркенді істерін алға апаруды өздеріне мақтаныш санайды.
Мәриямның мамандығы – бухгалтер. Аудандық тұтынушылар одағында, Жаңақорған жұмысшылар кооперациясында жемісті еңбек етті. Отағасының қызмет бабымен «КПСС-XXIV сьезі» атындағы кеңшарға қоныс аударғанда, сол елді мекенде дүкен меңгерушісі болып, тұрғындардың ілтипатына бөленді. Жұмыстан қол үзбей жүріп, сүйіп қосылған жолдасының көңілінен шықты. Бала тәрбиесімен айналысуға да уақыт тауып, оларды тиянақты білім алуға, тапсырылған істе тындырымдылық танытуға баулыды.
Әрбір ата-ана үшін ұл-қыздарына, немере-шөберелеріне тәрбиеші әрі қамқор-шы болу парыз. Ағайынды Әбекеңдер – Аманбек пен Әбілқасым осы тұрғыдағы борыштарына адал болды, бұлжытпай орындады десек, қателесе қоймаспыз.
Тектілік дарыған Кенжебековтер әулетінен тараған әр ұрпақ ана құдіретін терең түсінеді. Олардың әкелеріне жан жылуы шынайы қалыптасқаны кіршіксіз көңіл-дері мен жүрек лүпілдерінен айқын аңғарылады. Үлкендерге қарап ой түзеудің, бой түзеудің жарқын үлгісі – бұл. Әкелерінің орны мүлдем бөлек. Ардақты есім, асқар тау – ақылдың кені. Қысқасы, олар бір-бір үйдің локомотиві. Аманбек пен Әбілқасым туралы осылай пайымдағанымыз ләзім.
Кенжебеков Аманбек ұзақ жылдар бойы сауда саласында тұрақты қызмет етті. Аудандық тұтынушылар одағына қарасты автогаражды басқарды, жасы ұлғая бастағанда автодүкен жүргізді. Ізінен ерген інісі Әбілқасым электрлендіру жүйесі мекемесінде бастықтың орынбасары, кәсіподақ комитетінің жетекшісі болды. Іскерлік-ұйымдастырушылық қабілеттерімен ұжымда бедел биігінен көрініп, зейнет демалысына шығарында мақтау-марапаттауларды иемденді. Өнегелі өмір жылдары дәріптелді.
Ағайынды Әбекеңдер мен олардан өрген үрім-бұтақтың бойларында ұрпаққа өнеге боларлық қасиет бар. Жұрт алдында еңселерін тік, кеуделерін көтеріңкі ұстап, ешкімнен тартынбай, ешнәрседен қысылмай еркін сөйлейтіндері де сондықтан.
Пікір қалдыру