ШҚО-да агроөнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді

/image/2022/06/15/crop-22_11_620x1101_f550fba26529907114f401d0ec23f5eb_original.381453.jpg

Биыл көктемнің ерте келуіне байланысты, диқандар егіс науқанын әдеттегіден ерте бастап, барлық дала жұмыстарын ойдағыдай аяқтады. Себілген тұқымның барлығы стандартқа сай сапалы болып, қазіргі уақытта егіс алқаптарында тыңайту жұмыстары жалғасып жатыр

Қазіргі уақытта өңірдің барлық аудан, қалаларындағы 1393 мың гектар егіс алқаптарында көктемгі себу жұмыстары толықтай аяқталған. Оның басым бөлігіне, яғни 1233 мың гектарына жаздық дақылдар егілсе, 25,7 мың гектарына күздік дақылдар отырғызылды.

Бұдан бөлек, 137,5 мың гектар аумаққа көпжылдық шөп дақылдары отырғызылып, мал азығы егілетін алаңдар көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 14,6 мың гектарға артты.

Сонымен қатар, биыл жаздық астық дақылдары жалпы егіс алаңының 43 пайызына егілсе, көлемі бойынша екінші орынды 35 пайыздық көрсеткішпен майлы дақылдар алады. Ал, қалған бөлігіне мал азықтық дақылдар, картоп пен көкөністер және бақша дақылдары отырғызылды.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін тоннасы 212 мың теңге тұратын 33 мың тонна дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар, топырақ қабатының құнарлылығын арттыру мақсатында өңірдегі шаруашылық құрылымдары жалпы аумағы 300 мың гектар егіс алқабына 33 мың тонна түрлі минералды тыңайтқыштар сатып алып, шашты.

Жалпы, себілетін дақыл тұқымы барлық көрсеткіштер бойынша тексеруден өтті. Көктемгі егіс науқанына 34 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникалары мен құрылғылары әзірленіп, жұмылдырылды. Бүгінде егіс алқаптарын химиялық өңдеу жұмыстары басталып кеткен. Биыл 708,2 мың гектар алқапта гербицидті өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланса, 21 мың гектар алқапта түрлі аурулар мен зиянкестерге қарсы өңдеу шаралары ұйымдастырылмақ.

Аграрлық несие корпорациясы арқылы облыстағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 3,9 млрд. теңге бөлінсе, оның 2,9 млрд. тенгеден астамы «Кең дала», ал 947 млн. тенгесі «Агробизнес» бағдарламасы бойынша қарастырылды.

Оған қоса, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы соңғы бес ай аралығында өңір шаруаларына жалпы сомасы 4,8 млрд. теңгені құрайтын қаражатқа түрлі техникалар сатып алынды. Соңғы уақытта шаруашылықтардың ауыл шаруашылығы техникаларын лизингке алуы жиілеп, әсіресе Глубокое, Шемонайха, Үржар, Бесқарағай, Бородулиха және Аягөз аудандарында аталмыш көрсеткіш өскен.

Жалпы ширек ғасырға таяу уақыт ішінде шығысқазақстандық шаруаларға 68 миллиард теңгеден астам қаражатқа техникалар табысталған. Егіс науқанын ойдағыдай жүргізуге септігін тигізетін салалардың бірі – субсидиялау. Аталмыш істі біржақты ету мақсатында биыл облыстық бюджеттен 6,2 млрд. теңге мөлшерінде қаражат қарастырылды. Бұл көрсеткіш өткен жылғы мөлшермен салыстырғанда 577 млн. теңгеге артық. Субсидиялау шарасын құрылымдық деңгейде қарайтын болсақ, биыл тұқым шаруашылығын қолдауға 223 млн, минералды тыңайтқыштар құнын арзандатуға 354 млн, пестицидтер құнын арзандатуға 28 млн, суармалы су жеткізу қызметін субсидиялауға 3 млн. теңге артық бөлінді.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу мақсатында жоспарланған жұмыстар қатаң бақылауда болып, уақытылы әрі сапалы деңгейде орындалды.

Нұргүл Алтай

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар