Әлемдік қаржы дағдарысы үдеген тұста кәсіпкерлердің кейбірі дағдарып қалды.
Бірақ ілімін білген әрдайым ілгері басады. Ақтөбеде «Бизнестің жол картасы – 2020», «Даму-Өндіріс» бағдарламаларына жүгініп, кәсіпті көркейтуге мүмкіндік алған кәсіпкерлер қатары артты. Солардың бірқатарына «Даму» қорының Ақтөбе облыстық филиалы пресс тур ұйымдастырды. Бұл туралы Қамшы порталы Айқынға сілтеме жасап, хабарлайды.
Ақтөбеде түрлі сусындардан қалған пластикалық бөтелкелерден өндіріске қажетті лента шығарыла бастады. Бұл – Батыс Қазақстан аумағында теңдесі жоқ цех. Әдеттегі сусынның бөтелкелері енді өндіріске жарады. Буып-түюге арналған лента пластикалық қалдықтан жасалады. Қазандықта қайнап, кейін салқын су құйылған ыдысқа түсетін пластик лентаның қазір тәулігіне 280 мың метрі шығарылып жа-тыр. Ал цехтың тәулігіне 600 мың метр лента шығаруға мүмкіндігі бар. Төзімді пластикалық ленталар ірі кірпіш, газблоктарын шығаратын цехқа қажет. «Жасыл түсті лента «Спрайт», ақ түстісі «Тан», ал ашық түсті лента минералды су бөтелкесінен алынған. Пластикалық қалдықты жергілікті кәсіпкерлер жеткізеді. Біз дайын өнім шығарамыз. Кәсіпорынды ашуға «Даму» қорының облыстық филиалы көмектесті. Ендігі мақсат – Ресейдің шекаралас облыстарына шығып, көрші елдің тапсырысын қабылдау» дейді кәсіпкер Альтаир Лұқманов.
«Даму» қорының Ақтөбе облысы бойынша аймақтық филиалының бас менеджері Әліби Сабырдың айтуынша, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап облыстағы 453 жобаға 50 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал 103 жобаны субсидиялауға
4,2 миллиард теңге жұмсалды. Негізінен, жергілікті кәсіпкерлер көбіне қызмет көрсету, өңдеу саласына қажетті көмек алып келеді. Өңірде жол бойына кэмпинг салуды мақсат еткен кәсіпкерлер қатары да артқан.
Мемлекеттік қолдауға жолаушылар тасымалдайтын пойыздардың төсек-орнын жуып, үтіктеп, арнайы целлофанға салып беретін «Источник» ЖШС-і де ие болды. Қазір ірі оқу орындары мен әскери бөлімдерге де қызмет көрсете бастады.
Жолаушылардың жайлы төсек-орнын қамтамасыз ететін кәсіпорын он жыл бойы тек кір жуумен айналысты. Биыл қызмет көрсету аясы кеңіді. Енді «Источник» ЖШС-і пойыздың төсек-орнын жабдықтайды. «Қызмет көрсету ауқымы кеңейген кезде «Даму» қорының облыстық филиалына жүгіндік. Мұнда бізге екінші деңгейлі банктен алған несиені субсидиялауға мүмкіндік берілді. Сөйтіп, 80 миллион теңге субсидияланып, 14 пайыздың тең жартысын мемлекет төледі. Несиені кепілдендіруге мемлекет тағы 6,2 миллион теңге берді» дейді кәсіпорын директоры Болатбек Байжанов. Қаржыға Ресейден жылы көрпе, Қытайдан жамылғы алынды. Ал матрасты қазақстандық кәсіпорын жасап шығарған. «Источник» ЖШС-ның директоры Болатбек Байжановтың айтуынша, алдағы уақытта төсек-орын жабдықтары түгел осы жерде шығарылады. Ол үшін тігін цехын ашу жоспарда бар.
Кәсіпорында 90 адам еңбек етеді. Қызмет аясын кеңейткен кезде 25 адамды жұмысқа алған. 12 жылдан бері төсек-орын жуып, үтіктеп, дайындап келе жатқан Дәмелі Жекееваның айтуынша, соңғы жылдары жұмыс жеңілдеді. Мұндағы кір жуатын машиналар Германия, Чехия, Ресейден шығарылған. Бір мезетте бір кір жуу машинасына 100 келі төсек жабдығы салынады. Кәсіпорында тәулігіне 5 тонна төсек жабдығы жуылады. 2005 жылдан бері мұнда 17,5 миллион төсек жабдығы тазаланды.
Ақтөбеде «Даму-Өндіріс» мемлекеттік бағдарламасына жүгінген кәсіпорын да бар. Газ блоктарын шығарып, жиһаз жасайтын кәсіпорын мемлекеттік бағдарлама бойынша 12 миллион теңгені 6 пайыздық үстеме ақымен алды. Қаржыға қажетті құрал-жабдық пен көлік сатып алып, өндіріс орнындағы жұмысты жандандырды. Сонымен қатар «УкрТоргСтрой» ЖШС-ы осы бағдарлама бойынша мемлекеттік кепілдікке ие болды. «Біз бұған дейін тек төсегіш құрылыс материалдарын өндірумен айналысып келдік. Кейін құрылыс саласына түбегейлі бет бұрып, газ блоктарды шығаруды қолға алдық. Нәтижесі оңды. Мемлекеттік бағдарлама арқылы өндіріс орнындағы жұмыс еселеніп, тауар сатыла бастады. Жеке тұлғалар тапсырыс беріп жатыр. Алдағы уақытта ірі кәсіпорындардан тапсырыс алуды жоспарлап отырмыз» дейді кәсіпорын директоры Қадыр Байтөбетов. Қазіргі күні күніне 18-20 текше газблок шығарылады. Алғашқы кезде өндірісте тек 6 адам жұмыс істеп жүр. «Бәсекелестіктен қорқып, бос отыруға болмайды. Кез келген тауардың өз тұтынушысы бар. Сөйтіп, кәсіпорын да нарықта өз орнын табатынына сенімдіміз» дейді Қ.Байтөбетов.
Негізінен, «Даму-Өндіріс» – өңдеуші өнеркәсіп саласындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бағдарламасы. Бағдарлама арқылы тамақ, тоқыма, сусындар өндіру, киім тігу, жиһаз жасау, химия өнеркәсібі, негізгі фармацевтикалық өнімдер мен препараттар өндіру және тағы да басқа саланы дамытуға болады. Қаржыны «Бәйтерек Декеломент» АҚ-ы екінші деңгейлі банктерге салды. Сол арқылы бизнесті қаржыландыру, қайта қаржыландыруға мүмкіндік берілген.
Пікір қалдыру