Кеше Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) 2015-2016 жылдарға арналған Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы жыл сайынғы есепті жариялады. Бұл туралы Қамшы порталы Азаттыққа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жеті жыл қатарынан рейтинг бойынша бірінші орынды Швейцария ұстап отыр. Әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті үш ел: Швейцария, Сингапур және АҚШ.
Әлемнің үздік бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына ЭЫДҰ мүшелері болып табылатын дамыған мемлекеттер кірген. Өңірлік мәнде осы тізімде Батыс Еуропа елдері басым.
Айта кету керек, үздік отызға Азиядан енген елдер – Гонконг (7), Катар (14), Тайвань (15), БАӘ (17), Малайзия (18), Сауд Аравиясы (25),Оңтүстік Корея (26) және Қытай (28).
Осы есеп қорытындылары бойынша Қазақстан өткен жылғы рейтинг қорытындыларымен салыстырғанда, 8-орынға көтеріліп, 140 елдің арасындағы рейтингте 42-орынды алды. Бұл – бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтингісіне қатысудың бүкіл тарихындағы Қазақстанның ең үздік нәтижесі. Төмендегі кестеден байқап көруге болады, еліміз 2005 жылы бәсекеге қабілетті елдер арасында 51-орында болып, 2009 – 2011 жылдары 72-орынға дейін төмендеген. 2011 жылдан бері қайта жоғарылай бастаған. Тіпті бұрнағы жыл мен былтырғы 50-орыннан биыл 8-орынға алға қарай бір-ақ секірген. Бұл – қуанарлық жағдай.
Қазақстанның жалпы орта ұпайы– 4,49 (2014 жылы 4,42). Бұл елімізге Польша (4,49) мен Италия (4,46) арасындағы рейтингтегі орынды қамтамасыз етті. ТМД елдерінің арасында Әзірбайжаннан кейінгі (40-орын) екінші нәтижеге ие болып отырмыз. Ресей – 45-орын, Грузия – 66, Украина – 79, Тәжікстан – 80, Армения – 82, Молдова – 84, Қырғыз Республикасы – 102-орын. Айта кету керек, Беларусь, Өзбекстан және Түрікменстан рейтингке қатыспайды.
ТМД-ға мүше елдерінің арасында Тәжікстан (80; +11), Қазақстан (42; +8), Қырғыз Республикасы (102; +6), Грузия (66; +3) және Армения (82; +3) позицияларының жақсарғаны байқалады. Украина (79; -3), Молдова (84; -2) және Әзірбайжан (40; -2) өз орындарын жоғалтты.
Қазақстанның инновациялық даму факторы бойынша (78; +11) позицияларының айтарлықтай жақсаруы байқалады. Инновациялар (72; +13) және Бизнестің бәсекеге қабілеттігі (79; +12) факторлары бойынша ілгерілеуге қол жеткізілді. Бұдан басқа, Қазақстан Институттар (50; +7) факторы бойынша және Қаржы нарығының дамуы (91; +7) факторы бойынша өз рейтингін жақсартты. Өткен жылмен салыстырғанда, Еңбек нарығының тиімділігі (18; -3) факторы бойынша республиканың жайғасымы 3 тармаққа төмендегенін атап өту керек.
ДЭФ елдің бәсекелік артықшылықтарын жалпы рейтингте елдің орнынан жоғары орналасатын факторлар арқылы айқындайды. Қазақстан рейтингте 42-орында орналасқан және оның бәсекелік артықшылықтары 42-орыннан жоғары орналасқан факторлар. Қазақстан 22 индикатор бойынша бәсекелі басымдықтарға ие болады.
114 индикаторы ішінде 73 индикатор бойынша жақсару, 30 индикатор бойынша төмендеу байқалады, 11 индикатор бойынша өзгерістер жоқ.
25 индикатор бойынша рейтинг 10 және одан артық жайғасымға жақсарды.
Ең елеулі оң өзгерістер өнімін жаһандық үлестіруде жергілікті компанияларды бақылау (60; +31) индикаторы бойынша байқалады. Кеден баждары (73; +28), Монополияға қарсы саясаттың тиімділігі (68; +26), Кеден рәсімдерінің шығыстары (55; +22) және Ішкі нарықта өнім жеткізуші сапасы (88; +20) көрсеткіштері бойынша 20 жайғасымнан артық жақсаруға қол жеткізілді.
Теріс динамикасы бар 30 индикатордың ішінен 4 индикатор бойынша 10 және одан артық жайғасымға төмендеу байқалды. Бизнесте персоналды оқыту практикасының таралуы (76; -14) индикаторы бойынша елеулі төмендеу байқалады. Сонымен бірге Қазақстан Ауыл шаруашылығы саясатының шығыстары (70; -13) және Венчурлық капиталдың қолжетімділігі (59; -12), Жылжымалы кең жолақты байланыс абоненттері (100 адамға) (44; -10) көрсеткіштері бойынша жайғасымдарын айтарлықтай жоғалтып алды.
Елімізде бизнесті жүргізу үшін күрделі тосқауыл сыбайлас жемқорлық болып тұр. Өткен жылы респонденттердің 16,7%-ы сыбайлас жемқорлықты бизнесті жүргізуге негізгі кедергі ретінде атап өтті. Осы жылы олардың үлесі – 13,9%.
Сонымен қатар Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін анағұрлым проблемалық факторы ретінде респонденттердің 13,9%-ы қаржыландыруға қол жеткізуді атап өтті.
Бизнесті жүргізу үшін басқа маңызды кедергілердің қатарында инфляция (13,3%) және салық мөлшерлемелері (10%) бар.
Қалай дегенде де еліміздің жаһандық деңгейде алға жылжығаны қуантады. Бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан ойып тұрып орын алу – кез келген мемлекеттің үлкен арманы. Біздің де меже белгілі. Қазіргі қарқынымызға қарағанда көздеген мақсатқа қол жетуге деген талпыныстың зор екенін аңғарасың.
Пікір қалдыру