Ресейдегі "Бірінші арна" телеарнасының бұрынғы қызметкері Марина Овсянникова тікелей эфир кезінде Украинадағы соғысқа қарсы акция жасағаны үшін адам құқығы бойынша Вацлав Гавел атындағы сыйлыққа ие болды, деп жазады dw.com.
Наурыз айында Овсянникова "Бірінші арнаның" кешкі жаңалықтар эфирінде сөйлеп отырған диктордың артына шығып, "Соғысты тоқтатыңдар! Пропагандаға сенбеңдер. Бұл жерде өтірік айтады" деген жазуы бар плакат ұстап, соғысқа қарсы акция жасаған.
Ол Ресейде болып жатқан оқиғаларды Джордж Оруэллдің "1984" романындағы әлеммен салыстырады.
Овсянникова халықты Ресейдің Украинаға агрессиясын тоқтатуды талап етуге шақырып, әлеуметтік желі арқылы видео үндеу жасауды жалғастырып келеді. Кейін оған заңсыз акция өткізгені үшін 30 мың рубль айыппұл салынған.
Тергеу комитеті Қылмыстық кодекстің "Ресей әскері туралы жалған ақпарат тарату" деген жаңа бабы бойынша Овсянникованы тергеп жатыр. Аталған баппен сотталған адам 3 жылдан 15 жылға дейін бостандығынан айырылуы мүмкін.
Пікір қалдыру