Ресей Еуропаға газ жеткізуді тарихи минимумға дейін қысқартады. Дүйсенбіге қараған түні Газпром профилактикалық жұмыстар үшін деп Балтық теңізінің түбімен Германияға баратын негізгі бағыты – Солтүстік ағын құбырын 10 күнге жабатынын мәлім етті. Бірақ Еуропа Ресей газ жеткізуді біржола өшіре ме деп үрейленеді, деп жазады ВВС-дің орыс қызметі.
Германия ыстық судың деңгейін реттеуді, шамдарды өшіруді бастап кетті. Ал Еуропа жекелеген елдер деңгейінде емес, бірнесіп төтенше жағдай жариялауға дайындалып жатыр. Төтенше жағдай жоспары осы аптада ұсынылмақ.
Еурокомиссар Кадри Симсон жағдай өте күрделі екенін, дағдарыс өрши түсуі мүмкін екенін айтады.
"Ресей газ жеткізуді тоқтатуды жалғастыра беруі де ғажап емес" дейді ол.
Газпром үш жыл бұрын Еуропаға күніне 500 миллион текше метрге дейін газ жеткізетін. Осы жылдың мамыр айындатәулігіне 250 млн ғана жеткізді. Шілде басында оны 140 млн текше метрге дейін азайтты. Профилактика кезінде қуаты аз "Түрік ағыны" экспортынан да азайып, 100 млн текшеге төмендеп кетті. Жақын 10 күнде Еуропаға 75 млн текше метр ғана көгілдір отыр жеткізілмек.
Өткен аптада Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Еуропарламентті газ жеткізудегі үзілістерге және газдың толықтай тоқтауына дайын болу керектігін ескерткен.
"Төтенше шаралардың жалпы жоспарынсыз ЕО-ның 27 елі 450 миллион азаматтын және әлемдегі екінші экономиканы ауқымды дағдарыстан қорғай алмайды. Жалғыз әрекет ету уақыты өтті. Сондықтан Еуропалық Комиссия осы аптаның соңында энергетикалық дағдарысқа қарсы төтенше жоспарды жариялайды" дейді фон дер Ляйен.
Жоспардың егжей-тегжейлері әлі белгісіз, бірақ екі негізгі идея қазірдің өзінде айқын. Біріншіден, дағдарыс жағдайында бәрі тең болуы үшін қолда бар қорлар мен ағымдағы жеткізілімдерді бөлу, бай елдер кедей елдерге көмектеседі, газы бар елдер жағдай мүлдем қиын болып жатса, құр-қол отырмауы керек. Екіншіден, сұранысты ынтымақтасып қысқарту. Егер газ бәріне жетпесе, алдымен нені үнемдеу керектігі шешіледі.
Еуроодақ Ресей газына аса тәуелді. Ресей Украинаға басып кіргелі, газ жеткізуді Еуропа елдеріне қыр көрсетудің негізгі әдісі ретінде пайдаланып келеді. Сәуірде Ресей президенті Владимир Путин "шетелдік сатып алушылар Ресей газын рубльмен сатып алуы керек болмаса жеткізу тоқтатылады" деген талап қойған. Ол сол арқылы рубльді нығайтуды көздеген. Кремльдің энергетикалық саясатының салдарынан былтырдан бері Еуропада газ бағасы 8 есе қымбаттаған.
Пікір қалдыру