Қазақстан депутаттары заңдарды 96%-100% пайыз мақұлдаумен қабылдайды, деп жазады Energyprom.kz сайты.
Портал мәліметінше, бір жарым жыл жұмыс істеген жетінші шақырылым үкімет пен президент жіберген бірде-бір заңнамалық идеяны жоққа шығармаған. Өздері де енжар түрде заңға бастамашылық жасайды. Депутаттар заң жобаларының 23%-ын ғана өздері көтерген.
"Басқарудың диктаторлық стилі мен мемлекеттік думада президенттік "Единая Россия" партиясы басым болған Ресейдің өзі бұлай "бірауыздан" қолдамайды" деп жазады басылым.
Energyprom.kz президент соңғы жылдары көппартиялық жүйенің қажеттілігі мен парламентте оппозицияның болуы туралы бірнеше рет айтқанына қарамастан, шындығында, Қазақстан парламентінде оппозиция жоқ немесе оның дауысы дауыс беру нәтижесіне ешқандай әсер етпейді деп жазады.
Қазақстанда заң шығару бастамасы президентке, үкіметке және парламент депутаттарына тиесілі. Жетінші шақырылымның жұмысы басталғалы барлығы 147 заң жобасы қозғалған. Заң жобаларының негізгі бөлігі (76%) үкіметтен түскен.
"Заң жобаларының мақұлдану деңгейіне қарайтын болсақ, олардың көпшілігіне қатысты қазақстандық депутаттардың нық ұстанымы жоқ сияқты немесе олардың берік ұстанымы әріптестерімен, үкіметпен немесе президентпен келісіп жатқан сияқты. 96% мақұлдау парламенттің дауыс беру нәтижесіне әсер ету мүмкіндігінің өте төмен екенін көрсетеді. Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстанда депутаттар мен үкімет арасында текетірес жоқ, БАҚ көбіне біріншісін "мойынсұнғыш" деп атайды" делінген портал ақпаратында.
Пікір қалдыру