Орал қаласында 25 қыркүйек күні облыстық корей этномәдени бірлестігінің 25 жылдығына орай «Еуразия кеңістігіндегі ұлтаралық қатынастар. Қазақстанда бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы ҚХА-ның рөлі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, оған Қазақстанға қоса, Мәскеу, Саратов, Самара, Орынбор қалаларынан келген жас ғалымдар қатысты. Бұл туралы Қамшы порталы Информ.кз-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жиынның ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен Еуразиялық одақ құру идеясын бірінші болып 1994 жылы ММУ-да сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көтергенін атап өтті. Уақыт бұл идеяның өміршеңдігін көрсетіп, жаңа құрылым дүниеге келді. Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері басшыларының Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қол қойғаны белгілі. Аталмыш конференция да екі елдің этномәдени бірлестіктерінің күшімен өзара достық байланысты нықтай түсуді көздейді.
Ұлтаралық келісімді орнықтырудағы белсенді қызметі үшін корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Максим Пакқа облыс әкімінің алғысхаты табыс етілді.
Конференцияда «Жас Еуразия» Еуразиялық жалпыресейлік қозғалысының жетекшісі, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының аспиранты Юрий Кофнер баяндама жасап, Қазақстан Президентінің Еуразиялық ықпалдастықты арттырудағы көшбасшылық рөліне, осынау бастаманы ресейлік қоғамның қолдап отырғанына тоқталды. Сондай-ақ «Орынбор», «Саратов» және «Шешен елі», «Самара» клубтарының жетекшілері Антон Железняк, Магомед Абубакиров, Олег Невзоров өз ой-толғамдарымен бөлісті. Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтсе, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мониторинг және социологиялық зерттеулер бөлімінің басшысы, философия ғылымдарының докторы Павел Добряев қазақстандық жастардың Еуразия ықпалдастығына қатысы туралы әңгімеледі.
Корей этномәдени бірлестігінің жетекшісі М.Пактың сөзіне қарағанда, Орынбор облысындағы әріптестерімен тығыз байланыс орнатылған. Соның дәлеліндей жуырда батысқазақстандықтар Орынборда өтетін Еуразиялық экономикалық форумға қатыспақшы. Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында айтылғанындай, Мәңгілік елді басты бағдар еткен кезеңде барлық ұлттың береке-бірлігін арттырудың маңызы зор.
Пікір қалдыру