Премьер-министр Әлихан Смайлов сенат депутаттарының әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселе көтерген депутаттық сауалына жауап берді.
Үкімет басшысының жауабында ұсыныс қарастырылатыны туралы нақты жауап жоқ. Тек зейнет жасын көтеруге негіз болған себептер түсіндірілген. Оның сөзінше, әйелдердің зейнет жасын ерлердікімен теңестіру саясаты бюджет қаражатын үнемдеу үшін емес, жоғары зейнетақы мөлшерін қамтамасыз ету үшін енгізілген.
"Қазақстандықтар бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақы алады. Ынтымақты зейнетақы азаматтардың 1998 жылға дейінгі 2 еңбек өтілі мен соңғы 3 жылдық табысы негізінде есептелінеді. Нәтижесінде жыл сайын бұл төлемнің түрі кеміп, жинақтаушы зейнетақы үлесі өсетін болады. Сондықтан зейнет жасын төмендету зейнетақы салымдарының көлемінің кемуіне және осы жүйеден берілетін төлемдердің де күрт қысқаруына алып келеді. Бұл әлемдік практика, яғни өмір сүру ұзақтығының өсуіне байланысты зейнет жасын көтеру үрдісі дамыған мемлекеттерде де, көршілес Әзербайджан, Армения, Ресей, Белорус елдерінде де қолға алынуда" дейді премьер-министр.
Қазақстанда 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы жыл сайын 6 айға жоғарылап келеді. 2028 жылы әйелдердің зейнет жасы ерлердікімен теңесіп, әйелдер зейнетке 63 жаста шығатын болады. Қазіргі уақытта әйелдер үшін зейнет жасы 60-61 жас аралығында.
Бұған дейін Үкімет азаматтардың кей категорияларының зейнет жасын төмендетуді қарастыратыны, мәселе жыл соңына дейін белгілі болатыны хабарланған.
Қазақстанда әйелдер үшін зейнет жасын түсіру немесе бұрынғыдай 58 жасқа қайта әкелу жиі көтеріледі. Елде президенттен әйелдердің зейнет жасын 58-ге дейін, қарауында ерекше балалары бар аналардың зейнет жасын 55-ке дейін төмендетуді сұраған онлайн петиция жүріп жатыр. Оған қазіргі уақытта 800 мыңнан астам қол жиналған.
Пікір қалдыру